ҚР Президентiнiң тапсырмасымен мұқтаж жандарға шiлде айына 42 500 теңге тағы да төленетiн болды. 17 шiлдеден бастап жәрдемақыға өтiнiм қабылдау басталды. Осы орайда жәрдемақы алу жолдары туралы толық мәлiметтi назарларыңызға ұсынамыз.
42 500 теңге кiмге берiлуi керек?
Бiрiншiден, бұл жәрдемақы карантин шектеулерiне қатысты ақысыз демалысқа жiберiлген жалдамалы жұмыскерлерге берiледi. Бұл жерде өтiнiштi тек жұмыс берушi жiбередi. Жұмыс берушiлерге қойылатын бiр ғана шарт – олардың жұмысы карантинде тоқтап қалса ғана берiледi. Оны жергiлiктi аудан, қала бойынша штаттар, «Атамекен» ҰКП өңiрлiк өкiлдерi тексередi. Себебi, қазiргi шектеу шаралары жеңiлдеу болғанымен, әр өңiрде бас санитарлық дәрiгерлер өз шектеулерiн қойып жатыр.
Екiншiден, карантинде жұмысы тоқтап қалған жеке кәсiпкерлер, жеке практикамен айналысатындарға 42 500 теңге төленедi. Оны да аудан, қаладағы штаб пен салық комитетiнiң өкiлдерi белгiлейтiн болады.
Үшiншiден, азаматтық-құқықтық сипаттағы келiсiм бойынша жұмыс iстеп жүрген фрилансерлер өтiнiштi өздерi бередi. Бұл өтiнiштер штаб арқылы өтпейдi, тiкелей жiберiледi. Бұл кiсiлерге бiр шарт – осы 2020 жылы 6 айдың iшiнде бiр рет болса да зейнетақы жарнасының аударылуы. Бұл қатарға кәсiпкерлiкпен ай сайын тұрақты түрде бiрыңғай жиынтық төлем (БЖТ) төлеп жүрген кәсiпкерлер де кiредi. Соңғы санат – өз бетiнше жұмыс iстеп жүргендерге 42500 теңгенi алуға болады. Бұл жолғы өзгерiс – өткендегiдей БЖТ төлеудiң қажетi жоқ, төтенше жағдай кезiндегi төлем ескерiледi.
Қай санатқа жәрдемақы төленбейдi?
Мемлекеттiң бюджетiнен зейнетақы, жәрдемақы, атаулы әлеуметтiк көмек немесе сақтандыру қорынан тиiстi төлем алып жүргендер 42 500 теңге алмайды. Олар бейресми жұмыс iстеп жүргендер қатарына жатпайды. Егер де олар ресми жұмыс iстеп жүрсе, олар үшiн жұмыс берушi өтiнiш бере алады. Ресми жеке кәсiпкерлiгi болса, жеке кәсiпкер ретiнде де өтiнiш беруге мүмкiндiгi бар.
«Сонымен бiрге, төтенше жағдай кезiнде бiрыңғай жиынтық төлем төлеп, миллиондаған адам өзiнiң бейресми жұмыс iстегенiн растады. Бiз олармен хабарласып, 70 мыңға жуығын жұмыспен қамту шараларына тартқан болатынбыз. Егер ол азаматтар қазiр жұмыс iстеп жатса, әрине, олар бұл жолы 42 500 теңгенi ала алмайды», – деп түсiндiрдi Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрi Бiржан Нұрымбетов.
Жақын күндерi жұмыстан шығып кеткендер де 42500 теңгеге өтiнiм бере алмайды. Олар Жұмыспен қамту орталығына хабарласуы керек. Бұл орталық тұрғындарға ашық вакансияларды немесе басқа жұмыспен қамту шараларын ұсынады.
Егер еш жұмыс лайық келмесе, үш күнде жұмыссыз ретiнде тiркеледi және автоматты түрде Мемлекеттiк сақтандыру қорынан жұмыссыздыққа қатысты басқа төлем бекiтедi. Бұл жұмыссыздық төлемақысы 6 ай бойы берiледi.
Студенттер мен декреттегi әйелдер қандай жағдайда жәрдемақы алады?
Арнайы 42 500 теңге төлеу үшiн «Студент», «Декреттегi әйел» деген санаттар қарастырылмаған. Яғни, студентке студент болғаны үшiн жәрдемақы төленбейдi. Бiрақ, егер де студент жалданып жұмыс iстесе, карантин кесiрiнен ақысыз демалысқа жiберiлсе, ол үшiн жұмыс берушiсi өтiнiш бере алады.
Ал, егер студент жеке кәсiпкер болып, ай сайын БЖТ төлеп жүрген кәсiпкер болса, ол жағдайда да 42 500 теңге алады. Ал, ендi осы күнге дейiн бейресми жұмыс iстедiм деп бiр рет БЖТ төлеген студенттер 42 500 теңге ала алмайды. Ал, декретте жүрген әйелдерге ереже өзгерiссiз қалады. Бала бiр жасқа толғанша декреттегi әйел мемлекеттен немесе сақтандыру қорынан жәрдемақы алып жүредi. Сондықтан, оларға 42 500 теңге берiлмейдi. Ал, ендi бала бiр жастан асқан болса, жұмысқа шығып, карантинге байланысты ақысыз демалысқа жiберсе, әрине, жәрдемақы ала алады. Егер оның жеке кәсiпкерлiгi болып, тұрақты түрде БЖТ төлеп, жұмысы тоқтап қалса да 42 500 теңге ала алады. Өткендегi ТЖ кезiнде бiр рет БЖТ төлеп, бейресми жұмыс iстегенiн растаған әйелдер де 42 500 теңге ала алады.
Арнайы СМС алғандар өтiнiшсiз-ақ жәрдемақы ала ма?
Министрлiк 42 500 теңге жәрдемақыны проактивтi түрде тағайындау жолдарын да қарастырып жатыр.
«Наурыз-сәуiр айларында 42 500 теңгенi сәттi алған тұрғындарды сараптай келiп, жағдайы өзгермедi-ау деп болжаған кiсiлерге сұрау жiберiп жатырмыз. Сiз өткенде 42 500 теңге алдыңыз, бұл жолы да табысыңыздан айырылдыңыз ба деген СМС жiбердiк. Иә, деген жауап келсе, сол тұрғынға еш өтiнiшсiз төлем тағайындау шарасын жасаймыз. Сондықтан, бүгiн СМС алған кiсiлер табыстан айырылғаныңызды растаған болсаңыз, порталдарға өтiнiш берудiң қажетi жоқ. Жай ғана өз мәртебеңiздi тексерсеңiз, «Сiз үшiн өтiнiш қабылданды» деп жазылып тұрады» дейдi Б.Нұрымбетов.
Өтiнiштi қалай беруге болады?
Жалдамалы жұмысшылар үшiн өтiнiш беретiн жұмыс берушiлер ақысыз демалысқа жiберiлген қызметкерлерi үшiн ғана өтiнiш бере алады. Қашықтан, толық емес режимде iстейтiн, жалақысын толық алып жүрген қызметкерлердi қосуға болмайды. Оны аудандық штабтар тексередi. Өтiнiштi екi порталда: egov.kz «электронды үкiметтiң» веб-порталы және 42500.enbek.kz порталында тiркеуге болады. Онда кәсiпорынның БИН-i мен әр жұмысшының ЖСН-ын көрсеткенде барлық мәлiмет шығуы тиiс. Порталға кiргенде 20 қызметкердiң өтiнiшiн топтастырып жiберуге болады. Ал, жұмысшылардың өздерi жiберген өтiнiш қабылданбайды. Олар 42500.enbek.kz порталында өз мәртебесiн, өтiнiштiң берiлгенi мен қандай сатыда қаралып жатқанын бақылай алады.
Жеке практикамен айналысып жүрген азаматтар өтiнiштi өздерi бередi. Олар екi порталға қосымша «Электронды үкiметтiң» telegram-bot-тарын да пайдалана алады. Басқа азаматтар – жеке тұлғалар осы порталдар арқылы және телеграм-бот арқылы өтiнiм бере алады. Оларға қойылатын бiр ғана шарт – жұмыстарының шын мәнiнде тоқтап тұрғаны. Оны аудандық штабтар мен салық комитетi тексередi.
Өтiнiштер қай күндерi қабылданады?
17 шiлдеден бастап, egov.kz – «электронды үкiметтiң» веб-порталы, 42500.enbek.kz порталы және Телеграм-боттар 42500 теңге жәрдемақыға өтiнiш қабылдауды бастайды. Бұл өтiнiштер 1 қыркүйекке дейiн қабылданады.
«Бұл жолы осы күнге дейiн үлгеру керек деген еш шектеу қоймаймыз. Бұл төлем шiлде айына арналады. Бiрақ порталдар 1 қыркүйекке дейiн өтiнiш қабылдай бередi», – дедi Б.Нұрымбетов.
Жалған мәлiмет бергендер жазалана ма?
Еңбек министрi Бiржан Нұрымбетов 42 500 теңге әлеуметтiк төлем алуға құқығы жоқтардың өтiнiм бермеуiн өтiндi.
«Осы уақытқа дейiн жұмыс iстеп келiп, карантинге байланысты табысынан қағылған жалдамалы жұмысшылар, өзiн-өзi жұмыспен қамтығандар, жеке кәсiпкерлер өтiнiм бере алады. Ал, мұндай санатқа кiрмейтiндер әлеуметтiк төлем алуға тырыспай-ақ қоюларыңызды өтiнемiн. Бұл – жауапкершiлiк. Осы жолы порталдың төменгi жағында әрбiр адам оқып, шектеу шараларына байланысты кiрiсiнен айырылғанын растайтын белгiнi белгiлеуi тиiс болады. Ол ұсынған мәлiметтерi үшiн мойнына жауапкершiлiк алады», – дедi министр.
Министрдiң айтуынша, жәрдемақыны тиiстi адамдардың алмағаны анықталса, Мемлекеттiк әлеуметтiк сақтандыру қоры қаражатты керi қайтару туралы талап қоя алады. Егер жұмыс берушi жұмысын тоқтатпаған қызметкерлер үшiн өтiнiш берсе, бұл заң бұзушылық болып есептеледi.
Мұнда Мемлекеттiк әлеуметтiк сақтандыру қоры қаражатты қайтару талабымен бiрге, кәсiпорынды сотқа беруi де әбден мүмкiн. Әрi қарай барлығы сот шешiмiне байланысты болады.