Шымкентте қала әкімінің шешімімен азаматтарды жеке мәселелері бойынша «Бірыңғай қабылдау күндері» басталды. Ж.Шанин атындағы театрда өтіп жатқан қоғамдық қабылдауға 150-ге жуық қала тұрғыны жазылған.
Шараның алғашқы күнінде тұрғындарды қала әкімінің орынбасары Ерғали Білісбековтің бастамасымен қалалық тұрғын үй, әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту, білім және денсаулық сақтау басқармалары мен Әділет департаменті, Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшылары, сондай-ақ, аудан әкімдерінің орынбасарлары қабылдауда.
Бірыңғай қабылдау күніне келген азаматтардың басым көпшілігі тұрғын үймен қамту және әлеуметтік көмек пен тұрақты жұмыс орнымен қамту бойынша өтініштерін жеткізді. Қала әкімінің орынбасары Ерғали Білісбеков көтерілген мәселелер назарға алынып, заң аясында шешімін табатынын атап өтті. Бұл тұрғыда жауапты басқарма басшыларына нақты тапсырмалар жүктелді.
Бірыңғай қабылдау күндерін өткізудегі мақсат — тұрғындармен ашық диалог орнатып, өзекті мәселелерді қарастыру.
Кестеге сәйкес жалпықалалық іс-шара жалғасын табады. Қоғамдық қабылдауға жазылып, толық ақпарат алу үшін 8(7252) 24-71-61; 24-70-47 нөмірлеріне хабарласуыңызға болады.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі