Шымкенттік команда футболдан Қазақстан Кубогінің жеңімпазы атанды, деп хабарлайды saraptimes.kz. «Астана-Аренада» өткен финалда «Ордабасы» «Ақжайық» клубынан 5:4 есебімен басым түсті. Шымкенттіктер футбол кездесуін Әл-Фараби алаңында тікелей эфирде көрді. Матчты қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан, басқармалардың басшылары жанкүйерлермен бірге тамашалады. Финалда Оралдың «Ақжайығы» мен Шымкенттің «Ордабасы» командалары кездесті. Кездесуді оралдық футболшылар өте сенімді бастады. Ойынның 7-минутында Завен Бадоян есеп ашса, Тома Табатадзе 10-минутта есепті үстемелей түсті. Бұдан кейін шымкенттік команда шабуылды үдетті. Ол нәтиже беріп, команда капитаны Самат Шәмші 26-минутта есеп айырмасын қысқартса, үзілістен кейін, екінші таймның басында «Ордабасы» сапынан Всеволод Садовский есепті теңестірді. Екі жақта шабуылмен, ашық өткен ойында «Ақжайық» тағы да екі гол соғып, алға шығады: алдымен Табатадзе матчтағы екінші добын соқса, одан кейін Илья Коваленко көзге түсті. «Ордабасы» сапынан Максима Федин гол соғып, есеп айырмасын тағы бір допқа қысқартады. Ал ойын аяқталуға санаулы секунд қалғанда «ордабасылық» Луис Энрике Гедеш алыстан әдемі соққы жасап, есепті теңестірді – 4:4. Қосымша таймның алғашқысында екі тарап гол соға алмай, екінші 15 минуттық таймда «Ақжайық» айып алаңындағы тартысты сәттердің бірін сараптаған бас төреші оралдық команда қақпасына 11 метрлік айып добын белгіледі. Жауапты сәтте Эльхан Астанов айып соққысын сәтті орындап, командаластарына да, шымкенттік жанкүйерлерге де қуаныш сыйлады. Сонымен, араға 11 жыл салып «Ордабасы» клубы футболдан Қазақстан Кубогінің жеңімпазы атанып отыр. Олар бұдан бұрын 2011 жылы Қазақстан кубогіне ие болса, 2007 жылы финалда Қостанайдың «Тобылына» есе жіберіп қойған еді. Аталған турнир 1992 жылдан бері тұрақты өткізіліп келеді. Бұған дейін Алматының «Қайраты» 10 мәрте кубокті төбесіне көтерді. Барлығы 15 команда кубок иегері атанды.