Биыл көршілес екі ел арасында ынтымақтастық байланыс нығая түсті. Енді Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасының арасындағы мемлекет шекарасының 913 шақырымы Түркістан облысының аумағы арқылы өтпек. Сонымен қатар, аумақтағы Шекара бөлімшелері нысандарының инфрақұрылымын жетілдіру жөніндегі Жол картасын іске асыру бойынша жұмыстар жандана түспек. Бұл түйткіл Түркістан облысының шекара мәселелері жөніндегі облыстық үйлестіру кеңесінің мәжілісінде кеңінен талқыланды. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен мәжілісте өңір басшысы шекаралық бөлімшелердің инфрақұрылымын жақсарту аса маңызды міндет екенін айтты.
Айта кетсек, Түркістан облысына қарасты Сарыағаш ауданы көршілес Өзбекстан мемлекетімен сауда-саттық жағынан ауылшаруашылық экономика жағынан тығыз байланыста. Алайда осы ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін инфрақұрылымды жолға қою басты талап.
– Түркістан облысында шекара қорғанысын күшейту және мемлекеттік шекараны қорғау бойынша жұмыстар атқарылуда. Шекара қызметі бөлімшелерінің инфрақұрылымдық мәселелерін шешу жөніндегі Жол картасы 2020 жылы қыркүйекте бекітілген. Нақтылауды тапсырамын. Бүгінгі үйлестіру кеңесі отырысының қорытындысымен Шекара қызметі бөлімшелерінің инфрақұрылымдық мәселелерін шешу жөніндегі Жол картасы мұқият зерделеніп, жаңа редакцияда бекітілуі тиіс. ҚР ҰҚК Шекара қызметінің Түркістан облысындағы 25 шекара бөлімшесінің инфрақұрылымы, газ жүйелері құрылысына 2023 жылы облыстық және республикалық бюджеттерден қаржы бөлінген нысандар құрылысының сапалы жүргізілуін қамтамасыз етуді тапсырамын. Мақтааралдағы – 3, Жетісайдағы – 2 нысанның құрылысы сапалы атқарылуы керек. Келес өзенінің жағалауындағы су бұзып өткен аумақтарды қалпына келтіру, өзен арналарын реттеу, өзен жағалауларын бекіту және нығайту жұмыстарын жүргізуге жұмыстар жедел зерделенгені жөн, – деді Дархан Сатыбалды.
Жиында Қазақстан Республикасы, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Түркістан облысы бойынша департаментінің бастығы Мадияр Жұмәділов Түркістан облысының шекара мәселелері жөніндегі облыстық үйлестіру кеңесінің 2023 жылға арналған жұмыс жоспарын бекіту жөнінде ой қозғады. Оның айтуынша, Жол картасының іс-шараларын іске асыру шеңберінде жергілікті атқарушы органдардың балансына Мақтаарал, Сарыағаш және Төлеби аудандары бойынша шекара басқармаларының 25 нысаны беріліп, 42 іс-шара бекітілген. Осы арқылы 16 нысанды газдандыру, 6 нысанды электрмен, 20 нысанды сумен қамтамасыз ету көзделген. Қазіргі таңда 5 іс-шара орындалған. 18 мәселе бойынша жұмыс жүруде.
Голодностеп коллекторының және Келес өзенінің жағалауын нығайту жұмыстарын жүргізу мәселесі де көтерілді. Келес шекаралық өзенінің жағалауын бекіту бойынша және Голодностеп коллекторының 60 шақырым учаскесіне және оған құятын 36 каналға тазалау жұмыстарын жүргізу қажет екені айтылды. Аталған мәселенің барлығы хаттамаға енгізілді. Шекаралық бөлімшелерді инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бойынша Жол картасының орындалуын қамтамасыз ету жұмысы қатаң бақылауға алынды. Шекаралық бөлімшелердің инфрақұрылымын жетілдіру мәселесін түпкілікті шешу үшін Үкіметке ұсыныстар енгізілетін болды.
Дархан Сатыбалды үйлестіру кеңесінің отырысында көтерілген мәселелермен тікелей танысу мақсатында «Қайрат» шекарасында болып, әскерилермен кездесті. Мәселелерін тыңдады. Шекарашы сарбаздармен түскі ас ішіп, еркін пікір алмасты. Шекара бөлімшелерінің инфрақұрылымын жақсарту бағытында биыл облыстық бюджет есебінен 3 нысанның құрылысына 432,3 млн. теңге қарастырылған. Жұмысты биыл аяқтау жоспарлануда. Ал республикалық бюджеттен 2 нысанның құрылысына қаржы бөлінген. 2024 жылға өтпелі.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Сарыағашқа іс-сапармен барғанда, ауданның ауылшаруашылыққа бейім екендігін алға тартып, көршілес мемлекетпен сауда-саттықты нығайту керектігін шегелеп айтқан болатын. Сондай-ақ, аталмыш жиында Сарыағаш ауданының әкіміне тиісті тапсырмалар жүктеп, аудан тазалығын қолға алуды тапсырды. Бүгінде жауапты мамандар мен жеке кәсіпкерлер тапсырылған жүктемелер аясында мардымды әрекеттер жасауда. Бүгінгі таңда ауданда жалпы саны 55-ке жуық шипажай халық игілігіне қолданысқа берілген. Дәлірек айтсақ ауданда өндіріс орындарын көбейту, жаңа жұмыс орындарын ашу арқылы жұмыссыздықты азайту, сынды жұмыстар жүргізілуі тиіс.
Айта кетсек, жуықта ғана Өзбекстандық компания өкілдері Мақтаарал ауданында бірнеше кәсіпорын ашуға ниетті екендерін білдірген болатын. Алып компания мақта-тоқыма кластерімен айналысады, толығырақ «Global textile» компаниясы мақтаның шитінен бастап жіп иіру, мата тоқу, киім тігуге дейінгі аралықтағы кластерді толық қамтитынын, қазіргі уақытта компанияның Ташкент қаласы мен Ферғана облысындағы 15-ке жуық кәсіпорындарында жалпы саны 5 мыңнан астам жұмысшы жұмыс істейді екен. Аталмыш «Кәсіпорынның ендігі мақсаты — Мақтаарал ауданында 2 мыңнан астам адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтитын 5 ірі кәсіпорынды іске қосу. Ол үшін 2023-2027 жылдарға арналған «Global textile. Turkistan» жобасын дайындадық. Құны 45 миллион долларды құрайтын жоба аясында логистика хабы, мақтаны бастапқы өңдеу зауыты, трикотаж мақта фабрикасы, мата боя фабрикасы және тігін фабрикалары іске қосылмақ. «Global textile» компаниясы биылдан бастап Қазақстанның Түркістан облысы, Мақтаарал ауданының нарығында жұмыс істеуге кірісті.
Қазіргі таңда аудан әкімдігімен бірлесе отырып сапасына кепілдік берілген мақта тұқымын шаруаларға тарату, ол үшін заң аясында қажетті келісім-шарттар жасасу жұмыстарын жүргізуде.
Биылдың өзінде аталған компания Мақтаарал ауданында 2-3 мың гектарға жуық жерге өзбекстандық «Сұлтан» және «Наманган» тұқым сорттарын жеткізуді және күзге қарай аталған сорттардың мақта талшығын сатып алуды жоспарлап отыр. Бұл туралы компания өкілдері мен мақтаралдық шаруалардың арасында өткен брифингкте айтылды. Кездесу барысында екіжақты өзара пікір алмасулар болды. Жиынға аудан әкімінің орынбасары Нұрбол Саттаров төрағалық етті. Ауданның негізгі шаруашылығы саналатын мақта саласын дамыту және мақта талшығының бағасын тұрақтандыру үшін аудан басшылығы тарапынан инвесторларды тарту бойынша белсенді жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті. Облыс басшысы Д.Сатыбалдының және аудан басшылығының қолдауымен ауданымызға келген инвесторлардың бірі — осы «Global textile» компаниясы екенін айтты. Алдағы уақытта ауданда инвестиция тарту бойынша жұмыстар өз жалғасын табатыны ескертілді.
Сонымен қатар, биыл Жетісайда 104 көше толыққанды жөндеуден өтпек. Аудан тұрғындары мен қонақтардың жүріп-тұруына қолайлы орта қалыптастастыра отырып жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары саласын дамытуға қаралған қаржылар көлемі жылдан-жылға артып, атқарылып жатқан жұмыстардың ауқымы да ұлғайып келеді.
Жалпы ұзындығы 918 шақырымды құрайтын Жетісай ауданындағы 1200 ішкі көшенің жақсы және қанағаттанарлық жағдайын 60 пайыздан 100 пайызға жеткізу бойынша арнайы жобалар жүзеге асырылып жатыр.
2022 жылы 1 млрд 418 млн теңгеге жалпы ұзындығы 65,7 шақырымды құрайтын 77 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілсе, биыл 1 млрд 735 млн теңгеге жалпы ұзындығы 70,5 шақырымды құрайтын 104 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Оның ішінде «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 1 млрд 111 млн теңгеге Атамекен, Қызылқұм, Арай, Сұлубұлақ, Жылы су ауылдық округінің Сейфуллин елді мекендерінде жалпы ұзындығы 44 шақырымды құрайтын 61 көшеге, жергілікті бюджет пен субвенция есебінен 624 млн теңгеге жалпы ұындығы 26,5 шақырымды құрайтын 43 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады.
Айта кетсек, биыл 55,1 млн теңгеге жалпы ұзындығы 4,85 шақырымды құрайтын 10 көшеге ағымдағы жөндеу (тас төсеу), аудандық маңызы бар автомобиль жолдары мен елді мекен көшелерін күтіп-ұстауға бөлінген 30 млн теңгеге ішкі көшелерге ағымдағы жөндеу жұмстары жүргізіліп, 17 мекен-жайға стандартқа сай 150 метр жасанды жол кедергілері мен 80 жол белгілері орнатылатын болады. Оған қоса, 23 мекен-жайға жаяу жүргінші өткелдері мен 18,1 шақырым қарама-қарсы бағытты айқындайтын жол сызбаларын таңбалау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Жергілікті бюджет есебінен 10,9 млн. теңгеге Қызылқұм ауылдық округі Түркебай елдімекеніндегі облыстық маңызы бар КХ-75 және КХ-27 автомобиль жолдарының қиылысына бағдаршамдар орнатылып, жол сызбалары таңбаланып, аудандағы бағдаршамдар мен бейнебақылау камераларын күтіп-ұстау жұмыстарына 6 млн теңге бөлініп, қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Облыс әкімі Дархан Сатыбалды инфрақұрылым нысандарына бақылауды күшейту бойынша мәжіліс өткізді. Жиында өңірдегі шешімін таппаған мәселелер яғни халықтың жан айқайына айналған жол, газ мәселелері талқыланды.
Бүгінгі таңда облыста газ нысандарының құрылысы қатаң бақылаудан өтіп жатыр. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды осы саладағы мәселелерді талқылау үшін кезекті рет мәжіліс өткізіп, жауапты басқарма басшысының есебін тыңдады. Мәжіліс барысында елді мекендерді сапалы электр қуатымен қамту барысы да талқыланды. Өңір басшысы өз міндетін дұрыс атқармаған мердігерлерге заң аясында тиісті шара қолдануды тапсырды.
-«Аудан, қалалардағы газ нысандарының құрылысын тексеруді жалғастырып, бақылап шығыңыздар. Мердігерлермен тиісті жұмысты жүргізу қажет. Бізге жұмыстың сапалы біткені керек. Әрбір нысан жобалық-сметалық құжаттағы талаптарға сай жүргізілсін. Одан артық ештеңе талап етіп жатқан жоқпыз. 30 тамызға дейін газ нысандарының құрылыстарын аяқтаған жөн. Ал мониторинг барысында анықталған кемшіліктер мамыр айының ішінде толық қалпына келтірілсін. Елді мекендерді сапалы электр қуатымен қамту жұмысын да назарда ұстаңыздар. Аудан, қала әкімдері әрбір жобаның басы-қасында жүріп, нысандарды қабылдап алсын», – деді Дархан Сатыбалды.
Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Сәкен Далиевтің айтуынша, Түркістан облысында 465 елді мекен газбен қамтылған. Биыл 101 нысанға қаржы бөлініп, жұмыстары басталды. Оның 70-і биыл тапсырылады деп жоспарланып отыр. Оның ішінде Ордабасы ауданында 28 нысанның құрылысы жүріп жатыр. Жұмыс көлемі өте ауқымды. Басқарма тарапынан Ордабасы ауданындағы газ нысандарына тексеру жүргізіліп, кемшіліктер анықталған. Мәжілісте Ордабасы ауданының әкімі мен басқармаға осы мәселелерді шешіп, газдандыру жұмысын сапалы атқару, өңірді сапалы электрмен қамту мәселесі де талқыланды. Аудандардағы түйткілдер тарқатылып, жауаптыларға жұмысты жандандыру тапсырылды.
Биыл Сауран ауданына қарасты Аша елді мекенінің тұрғындарына тіршілік нәрі саналған таза ауыз суы жетті. Қанша жылдан бері таза ауыз судан тапшылық көріп келген ашалықтардың қуанышы еселеніп жатыр. Жоспарға сәйкес ауыз судың екінші кезеңі іске қосылып, ауыл түгелдей таза ауыз суға қосылды. Осы уақытқа дейін құдық суын пайдаланып келген тұрғындардың қуанышымен бөліскен аудан әкімі Ғалымжан Үсенбаев алдағы уақытта тағы да бірқатар ауыл тұрғындары таза ауыз суға қолжеткізетінін атап өтті.
— Өркениетті елдерде тұрмысқа қажетті игіліктер шалғай ауылдарда да қолжетімді болуы тиіс.Бұған үкімет те айрықша көңіл бөлуде. Су тіршіліктің нәрі. Бүгін сіздер үшін тіршілік қайта оянды. Себебі көптен күткен ауыз суды іске қосқалы жатырмыз. Қуаныштарыңызбен құттықтаймын! Алдағы уақытта Ескі Иқан, Ибата, Қосмезгіл, Жүйнек, Қарашық, Шорнақ елді мекендеріне жобалық сметалық құжатама жасылып жатыр. Көп ұзамай бұл ауылдың тұрғындары да ауыз суға қол жеткізеді деп күтілуде.
Жобаның құны 628,203 млн.тенге. Бас мердігер мекеме – «Саулет-Бетон» ЖШС-гі.
Ал авторлық қадағалаушы мекеме – «ПСИ Каз Нур» ЖШС-гі. Техникалық қадағалаушы мекеме – «SK Best Spes Story KZ» ЖШС-гі. 2 дана тереңдігі 720 м. су ұңғымасы қазылған. 2 дана сыйымдылығы 200 м3 су қоймасы салынды.
Сондай-ақ, магистральді таратушы құбырдан – 22,27 шақырым, абоненттік құбырдан – 13,753 шақырым жүргізілді.
Ауыл тұрғыны Тұрғынов Бақберген қария бүгін ерекше қуанып жүр. -Есігімнің алдында сарқырап ағып тұрған суды көру бір бақыт. Ауданның көркейіп, өркендеуін күнде тілеп отырамын. Аудан басшыларына рақмет. Енді су тапшылығы болмаса екен,-деген тілегін жеткізді қария.
Мемлекет басшысы осыған дейін индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаевты қабылдаған болатын. Кездесуде мемлекет басшысына, тапсырмалардың орындалу барысы мен халықтың тұрғын үймен қамтамасыз етілу мәселелері мен кен орындарының тексерілу жұмыстарының қорытындысы бойынша есеп берілді.
Марат Қарабаевтың айтуынша, заң бұзушылықтарға байланысты қатты пайдалы қазбаларды игеруге берілген 200-ден астам келісімшарт пен лицензия қайтарып алынды. Келелі кездесу барысында мемлекет басшысына осы уақыт аралығында атқарылған бірқатар жұмыстар мен жоспардағы кезекті жүйелер жайлы есеп берілді.
Министр 800-ден астам жобадан тұратын жаңа индустриялық инвестициялық жобалар топтамасының іске асырылуы туралы да баяндады. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысына көлік инфрақұрылымының дамуы жөнінде ақпарат берілді. Тиісті тапсырма бойынша Үкімет еліміздің көлік-логистикалық әлеуетін дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын бекітті. Сондай-ақ транзиттік әлеуетті арттыру үшін вагон паркі тапшылығына қатысты мәселе шешіліп жатыр. «Stadler», «Alstom» және «Wabtec» компанияларының қатысуымен отандық зауыттарда вагон мен локомотив өндірісі басталады.
Президенттің 2029 жылға дейінгі сайлауалды бағдарламасын іске асыру аясында халықаралық автомобиль дәліздерін дамыту, соның ішінде республикалық маңызы бар 8 мың шақырым автожол салу және қайта жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаевқа азаматтық авиация саласындағы тұрақты өсім туралы да баяндалды. 2022 жылы пандемияға дейінгі көрсеткішке қол жеткізілді, яғни Қазақстан авиакомпаниялары 11 миллионға жуық жолаушы тасымалдады. «Ашық аспан» режимі енгізілді. Ұшу географиясы кеңейіп келеді. 2025 жылға дейін Токио, Сингапур, Шанхай және Нью-Йорк бағыттарына рейстер ашылады деп жоспарланып отыр.
Баяндаманы тыңдай келе мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев орта бизнесті дамыту және шикізат секторына, тау-кен өнеркәсібі мен геологиялық барлау салаларына инвестиция тарту жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
Сонымен қатар Президент жол бойындағы әлеуметтік, инженерлік және коммуналдық инфрақұрылымдарды жаңғыртуға ерекше назар аударуды, өндірістегі отандық үлесті арттыру жұмысын күшейтуді және қала құрылысы кодексін әзірлеуді жеделдетуді талап етті.