Бүгін М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан универститетінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауындағы маңызды мәселелерді іске асыру бойынша «Білімді ұлт-орнықты дамудың кепілі» тақырыбында жастармен кездесу өтті.
Бас қосуға «Аманат» партиясының Шымкент қалалық филиалының төрағасының орынбасары Мұратәлі Қалмұратов, М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың әлеуметтік-тәрбие жұмысы жөніндегі проректоры, философия ғылымдарының кандидаты Сәкен Мәжінбеков және жоғары оқу орнының студенттері қатысты.
«Аманат» партиясының Шымкент қалалық филиалының төрағасының орынбасары Мұратәлі Қалмұратов Жолдауда айтылған бағдарлардың маңыздылығына тоқталып өтті.
–Мемлекеттің дамуында ұлттың ауыз біршілігі, ынтымықтастығы және ұйымшылдығы ерекше рөл атқарады. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші ұлт болып бірігіп, еліміздің орнықты дамуына әр азаматтың ат салысуы маңызды. Сонда ғана еліміз көркейіп дамиды. Жолдауда айтылған бағыт бағдар мен міндеттерді мемлекеттің өркендеу жолында жасалған нақты қадам деп ұғыну керек,- деді «Аманат» партиясының Шымкент қалалық филиалының төрағасының орынбасары Мұратәлі Қалмұратов.
Рухты ел-ұлттық рухты, ал ұлттық рух-үлкен елді қалыптастыратыны белгілі. Қазіргі мақсат-білімді ұрпақ, білімді ұлт дайындау арқылы әлемге танылу.
– «Білімдінің күні жарық» деген қанатты сөзді бүгінгі жастардың санасына құйып тәрбиелеу өзекті мәселе. Білімді жастың болашағы жарқын. Жастармен бас қосуымыздың басты себебі де – осы. Мемлекет басшысының халыққа Жолдауында білім беру жүйесінің ұлт сапасын жақсартуда аса маңызды рөл атқаратыны тайға таңба басқандай етіп айтылды. Яғни білім беру дегеніміз балабақшадан бастап жалпы, орта, жоғары білім беру ісін жан жақты дамыту үшін қолайлы жағдай жасау. Президент осы саланы реттеу, жүйелеу үшін Үкіметке бірқатар тапсырмалар да берді. Білімді ұрпақ еліміздің дамуына бірден-бір септігін тигізеді,- деді М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың әлеуметтік-тәрбие жұмысы жөніндегі проректоры, философия ғылымдарының кандидаты Сәкен Мәжінбеков.
Студенттер Жолдауға байланысты өз пікірлерін айтып, елімізде болып жатқан өзгерістерге қызығушылық танытып, көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, жауап алды.