Шымкент қаласындағы дүкеннің бірі тұтынушыға массаж саптамасын арбап сатқан. Нақтырағы, қытайдың тауарын жапонның дүниесі деп жарнамалаған. Манипуляцияға түскен Түркістан облысы Сайрам ауданының тұрғыны қалтасынан қағылып, 200 мың теңгенің затын 548 000 теңгеге сатып алған. Келіншек Шымкент қаласы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне (бұдан әрі Департамент) арыз түсірген.
«…Массаж саптамасын жарнама жасағаннан соң, сыйлықтар ойнатылды. Менің ұтқанымды хабарлады. Көрпе, екі жастық, қол массажері, сағат және өзге де бұйымдар. Осылардың құны несиеге 500 мың теңге болды. Менде қолма-қол ақша болмаған соң, Halyk банкімен рәсімдеді. Қалған ақша 48 мың теңге көлемінде компания өзі ұсынып, 12 айға бөліп төлеуді қарастырды. Компания өкілдері массаж саптамасын жапондық өндіріс деп жарнамалады, бірақ үйге барып қарағанда қытай тауары болып шықты. Компания мамандары алаяқтықпен жамылғыны сатты. Бұл зат интернет желісінде бар-жоғы 200 мың теңге тұрады екен… Келісім-шартқа қалай қол қойғанымды байқамай қалдым. Жоғары аталғандарға сәйкес менің заңды құқығымды қорғап, әкімшілік шара көрулеріңізді, келісім-шартты бұзып кеткен шығынды қайтаруын сұраймын» делінген өтініш мәтінінде.
ҚР Тұтынушылардың құқығын қорғау Заңының 28-29 баптарының талаптарында көрсетілгендей, сатушы тиісті сападағы тауарды тұтынушыға ыңғайлы уақытта еркін таңдауды қамтамасыз етуге міндетті. Тұтынушыны тауарды өзіне қажетсіз мөлшерде ассортименттер сатып алуға мәжбүрлеуге тыйым салынады. Сонымен қатар, егер шартта тауардың сапасына қойылатын міндетті талаптар көзделсе, сатушы тұтынушыға осы талаптарға сай келетін тауарды беруге міндетті. Сатушы тұтынушыға бұл жағдайда мәжбүрлі түрде несие алдыртып, қалған соманы 1 жыл ішінде бөліп төлеу бойынша шарт жасасу, шығу тегі туралы жалған ақпарат беру, сатушыға тауарды арбап өткізу құқықбұзушылық боп саналатыны кәсіпкерге түсіндірілді. Нәтижесінде, сатушы тұтынушы талаптарымен толық келісіп, жалпы саны 548 мың теңге ақша қаражатын қайтарып берді. Осылайша, тұтынушының бұзылған құқықтары Департамент тарапынан қалпына келтірілген.