Шымкент қаласын табиғи газбен толық қамту үшін 15 нысанда құрылыс жүргізілуде, деп хабарлайды saraptimes.kz. Шымкентте 81 елді мекен бар болса, соның 31-і табиғи газбен жартылай қамтылған. Ал 8 елді мекенге газ тартылмаған. Бүгінде халықты толықтай көгілдір отынмен қамту үшін қаладағы 15 нысанда құрылыс жұмыстары қарқынды. Бұл туралы Шымкент қаласының энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Боранбай Булатбеков брифинг барысында мәлімдеді. “Батыс, Арғымақ, Ақтас, Ақтас-2, Ақжар, Көкбұлақ, Нұртас, Тұран 2 кезек, Сәуле елді мекендері және Ақтас магистралды жүйелердің құрылысы аяқталатын болады. Нәтижесінде 34 мыңнан астам адам табиғи газ жүйелеріне қосылуға мүмкіндік алады”, — деді ол. Сонымен қоса, Тассай елді мекенін табиғи газбен қамту құрылысы жалғасуда. Мердігер мекеме «Ремстрой» ЖШС тарапынан құрылыс жұмысы 2021 жылы басталған. Бүгінгі күнге дейін 36 шақырым газ құбыры тартылып, жұмыстардың 50 пайызға жуығы аяқталды. Ішкі орамдық газ құбырын тарту жұмысы толығымен 2022 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Тассай елді мекені сапалы ауыз сумен және электр қуатымен қамтамасыз етілген. Құрылыс жұмыстарының нәтижесі бойынша Тассай, Арғымақ, Ақтас, Ақтас-2, Ақжар, Көкбұлақ, Нұртас және Көкбұлақ, Батыс елдімекеніндегі 20 мыңға жуық адам көгілдір отынмен қамтылады. Айта кетейік, 2021 жылы табиғи газбен қамту көрсеткіші 93,0 пайызға жетті. Қалған қамтылмаған елдімекендерге газ тарту жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі уақытта 1 магистралдық және 10 елді мекенде ішкі орамдық газ құбырының құрылысы жүргізілуде. Жыл соңында Тұран магистралды газ құбырының құрылысы мен Батыс, Арғымақ, Ақтас, Нұртас, Ақтас-2, Ақжар, Сауле, Көкбұлақ, барлығы 8 елді мекенде құрылыс жұмыстар аяқталады. Нәтижесінде қаладағы 20 мыңға жуық адам табиғи газға қосылады. Шымкент қаласы тұрғындарының 93% табиғи газбен қамтылған болса, биыл бұл көрсеткіш 94,7%-ға артады.