Шымкент қаласының тұрғындары қаладағы кез келген Халыққа қызмет көрсету орталықтарына барып жылжымайтын мүлікті, кепіл шартын, жалға алу шартын, мүлікке тыйым салу туралы құжатты тіркей алады. Бұл туралы Шымкент қаласы бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мекемесі мәлім етті.
Бұрын жылжымайтын мүлікті орналасқан ауданға қарасты ХҚКО-да ғана тіркеу мүмкін болса, қазіргі уақытта экстерриториалдылық принципін енгізу арқасында, яғни, орналасқан жеріне қарамастан кез келген қызмет көрсету орталықтарында жүзеге асыруға болады. Қызмет көрсету саласындағы жаңашылдық 2022 жылдың ақпан айынан бастап қолжетімді.
«Эксаумақтық қағидаты азаматтар мен бизнес өкілдері орналасқан жерінен өзге аумақтағы жылжымайтын мүлікпен мәміле жасасса, олардың уақыты мен қаржылық шығындарын айтарлықтай азайтады. Бұл қызметті пайдалану үшін меншік иелерінің тек меншік құқығын растайтын құжаттары немесе иеліктен шығару құжаттары болуы қажет. 2022 жылдың басынан бері мүлікті тіркеу қызметін 12 мыңнан астам клиент пайдаланған», – деді «Азаматтарға арналған үкімет» Шымкент қаласы бойынша филиал директоры Данабек Исабеков.
Бұған дейін «Азаматтарға арналған үкімет» ХҚКО-да жылжымайтын мүлікті тіркеу үшін жедел төлем жасау мүмкіндігін іске асырған болатын. Қызмет ақылы. Құжаттарды тапсыру күнін есептемегенде қызмет көрсету уақыты – 1 жұмыс күні.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі