Шымкентте қала күніне орай Нұрсәт-2 шағынауданының балалары арасында «Аула чемпиондары» сайысы өтті, деп хабарлайды saraptimes.kz. Жарысқа 100-ден астам жасөспірім қатысып, асық, баскетбол, турникке тартылу, пенальти және ләңгі тебу сынды ойын түрлерінен бақ сынады. Шымкент қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасы мен Қаратау ауданы әкімдігінің бастамасымен өткен жарыс бұқаралық спорт түрлерін дамыту мақсатында ұйымдастырылған. Жиынға каратэден Токио олимпиадасының қола медаль иегері Д. Асадилов, Қаратау ауданының әкімі Р. Мүлкеманов, аталмыш басқарма басшысының орынбасары Е. Дәрменов қатысып, кәсіби бапкерлер балалардың сайысына төрелік етті. Балалар Олимпиада жүлдегерінің құттықтау сөзінен серпін алып, чемпионат орындарында белсенділік танытты. Сайыс соңында Қаратау ауданының әкімі Р. Мүлкеманов бүлдіршідерді жеңісімен құттықтап, жеңімпаздарды арнайы диплом, медаль және бағалы сыйлықтармен марапаттады. Сондай-ақ, «Барлық бала чемпион» қағидасына сай белсенділік танытқан барлық балаға кәсіпкерлердің демеушілігімен сыйлықтар мен балмұздақ үлестірілді. Шымкент қаласында әр аптаның жексенбі күндері төрт аудан аумағында орналасқан спорт алаңшаларда «Аула чемпионаты» ұйымдастырылуда. Бұл жарысқа 5-17 жас аралығындағы балалар спорттың 6 түрінен (асық ату, ләңгі тебу, баскетбол, футбол, қыздар арасында скакалкамен секіру, гимнастикалық шеңбер айналдыру) сынға түсуде. «Аула чемпионатында» жеңімпаз болған балаларға диплом, медаль және кубоктар табысталып, қатысқан барлық балаларға арнайы сыйлықтар берілуде. Бүгінгі күнге дейін Абай, Әл-Фараби, Еңбекші, Қаратау аудандарында орналасқан 44 спорт алаңшада «Аула чемпионаттары» өткізілді. Осы өткізілген спорттық іс-шараларға 3 мыңға жуық балалар қатысып, 200-ге жуық спорт саласының мамандары жұмылдырылды. «Аула чемпионатын» жыл соңына дейін 104 спорт алаңшада (әр ауданда орналасқан 26 алаңшада) өткізу жоспарлануда. Аталған іс-шараға 6 мыңннан астам балалар қатысады деп күтілуде. Айта кетейік, Шымкент қаласында маусым-желтоқсан айларында 50 спорттық іс-шара өтеді. Оған 10 мыңнан астам шымкенттік спортшы қатысады деп жоспарлануда.