Жаңашылдық білім беру саласының алдында тұрған жаңа міндеттерді сәтті орындаудың негізгі шарттарының бірі болып саналады. Оқушылардың озық білім алуы – басты назарда. Осы мақсатта Түркістан облысы әкімі Дархан Амангелдіұлының бастамасымен Түркістанда білім саласына бағытталған «Инновациялық жобалар» жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Еркін форматта жүргізілген шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев қатысып, жоба жасаушылардың жаңа жұмыстарымен танысты.
Балалардың мультимедиялық форматта білімін жетілдіретін заман талабына сай жаңашылдықтар менеджменттік қабілетті арттырып, мұғалімдердің кәсіби біліктілігіне серпін бермек. Осы арқылы балалардың да сабаққа деген зейіні артады.
– Жәрмеңке 5 бағытта жүргізілді. Бұл бастама мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының жұмысын жетілдіріп, мемлекеттік қызмет көрсетуді цифрландыруды көздейді. Оқу-әдістемелік үдерісті оңтайландырып, жаңа әдісті интеграциялау арқылы балаларды қауіпсіз, қызықты тәсілдермен білімге құштар ету қажет. Нәтижесінде Түркістан облысының білім сапасы одан ары көтеріле түседі деген сенім мол, – дейді Бейсенбай Тәжібаев.
Өңірдегі білім беру ұйымдарында «Е- асхана», «Е-Кітапхана», «BilimLand» , «Face ID» сынды автоматтандырылған жүйелер пилоттық тұрғыда тексеруден өтіп, оңтайлы нәтижесін берді. Жәрмеңкеге «Алақан» жобасы, «Tolem», «MATATALAB» роботы, «IoT board», «Codrone» робототехникалық құралдары көрсетіліп, түрлі басылымдар мен логикалық «Intellectum» вертуалды ойындары сынды жаңа технологиялар ұсынылды. Бүгінгі жиында көрсетілген тың идеялар басқарма, білім бөлімдері, әдіскерлер мен мектеп директорларымен бірге талқыланады.
Түркістан облысында 520 мыңға жуық оқушы білім алады. Мектепке дейінгі тәрбие және оқытумен қамту үшін 5200-дей жаңа орын ашу жоспарланып отыр. Жаңа оқу жылында жобамен 52 мыңнан астам бала 1-сыныпқа қабылданады. 912 мемлекеттік мектептегі бастауыш сыныбындағы 224 мыңнан астам бала тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі. Өткен жылы облыс ұстаздары шетелдерде және еліміздің жетекші жоғары оқу орындарында мұғалімдер біліктілігін көтерді. ҚР Оқу-ағарту министрлігінің мектептердің инфрақұрылымын жақсарту, педагог білімін көтеру жөніндегі тапсырмалары орындалуда. Өңірде білім саласына жаңа тәсілдерді енгізу, пән кабинеттерін қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету бағытында жұмыстар жалғасады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі