Әлеуметтік желілерде «пайызсыз несие алып берушілер» көбейді. Киберқауіпсіздік саласының мамандары қашанда жұртты Telegram желісінде кең таралған осындай алаяқтардан сақ болуға шақырып отырады. Интернет алаяқтар адамды алдап, қақпанына түсіру үшін құйтұрқылықтың небір түріне барады. Мысалы, «біздің компания бүгінде ақшаға мұқтаж адамдардың бәріне көмек көрсетуге дайын», «Сіз ресми түрде жұмыс істемесеңіз де сізге несиенің берілетіне кепіл боламыз», «несие ресімдеген адамның барлығына ай сайынғы 1 төлемін жауып береміз» деген сықылды жарнамаларын күн сайын жариялайды. Ал олардың арбауына түсіп қалмас үшін қандай белгілерін білу керек? Осы орайда Түркістан өңірінің тұрғындарына тиісті салада қызмет ететін маман кеңестерін ұсынып отырмыз. Ол туралы бізге Қазақстан қаржы мәдениеті қоры директорының орынбасары Нұркен Шардарбеков айтып берді.
Маманның айтуынша, қазір шынымен несиелік көмек береміз деп шығып жатқан жарнама көп. Олар «қолма-қол несие несие немесе тауарлық несие алуға көмек береміз» деп, делдалдық қызметін ұсынады. Әлеуметтік желілер ішінде көбіне фейсбук пен инстаграммда таралған.
Олар «несие тарихыңыз нашар болса да 100 мыңнан 2 млн теңгеге дейін береміз, кепілсіз, алдын-ала төлем керегі жоқ, пайызсыз, тез рәсімдейміз» деген жарнама жасайды. Одан басқа «сізге шұғыл ақша керек болса, тауарды бөліп төлеуге рәсімдейміз. Сосын жақсы бағамен сізден сатып аламыз» дейді. Сарапшы ондай жарнамадан 100% сақ болу керектігін айтады.
Мысалы, олар адаммен сөйлесіп, жауап бергенде де тек whats app не telegram желісімен сөйлеседі. Өйткені ол жерде жазғандарын өшіріп тастауы мүмкін. Сосын жойылып кететін хабарлама режимі бар.
Олардың екі әдісі бар. Біріншісі, несиені қолма-қол ақшамен рәсімдеу. Ол үшін интернет алаяқтары жәбірленушінің жеке мәліметтерін сұрап, бәрін біліп алады. Мысалы, несие шығарып беру үшін керек деп жеке куәлік нөмірін, төлем картасының нөмірін, шот нөмірі сынды толық деректерін біліп алады. Мысалы, онлайн несие алатын азаматтардың мобильдік қосымшаларда жеке кабинеті болады. Соның құпиясөзін біліп алады. Жеке кабинетін бұзып кіріп алған соң сол адамның атына несие ала береді. Тек смс-код келу үшін өз телефондарына ауыстырып алады. Сосын несие мақұлданған кезде өз шоттарына аудара салады. Сіз оны білмей де қаласыз, – дейді Нұркен Шардарбеков.