Сайрам ауданында «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында Ақсукент және Манкент ауылдарында білім, мәдениет және денсаулық сақтау нысандары күрделі жөндеуден өтуде. Сондай-ақ, аталған екі ауылдық округтегі 10 жолға орташа жөндеу жұмыстары жүретін болады.
Мәселен, Ақсукент ауылының орталығындағы Қ.Жандарбеков атындағы 430 орындық Мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ғимарат 1905 жылы салынған. 2010 жылы ағымдағы жөндеуден өткен, ал 2011 жылы мәдениет үйінің жанынан 2 қабатты ғимарат салынған. Ағымдағы жылдың маусым айының 1-не басталған құрылыс жұмыстары биыл тамыз айының соңында аяқталатын болады.
«Жұмыспен қамтудың жол картасы» жобасы аясында Сайрам ауданында 3 мектеп пен 3 спорт нысаны ағымдағы жөндеуден, 21 көше орташа жөндеуден, ал 7 көше жарықтандырылып, 3 елді мекендегі ауыз су құбырлары орташа жөндеуден өтеді. Бүгінгі таңда ауданда 37 жоба бойынша жұмыстар басталып, 236 жаңа жұмыс орындары ашылды. Аталған жұмыс орындарына жұмыспен қамту орталығы арқылы 159 азамат жолданып, жұмыспен қамтылған.
Сондай-ақ, бүгінде аудандағы Қарабұлақ ауылының орталық Рүстемов көшесіне абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, көлік кептелісін азайту мақсатында автотұрақ орны қарастылып жатыр.
Айта кетерлігі, Сайрамдық «Sairam thermal resort» санаторийі пандемия кезінде дертке шалдығып, қайта сауыққан науқастардың организмін қайта қалпына келтіру үшін арнайы емдік-сауықтыру бағдарламасын әзірлеген. Бүгінде аудандық әкімдік пен кәсіподақ ұйымдарымен келісім-шартқа отырған. Санаторийдің негізгі бальнеологиялық факторы – термиялық минералды су, оның құрамында темір, күкірт, натрий, хлор, йод, бром және басқа да пайдалы компоненттер бар. Қабынуға және аллергияға қарсы әсері бар, гемодинамика, зат алмасу, эндокриндік жүйенің, қанның клиникалық және биохимиялық көрсеткіштерін жақсартады. Коронавирус пен пандемияға шалдығып, қайта жазылған науқастарға мынандай ем-дом жүргізіледі: магнитотерапия; дәрілік электрофорез; ингаляция; тыныс алу гимнастикасы; діріл массажы; құрғақ көмір ванналары; тұзды шахталар.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі