«Атамекен» ҚРҰКП Агробіліктілік орталығының сарапшысы Бауыржан Құрманов, фермерлерге инновациялық технологияларды оқыту олардың жұмысы барысында сапалы көрсеткіштерге қол жеткізуіне мүмкіндік береді деп санайды
«Мен базалық шаруашылықтарды іріктеумен айналысам. Сонда семинарлар оқытылады. Шетелдік мамандармен бірге дәрістердің әдістемесін даярлап, өзекті тақырыптарды таңдаймын. Содан соң өңірлік Кәсіпкерлер палатасымен бірлесе отырып, семинарлардың өткізу уақытын белгілейміз. Агробіліктілік орталығына семинар өткізетін лекторларды ұсынамын. Менің тағы бір міндетім: инновациялық технологиялар туралы мақалаларды ҰКП www.palata.kz сайтына жазып отыру. Оған қоса Ұлттық кәсіпкерлер палатасының сall-орталықтарына келіп түскен фермерлер сұрақтарына жауап беру», – дейді сарапшы.
Оның айтуынша, семинарларды өткізу кестесі дайын. Оларды тамыз айынан бастап өткізе бастайды. Дегенмен, өңірлік климаттың өзгешелігінен семинар уақыттары әркелкі болады.
Мұндай семинарлар фермерлерге несімен пайдалы? Мұндай курстарға олардың мұқтаждығы қаншалықты? Бауыржан Құрмановтың пікірінше, бүгінгі таңда отандық ауылшаруашылық өкілдеріне мұндай білім аса керек. Семинардың қажеттілігінде күмән болмауға тиіс. «Біздің фермерлер үнемі жұмысбасты, бос уақыттары жоқ. Олар ылғи 24/7 сағат жұмыс істейді. Сондықтан бір жаққа барып, оқу оқуға мүмкіндіктері шектеулі. Десек те, олардың бәрі де өз саласының соңғы тенденцияларын білуге құштар, жаңадан бірдеңе білуге талпынады. Білгенін өз саласында қолданғысы келеді. Сапалық, сандық көрсеткіштерін өсіргісі келеді», – дейді сарапшы.
Оның айтуынша, өңірлердің саласы бөлектенгенмен, барлық жерде ветеринарлық қауіпсіздік өзекті тақырып болып тұр. «Барлық өңірде мал бордақылайтын алаңдар фермерлерге қызық тақырып. Аз уақыт ішінде малды қалай тез семіртуге болады? Солтүстік пен батыста малдың жарақатын жазу мәселесі қызықтырып отыр. Асыл тұқымды көбейту мәселесін алсақ, онда солтүстік пен орталықта селекция жұмысы өзекті. Оларға тұқымды асылдандыру өте маңызды. Батыста малшылар ірі қара малды қалай семіртіп, сол үшін қандай технологияны қолдану керектігін білгісі келеді. Оңтүстікте бірінші кезекте – мал басын көбейту, жем-шөп әзірлеу, оларды өңдеу мәселесі қызықтырады», – деп түсіндірді Бауыржан Құрманов.