Осыдан тура 63 жыл бұрын, яғни 1961 жылы 12 сәуірде Қазақстандағы Байқоңыр аймағынан тұңғыш космос кемесі ғарышқа аттанды. Сөйтіп, Юрий Гагарин – әлемнің тұңғыш ғарышкері, ал Байқоңыр – ғарыш айлағына айналды. Алғашқы ғарыш сапарынан кейінгі жылдары әлемде 500-ден аса ғарышкер аспан әлеміне сапар шегіп, ғылыми зерттеулер жүргізген. Қазіргі таңда еліміз ғарыш технологиясымен жабдықталған 15 елдің қатарына енген. Ғарыштың тылсым сырларына үңілу, жұмбағын шешу, тіпті, қажет болса оны игеру ғылым мен технология қарыштаған заманда ең өзекті мәселе. Осы орайда, ғарышты игеру жолының қалай басталғаны және еліміздегі ғарыш саласының даму қарқыны туралы Түркістан облысының тұрғындарына толығырақ баяндамақпыз. .
Отандық ғарыш саласының дамуы
Қазақстандағы ғарыш саласының дамуы ғарыш кеңістігін игерумен байланысты болды. Елдегі аэроғарыш саласын бүгінде отандық спутниктер, жердегі ғарыштық байланыс жүйесі, спутниктерді құрастыру және Байқоңырда перспективалық жобаларды іске асырумен айналысатын кәсіпорындар құрайды. Бүгінгі таңда ғарыш кеңістігінен Жерді бақылау мен қадағалау бойынша инновациялық міндеттерді жүзеге асырумен «Қазғарыш» компаниясы, «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясы, Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығы, Республикалық ғарыш байланысы орталығы және «Ғалам» кәсіпорны айналысады. Олар ғарыш жүйесін, жердегі инфрақұрылымдарды пайдалану мен құруды, жобалауды, алыс-жақын ғарыш кеңістігін зерттеуді жүзеге асырады.
Қазiргi уақытта Байқоңыр ғарыш айлағы — әлемдегi бiрiншi және iрi ғарыш айлағы. Ол Қазақстанның Қызылорда облысында орналасқан. Себебi бұл жер жауыны аз, ауа райы тұрақты, елдi мекендерден барынша алшақ, орбитаға зымыранды шығару барысында шығындарды аз мөлшерде қажет ететiн аймақ болып табылады. «Байқоңыр» кешенiнiң құрамына Байқоныр қаласымен бiрге ғарыш айлағы кiредi және зымыран ұшыру мақсатында 9 түрлi 15 ұшыру алаңы және баллистикалық зымыран ұшыру мақсатында 4 ұшыру үстелiнен, 11 монтаждау-сынау корпустарынан (МИК) және басқа да инфрақұрылымдардан тұрады. «Байқоңыр» ғарыш айлағынан алғашқы жасанды жер серігі 1957 жылы ұшырылды. Әлемдегі тұңғыш ғарышкер Юрий Гагарин де 1961 жылы «Восток» ғарыш кемесімен қазақ даласынан ғарышқа аттанған болатын. Кейіннен АҚШ, Ұлыбритания, Канада, Италия сияқты елдер де өз азаматтарын ғарышқа ұшыра бастады. 70-жылдардың басында бұл қатарға Жапония, Қытай, Нидерланд, Испания және басқа елдер қосылды. Қазіргі таңда әлемнің 200-ден астам елі ғарыш қызметімен айналысады. Олардың көпшілігінде өздерінің ғылыми және қолданбалы маңызға ие жасанды серіктері бар.