Жасанды интеллектінің өмірімізге еніп кеткені сонша, көпшілік еңбек нарығына оның төндіретін қаупі туралы жиі сөз қозғайтын болып жүр. Технологиялар адамның орнын басып, қатардағы қызметкерлерді жұмыссыз қалдыруы мүмкін бе? Түркістан облысының тұрғындарына осы сұрақтың жауабын тақырып бойынша жасалған зерттеулер мен болжамдарды ұсынып отырмыз.
AI дос па, жау ма?
Жасанды интеллект адамдардың жұмысын тартып ала ма? Мұндай талқының басталғанына біраз болған. Көпшілігі AI арқылы жұмыс орны көбейіп, адамдардың күнделікті күйбеңмен емес, шығармашылықпен көбірек айналысуға мүмкіндігі молырақ болады деген пікірді ұстанған еді. Дегенмен кейінгі кездері пайда болып жатқан жаңа технологияларға қарап, болжам аздап негатив бағытта да жасалып жүр. Соның ішінде ChatGPT пайда болғалы көңілде күдік те, алаң да көбейген.
Мысалы Норвегиялық тәуелсіз әл-ауқат қоры (Norges Bank Investment Management) жасанды интеллектінің жаппай қолданылып жатқанына алаң білдіріп, компанияларға бұған қатысты болуы мүмкін түрлі қауіп-қатерді ескеру керегін айтып, дабыл қаққан еді. Атап айтқанда, адамдардың ниеті мен құндылығына сай жүйелер жасап, жұмыс орындары мен адами капиталды басқаруға ұзақ мерзімді ықпал ететіндей қылу керегін ескерткен. Мұның астарында жасанды интеллектінің пайдасы ғана емес, зияны да көп екенін ұмытпау қажет деген сөз жатыр.
Былтыр наурызда америкалық Goldman Sachs банкі жасанды интеллектінің 300 миллионға жуық жұмыс орнын автоматтандыруы мүмкін деген болжам жасады. Бұл туралы баяндама. Goldman Sachs аналитиктері генератив жасанды интеллект пайда болғандықтан, шаруаларды автоматтандыру жеңілдеді. Соның әсерінен жұмыс күшіне кететін шығын азайып, жұмыстың өнімділігі де артады деген еді. Яғни мұндай жасанды интеллектінің адамның қолымен жасалған контенттен еш айырмасы жоқ дүниелерді жасай алатын қабілеті артып, адам мен машина арасындағы коммуникацияны бұзады деседі.