Елдегі киберқауіпсіздік тұжырымдамасын іске асыру екі кезеңнен тұрады: бірінші кезең – 2017-2018 жылдар, екінші кезең-2019-2022 жылдар аралығы. Бірінші кезеңде қауіпсіздікті қамтамасыз етуде белгіленген талаптар мен шараларды сақтаудың белгілі бір тәжірибесі қалыптасты. Осы тәжірибе барысында заңнамаға өзгерістер енгізілді. Осы нақты мәселе бойынша мамандар саны артты. Кибершабуылға арналған орталықтар ашылды. Кибершабуылға ұшыраған жағдайлардың тізбегіне көз жүгіртсек, 2017-2018 жылдар аралығындағы бірінші кезеңде Қазақстан кибершабуылы бойынша әлем бойынша 40-орында тұр. Халықтың киберқауіпсіздік қатерлері туралы хабар алып отыруы 63%-ды құрайды, ал ақпараттық қауіпсіздік саласын қызметкерлермен қамтамасыз ету 46% болды.
Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарының ақпараттық қауіпсіздігіне қатерлерді талдау, бағалау, болжау және алдын алу жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыру мақсатында Қазақстанда да салалық жедел ақпараттық қауіпсіздік орталығы құрылды. Мемлекеттік қызметтерді көрсетуді оңтайландыру мақсатында ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігіне тестілеу актісін алу үшін электрондық лицензиялау веб-порталы арқылы өтініш беру тәртібі енгізілді. Киберқауіпсіздік мәдениетін дамыту мақсатында халықтың киберқауіпсіздік қатерлері туралы хабардарлығын арттыру бойынша іс-шаралар тұрақты негізде жүргізілуде, социологиялық зерттеу нәтижелері бойынша халықтың хабардар болу деңгейі 75%.
Кибершабуылға дайындық үшін «Киберқалқан-2» жаңа бағдарламасы әзірленді. Цифрлық министрлік еліміздің осы салада әлемдегі отыздыққа кіруге жақын қалғанын айтады.
Ресей және Украина арасында әскери ғана емес, киберсоғыс жүруде. Мысалы, Украина вице-премьері, цифрлық трансформация министрі Михаил Федоров «Ресейді цифрлық блокадаға алудың тағы екі кезеңі жүзеге асырылатынын» жариялады. Оның айтуынша, қазіргі кезде оның бірінші кезеңі аяқталуда екен. М. Федеровтың сендіруінше, оның аясында Visa, Mastercard, Apple Store, Google Play және басқа жүйелердің Ресейдегі жұмысын бұғаттауға күш салынған. Бұл ақыр соңында осы компаниялардың ресейлік нарықтан кетуіне ықпал еткен көрінеді. Енді украиналық хакерлер РФ мемлекеттік және жеке секторының ресурстарына, маркетплейстеріне шабуылдауда.