Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Ақтасты газбен қамту жұмысын бақылады, деп хабарлайды saraptimes.kz. Шымкент қаласы тұрғындарының 93 пайызы табиғи газбен қамтылған. Шаһардағы 81 елді мекеннің 42-сі толық, 31 елді мекенде газ жартылай берілген. Бүгінде қалған елдімекендерге газ тарту мақсатында тиісті жобалар жүзеге асырылуда. Қала әкімі Мұрат Әйтенов Ақтас, Ақтас-2 шағынауданында болып, осы бағыттағы атқарылып жатқан жұмыстарды тексерді. Ақтасқа газ құбырын тарту жұмысының 65 пайызы орындалған болса, осы жылдың тамызына дейін аяқтап, нәтижесінде 225 үй көгілдір отынға қол жеткізбек. Ақтас-2 шағынаударнында құрылыстың 60 пайызы аяқталған. Нысан құрылысы үшін 223,6 млн теңге қаражат қаралып, қазірге дейін оның 120 млн теңгесі игерілді. Қазіргі сәтте ұзындығы 16,5 шақырым болған ішкі жүйелерге құбыр тартылуда. Өткен жылдың соңында басталған жоба тамызға дейін пайдалануға берілмек. Нәтижесінде елді мекендегі 160 абонент табиғи газбен қамтылады. Қазіргі уақытта қалада 1 магистралды және 10 елді мекенде ішкі орамдық газ құбырының құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін Тұран магистралды газ құбыры мен 8 елді мекенде құрылыс жұмыстар аяқталып, пайдалануға беріледі. Нәтижесінде 20 мыңға жуық тұрғынға табиғи газ беріліп, қамтылу көрсеткіші 94,7 пайызға жетеді. 2025 жылы қала тұрғындарын 100 пайыз көгілдір отынмен қамту жоспарланып отыр. Сонымен қоса, 2023-2025 жылдары аралығында қаланың даму жоспарына сәйкес, жартылай қамтылған 17 елді мекенде және мүлдем қамтылмаған 3 елді мекенде табиғи газ жүйелерінің құрылысы салынып, қала тұрғындары, басқада нысандар 100% табиғи газбен қамтылады. Еске сала кетейік, өткен жылы Бадам тұрғын алабында (195 орам) 331 абонентке табиғи газ жүйесінің құрылысы аяқталған болатын. Биыл 13 тұрғын алапта табиғи газбен қамтылмаған жаңақұрылыс аумақтағы 6149 абонентке ЖСҚ әзірленеді. Атап айтқанда,Тоғыс, Жыланбұзған, Елтай, Айнатас, Қарабастау, Жұлдыз, Жалын, Бадам, Қаратөбе, Оңтүстік-Жаңақұрылыс, Бадам, Бадам-2 және Оңтүстік елді мекендері бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда. Жалпы қалада 2023 жылы 8, 2024 жылы 12 елді мекен табиғи газбен толық қамтылады. Қазіргі таңда бұл бағытта тиісті жұмыстар жүргізілуде.