Осыған дейін Түркістан облысында 2023 жылға дейін 4 миллионнан аса көшет отырғызу жоспары қызу талқыланған болатын. Биыл Түркістан қаласы аумағын көгалдандыру, абаттандыру, инфрақұрылымын жақсарту жұмыстары сапалы атқарылуда. Облыс әкімі кезекті рет тарихи шаһардағы маңызды нысандарды аралап, жауапты мамандарға осындай тапсырма берді. Өңір басшысы алдымен әкімшілік-іскерлік орталығындағы 7 және 30-көше бойындағы саябақтың құрылысын қадағалады.
Саябақтың аумағы – 10,5 гектар. Көгалдандыру алаңы 61 мың шаршы метр болса, ойын алаңшалары мен спорт алаңшалары да салынбақ. Сонымен бірге 2 мыңнан астам ағаш отырғызылып, 300-ге жуық жарықшам орнату көзделген. Белсенді өмірге бастайтын саябақта тұрғындар мен қонақтарға тынығуға жағдай жасалады.
– Жұмысты жоспарға сай сапалы атқарыңыздар. Аяқжолдар, абаттандыру жұмыстары талапқа сай болуы тиіс. Ауа райының ерекшелігін білесіздер. Осы аумаққа жерсінетін акация, тұт, қарағаш және өзге де төзімді ағаштарды көптеп егу керек. Егіп қана қоймай, жан-жағын байлап, дауылдан қорғаған жөн. Әсіресе, көлеңке беретін жапырақты ағаштарға басымдық берілгені дұрыс, – деген Дархан Сатыбалды жауапты басшылар мен мердігерге нақты тапсырмалар берді.
Мұнда қазіргі таңда ағаш отырғызу, резервуар және скважина жүргізу, аяқжолдар тақтайшаларын орнату, топырақтарды тегістеу, газон егу, суғару жүйелерін жүргізу жұмыстары атқарылып жатыр.
Одан кейін Түркістан қаласы үшін аса маңызы бар І.Қожабаев көшесіне жол төсеу барысы да сарапталды. Жолдың ұзындығы – 5,6 шақырым, санаты – жалпы қалалық 4-6 жолақты магистралды жол. Құрылысы былтыр басталған жол биыл күзге дейін тапсырылады деп жоспарланып отыр. Сонымен бірге мамандар «Арыс-Түркістан» каналының бойына қауіпсіздік баспалдақтарын орнату жобасы туралы да айтып берді. 19 шақырымға жуықтайтын каналдың әрбір 500 метрі сайын арнайы ескерту белгісі мен қауіпсіздік баспалдағы орнатылады деп межеленген. Өңір басшысы жол құрылысын сапалы етіп аяқтауды, құрылысын қатаң бақылауды тапсырды. Қалада халық саны өсетінін, осыған сәйкес инфрақұрылым да дамып отыруы керек екеніне тоқталды.
Облыс әкіміне «Ащысай су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының жұмысы таныстырылды. Су резервуары – Түркістан, Кентау қалаларын ауыз сумен қамтитын стратегиялық нысан. Қазір бұл резервуар талапқа сай жұмыс істеп тұр. Мамандар су құрамын, сапасын тұрақты түрде тексеріп, зерттеп отырады. Халық саны артуына немесе су тұтыну көлемінің күрт артуына да арнайы жоспар жасалған. Су қоры жеткілікті.
Дархан Сатыбалды су нысанының талапқа сай жұмыс істеуі маңызды екеніне тоқталып, қажет болса, қосымша қолдау көрсетілетінін жеткізді.
Сонымен қатар Жетісай ауданында агросалаға қолдау күшейді. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы бастаған жұмысшы топ Жетісай ауданында болып, аграрлы ауданның жазғы суғару кезеңіне дайындығымен, ішкі каналдардың жай-күйімен танысты. Сондай-ақ «Ауыл аманаты» пилоттық жобасы аясында несие алуға ниетті азаматтармен тілдесті. Егін егу жұмыстарын көзбен көрді. Сапар аясында облыс әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы және «Қазсушар» РМК Түркістан облыстық филиалының өкілдері бірқатар нысандарға барды. Шардара су қоймасынан машиналық әдіспен су көтеруге есептелген «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» каналының, Өзбекстанмен байланыстырып тұрған республикалық «Достық» магистаральды каналынан бастау алатын К-28 және К-30 каналдарының мердігерлер тарапынан толық аяқталмаған құрылыс жұмыстары тексерілді. Аудан үшін ең өзекті саналған ағын су мәселесін сала мамандарымен бірге талқылады. Сала мамандары соңғы жылдарда аудандағы өзекті мәселеге айналған ағын су мөлшерінің тапшылығы, биылғы метеожағдайға байланысты орын алған жағдайлар жайлы сөз етті.
Сондай-ақ, мамандар негізгі табыс көзін агросектордан алатын аймақ шаруаларының тозығы жеткен ағын су тарату каналдарының жөндеуден өтпеуінің салдарынан ағын су мөлшерінің көп бөлігі жерге сіңіп, буланып немесе жерасты суларының тартылып кетуі секілді себептермен егістік алқабына дейін дұрыс жетпейтінін, К-30, «Достық» магистральді каналының тармақтары күрделі жөндеуді талап ететінін жеткізді.
Ермек Кенжеханұлы Қарақай ауылдық округіндегі өз қаржысы есебінен жұмысын бастап, кейіннен «ОҢТҮСТІК» аймақтық-инвестициялық орталығынан 47 миллион теңге жеңілдетілген несие алып жалпы өндіріс қуаты тәулігіне 30 тоннадан 9 түрлі сүт өнімдерін өндіруге есептелген «Медет сүт» сүт өнімдері цехында болды. Жұмыс барысымен таныстырған цех басшысы Ғалым Олжабаев алдағы уақытта шикізат тапшылығы мәселесін толықтай шешіп, өнім көлемін ұлғайтуды, сол арқылы ауданның ішкі сұранысын толықтай қамтамасыз етуді жоспарлап отырғандығын айтты. «Ауыл аманаты» пилоттық жобасының тиімділігі түсіндірілді.
Кездесуде жұмысшы топ мүшелері тарапынан Түркістан облысы тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету, ауыл әлеуетін тиімді пайдалану арқылы ауыл экономикасын және халықтың өмір сүру деңгейін көтеруге үлкен мүмкіндіктер беретін аталмыш жобаны жүзеге асыруға биыл республикалық бюджеттен жыл басында 11 млрд теңге, қосымша тағы 8,7 млрд теңге қаржы бөлінгендігін жеткізді. Сол арқылы 4 000 бірлікке жуық жобаға қолдау көрсетілетіндігін, жобаны іске асыруда бірінші кезекте жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперативтер негізінде дамытуға басымдылық берілетіндігін айтып, қойылған сұрақтарға жауап берді.
Инфрақұрылым саласына қатысты Түркістан облысында «Парктер шеруі» экологиялық ауиясы іске қосылды. Туған жер табиғатына ұқыпты қарауды насихаттау, экологиялық мәдениетті дамыту және құқықбұзушылықтың алдын-алу мақсатын көздеген жыл сайын дәстүрлі түрде «Парктер шеруі» экологиялық акциясы өткізіліп тұрады. Аталған акция барысында Сырдария-Түркістан мемлекеттік өңірлік табиғи паркі аумағында су айдындарын тазалау, тораңғы ағашын, қызғалдақ гүлін, жабайы аңдарды қорғау секілді шаралар өткізіледі. Құрылғанына 10 жыл толып отырған табиғат қорғау мекемесі елімізге бұқар бұғыларының питомнигімен әйгілі. Парк аумағын басып жатқан торанғы орманы елімізде Сырдария мен Іле өзендері жағалауында ғана кездеседі. Ал Бәйдібек ауданында орналасқан Тұттыбұлақ сарқырамасы соңғы үш жылда парктің ең танымал демалыс орнына айналған.
Бұл акция аясында табиғи парк қызметкерлері экологиялық полиция өкілдерімен қызғалдақты жұлудың алын-алу рейдтеріне шықпақ. Қазіргі таңда лалагүлдерді сақтап қалу басты міндеттердің бірі дейді Сырдария-Түркістан МӨТП бас директорының орынбасары Мұрат Айтимбетов. Екі айға созылатын экологиялық акцияның ашылуы Сауран ауданы, Құсшы ата елді мекені «Балауса» балалар сауықтыру лагерінде өтті. Өскелен ұрпаққа экологиялық тәрбие беру мақсатында мектеп оқушыларының сайысы форматында өткізілген додаға саурандық және кентаулық жас экологтар қатысты.
Балалар өз топтарын таныстырып, қоршаған ортаны қорғауға насихаттайтын сахналық көріністермен қазылар алқасының көңілінен шықса, табиғат туралы нақыл сөздер, мақал-мәтелдер айтумен жарысып, күмбірлеген күйлер ойнады. Жарыс барысында жеткіншектер өздері жасаған қолөнер бұйымдарымен көпшілікті таныстырды. Салтанатты іс-шара қатысушыларына табиғи парк әкімшілігі сияпаттар мен алғыс хаттар табыстады. Экоакцияның ашылуына орай Құсшы ата елді мекеніндегі екі мектептің аумағына орманшылар ағаш отырғызып берді.
«Ғалымдардың айтуынша Қазақстан қызғалдақтардың отаны болып табылады. Бұл керемет гүлдер Ұлы Жібек жолы арқылы Түркияға, сосын Голландияға жеткен. Ғылымдар гүл атауын парсы toliban (шығыс халқының бас киімі) сөзінен шыққан деп пайымдайды. Қазіргі таңда Қазақстан аумағында қызғалдақтың 34-тен астам түрі өссе, оның 18 түрі Қазақстанның Қызыл Кітабына енген. Бұлардың ішінен Грейг, Борщов, Берікқара (Кауфман), Түркістан, Леман, Бузе, т.с.с. танымал. Эндемиктер қатарына Колпаковский, Зинаида, Борщов, Островский, Регель, жалған қосгүлді, Альберт, Кеш қызғалдақ болып есептеледі» — деп түсіндірді М.Айтимбетов. Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 339 бабында Қызыл кітапқа, сирек, құрып бара жатқан өсімдік жануарларды жою үш мың АЕК (10 350 000 теңге) айыппұл немесе қоғамдық, түзету жұмыстарына тарту, тіпті бостандықтан айыруға әкеледі.
Түлкібас ауданында көктемнің алғышқы күндерінен бастап аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен көгалдандыру жұмыстары қолға алынды. Атап айтсақ, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, елімізде 2021-2025 жылдары республиканың орман алқаптарында 2 млрд. және қалалар мен елді мекендер аумағына 15 млн. ағаш көшеттерін отырғызу тапсырылған болатын. Осы мақсатта Түркістан облысы Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы тарапынан елді мекендерді көгалдандыру үшін тегін көшеттер үлестірілуде. Бүгінгі таңда Түлкібас ауданына 5 700 дана көшет тегін босатылып, алдын ала дайындалған орындарға егілді.
Бұл жұмыстар алдағы уақытта жалғасын табады. Яғни, наурыз айында Түлкібас ауданындағы елді мекендерге көгілдір шырша, туя, писсарди өрігі, сәнді ағаш, қарағай және т.б. ағаш түрлерінің 22 800 көшетін отырғызу жоспарланып отыр.
Түлкібас ауданының әкімі Нұрлан Байғұт көгалдандыру жұмыстарын бақылап, аудан орталығының шығыс қақпасы маңында іске асып жатқан көшет отырғызу жұмыстарына атсалысты. Бүгін қосымша 1000 түп ағаш көшеті отырғызылды. Айта кетейік, көшеттер отырғызылатын орындар арнайы дайындалып, тиісті басқарма тарапынан бекітілген. Оны суғару, күтіп ұстау, айналасын қоршау тікелей ауыл әкімдеріне жүктелген.
Жуықта ғана мереке қарсаңында Сарыағаштық тұрғындар 1 мамыр Қазақстан халқының ынтымақ пен бірлік күніне орай аудан аумағын қоқыстан тазарту, көшет отырғызу, ақтау-сырлау жұмыстары, көше бойларын және арық-атыздарды ретке келтіру, қураған ағаш бұталарын кесу мақсатында жалпы аудандық тазалық акциясы өтті.
Аудан көлемінде жүргізілген тазалық акциясына аудан әкімі аппаратының қызметкерлері мен дербес бөлім мамандары 13 көпқабатты тұрғын үй маңында егілген көшеттерді суғарып, тазалық жұмыстарын жүргізіп, өздеріне бөлініп берілген секторларды қоқыстан тазалады. Сонымен қатар қала, кент және ауылдық округ әкімдері мен мамандары өз аумақтарында санитарлық-тазалық жұмыстарын жүргізіп, тазалық акциясына белсене қатысты. Ардагерлер де белсенді қатысып, қаланы көгалдандыру, «Саялы Сарыағаш-Сырлы Келес» аллеясына гүлдер отырғызу, көшеттерді суғарып абаттандыру жұмыстарына өз үлестерін қосты.
Ортақ іске кәсіпкерлік нысандар мен аудан тұрғындары атсалысты. Әсіресе, Сарыағаш қаласындағы Шәмші гүлзары, Қабланбек көшелерінің тұрғындары ерекше белсенділік танытса, ал, «Карима» сауда орталығы мен Көктерек кентіндегі «Сарыағаш» ЕОК ЖШС, «Арман», «Сая», «Алтын Шаңырақ», «Маржан-су», «Байқоңыр» шипажайларының жұмысшылары өз аумағында тазалық жұмыстарын жүргізіп, ретсіз тасталған қоқыстарды тазалап, көшеттер мен гүлдерді суғарып, әктеу-сырлау жұмыстарын жүргізіп, қураған ағаш бұталарын ретке келтірді. Жалпы тазалық акциясына 20-дан аса техникалар жұмылдырылды. Тазалық жұмыстары тұрғындардың қоршаған ортаны таза ұстауға, экологиялық мәдениет қалыптастыруға және ауданның санитарлық жағдайын жақсартуға оң әсерін тигізуде. Адам денсаулығының айнымас бір бөлігіне айналған табиғат тазалығын қалыптастыруға бағытталған аталмыш шара алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады.
Сарыағаш ауданының әкімдігі «Тазалық жинаған жерде емес, сақталған жерде болады» дегендей ауданның әрбір тұрғынын өз ауласының тазалығына көңіл бөліп, қоршаған ортаны ластамай, тазалық акциясының алдағы науқанына да белсенді атсалысуға шақырады.