Қазіргі таңда Аэроғарыш комитеті, “Қазақстан Ғарыш Сапары” ұлттық компаниясы және Ішкі істер министрлігі тізе қоса отырып, “Қарасора” операциясы аясында ғарыштық мониторинг көмегімен есірткі планантацияларын анықтау бойынша жұмыстар жүргізеді.
“Құрамында есірткісі бар өсімдіктердің ареалдарын анықтаудың тиімді әдістерінің бірі – жерді қашықтықтан зондтау. Оны қолданудың үздік тәжірибесін “Қазақстан Ғарыш Сапарының” мамандары зерделеп, кезең-кезеңімен енгізуде. 2022 жылы ғарыштық мониторинг нәтижесінде 686 000 шаршы шақырым аумақ қамтылып, онда каннабис егілген учаскелер анықталды. Учаскелер Түркістан, Қарағанды, Ақтөбе, Жамбыл және Қызылорда облыстарында орналасқан”, – деп хабарлаған болатын бұған дейін Аэроғарыш комитетінің төрағасы Б.Оралмағамбетов.
Мысалы, бір ғана Қызылорда облысының аумағында есірткі егілген 77 алқап анықталған. Бұл мәселе ел Үкіметінің ерекше бақылауында.
Ендеше ғарыш саласының әскери және азаматтық салаларға ұсынатын мүмкіндіктері жетіп артылады.
Жасыратыны жоқ, Қазақстанда ғарыш саласы мемлекеттің қолында. Биылдан бастап, жағдай өзгеруі мүмкін. Үкімет салаға жеке бизнесті, инвесторларды тартуға ниетті. Бұл үшін Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі қолданыстағы заңамаға өзгеріс енгізетін жаңа заң жобасын әзірледі. Құжат бұл саладағы ұлттық операторды Үкіметтің анықтауы тәжірибесін жояды.
Антимонополиялық агенттік мамандарының түсіндіруінше, қолданыстағы “Ғарыш қызметі туралы” заңның 19-1-бабының 1-тармағына сәйкес, ғарыштық байланыс жүйесінің ұлттық операторын Үкімет айқындайды, оған ғарыштық байланыс жүйесін құру, пайдалану және дамыту міндеттері жүктеледі. Жаңа заң жобасында осы 19-1-бапты жою ұсынылған.
Үкіметтің 2016 жылғы 13 желтоқсандағы №795 қаулысымен “Республикалық ғарыштық байланыс орталығы” АҚ-ы – ғарыштық байланыс жүйесінің ұлттық операторы болып бекітілді.
Антимонополистердің айтуынша, бұл мәртебе компанияның өзіне нұқсан келтіреді және ол оны шектейді. Өйткені Кәсіпкерлік кодекстің 193-бабының 1-тармағына сәйкес, нарық субъектісіне бәсекелестік нарықта қандай да бір тауарды өндіруге, өткізуге және сатып алуға айрықша немесе басым құқық беру – “арнайы құқық” болып табылады. Өз кезегінде монополияға қарсы агенттік Арнайы құқық субъектілерінің тізілім-реестрінің жобасын құрды. Оған әрине, “Республикалық ғарыштық байланыс орталығы” АҚ-ы да қосылды.
Кәсіпкерлік кодексінің 193-бабының 6-тармағына сай, осы тізілімге енгізілген операторларға қызметтің өзге түрлерімен айналысуға қатаң тыйым салынады.