Түркістан облысының тұрғындарының назарына кейінгі кездері интернетті белсенді пайдаланушылар арасында ChatGPT тақырыбы жиі талқыланып жүргендігін ол қандай платформа екендігі жөнінде ақпараттарды ұсынамыз. Қолданып көрмегендердің өзі бұл бот туралы естіген болып шығады. Бүгінгі материалымызда көпшіліктің аузында жүрген чат-бот туралы айтамыз.
ChatGPT деген — тапсырмаңызға байланысты жұмыс әзірлеп беретін чат-бот. Оның қолынан көп нәрсе келеді. Мысалы сізбен диалог жүргізіп, кодта кеткен қателерді тауып, белгілі бір тақырыпқа эссе не өлең жазып шыға алады. Мұны OpenA компаниясының GPT-3,5 тілі моделінің негізінде Azure AI суперкомьютерінде әзірлеген. Чат-бот адамның айтқанын түсінуі үшін оған интернеттегі миллиондаған мәтінді оқытып үйреткен. Reinforcement Learning from Human Feedback негізінде адаммен кері байланысқа түсуге баулыған. Мұның бәрі бір сәтте бола қоймайтыны белгілі. Нейрон желісін бірнеше рет қайта оқытып, жауабы барынша нақты, барынша дұрыс болуы үшін көп күш салған. Бағдарламалаушылар чат-ботты шама келгенше адамға ұқсатуға тырысқанын айтады.
Bloomberg сарапшыларының сөзіне сүйенсек, ChatGPT-дің өзге нейрон желілерінен айырмашылығы сол — ол түрлі салаға байланысты тапсырмаларды орындай алатынында. Одан бөлек, чат-бот базалық бағдарламалау кодын жазып шыға алады, қаржылық анализ жасай алады, техникалық мақалалар мен ғылыми концепцияларға резюме жасай алады, түрлі тақырыпта кеңес беріп, болжам жасауды үйренген. Қойылған сұрақтарға әдепті жауап беретіні тағы бар. Қолданушымен диалог жасау кезінде кей тұстарды нақтылау керек болса, нақтылап алады. Айтысып-тартыспайды.
Болашақта OpenAI ChatGPT-ді API ретінде істегісі келеді. Осылайша бағдарламалаушылар чат-ботты уеб-сайттарына немесе қолданбаларына енгізіп қоя алады. Бұған дейін британиялық DeepMind компаниясы ChatGPT-ге ұқсас жасанды интеллект жүйесін таныстырған еді. Оның атауы — Gato. Нейрон желісіне 604 түрлі тапсырма орындауды үйреткен. Оның ішінде суреттердің астына сипаттама жазу, диалогтар құру, ойын ойнау дегендер бар. Бұл OpenAI-дың GPT-3 түріне ұқсас трансформер нейрон желісі. Бірақ мұны екінің бірі қолдана алмайды.