1946 жылы Сарыағаш төңірегінде мұнай іздеуші геологтар бұрғылау кезінде минералды суға тап болады. Геологтар іздегендері табылмаған соң жөндеріне кеткен. №7 ұңғымадан 50 градустық термальды су буы бұрқырап, төрт жыл бойы сай-саланы қуалап ағып жатыпты. Судың гидрокарбонат-натрий екені, құрамында жиырмадан астам микроэлементтің иондары барлығын ол кезде кім білген? Дегенмен, жылы суға түсушілер көп болған. Ел арасында «барлық дертті сылып тастайды екен» деген хабар тарайды. 1947 жылдың шілдесінде Әнипа Керімбекқызы деген отандасымыз құяңынан айыққан соң, судың даңқы кең тарай бастайды.
«Сарыағаш» суын медицина қызметкерінің қадағалауымен алғаш рет емге қолдану 1950 жылдың мамыр айынан басталған. «Сары-ағаш» арасанының емдік қасиеті жөнінде көптеген ғалымдар зерттеу мақалаларын жариялады. 1951 жылдың мамыр айының 28-інде №7 ұңғыманың жанынан ұзындығы – 25, ені – 10, тереңдігі 2 метр бассейн салынып, ортасы кенеппен бөлініп, еркектер мен әйелдер бір мезетте ем қабылдауды бастаған екен.
Қазір сауықтыру орнының даңқы облыс, республика тұрмақ, жақын шетелдерге де кеңінен мәлім. Бүгінгі күні санаторийге қойылатын басты талаптар: тиімді емдеу, жайлы жатын жайы, қажетті диагностикалық аспаптар, зертхана және емді сырқат ағзасына қарай аса дәлдікпен жүргізе алатын мамандардың болуы. Індетті кезеңде санитарлы-гигиеналық талаптарға «Сарыағаш» емдеу-оңалту кешені толығымен жауап бере алады.
Мұнда жаяу жүріп, көбірек қозғалысқа түсуге мүмкіндік мол. Серуен бағыттары атшаптырым алқапқа созылған. «Өмір дегеніміз – қозғалыс» десек, адамдар гиподинамикалық жағдайда, үйқамақта болған соңғы кезеңде, саф ауамен демалып, арнайы жаттығулар жасап, қыдырыстаудың қажеттілігі артып тұрғаны ақиқат. Оны «ковидтен кейінгі реабилитациялаудың» басты шарасына жатқызуға болады. Санаторийдің 1980 жылдан емделушілерінің басым көпшілігі гастроэнтерологиялық және урологиялық сырқаттар болды. Сол жылы бүйректің созылмалы қабынуы – гломерулонефритті 48 күндік жолдамамен емдейтін Қазақстандағы жалғыз мамандандырылған 150 орынды бөлім ашылды.
Тәуелсіздік алғалы «Сарыағаш» шипажайы жаңара түсті, жасара түсті. 1995 жылдан гастроэнтерологиялық және уронефрологиялық аурулар емделсе, 1999 жылдың басынан санаторий Сыр бойындағы Қосқақ көлінің тұнбалы балшығын емдік мақсатқа пайдаланып келеді. Мұнда буын, омыртқа аурулары емделеді.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев 2002 жылдың 24 қазанында оңтүстікке жасаған сапарында санаторийге ат басын бұрып, демалушылармен жүздесуінде: «…Сарыағаш шипалы суына сенім мол. Маған жыл сайын осы шипажайда 20 мыңнан астам қазақстандық саулықтарын түзеп қайтатынын айтты. Бұл – ауырмау жолының бір бағыты. Баршаңызға денсаулық тілеймін! «Сарыағаш» халықтық санаторий екен. Оны әлі жақсартып, көркейтеміз» деуі санаторийдің одан әрі дамуына жол ашты. Шипажайдың медициналық реабилитациялау мүмкіндігі қарыштап дамыды. Сол жылы жаңа типтегі балшық емханасы салынды. 2007 жылы минералды су емханасына жапсарластыра қосымша 10 ванналы «Б» бөлігі салынып, іске қосылды. 2010 жылдың жазының басында минералды су емханасы күрделі реконструкциядан өтіп, ем беру сапасы мен мәдениетін жаңа деңгейге көтерді.
Алматылық А.Файзуллин ақсақалдың санаторийге келуіне асқазанының ойық жара ауруы себеп болыпты.
«Ауырсынудан күні-түні жаным жай таппай, қиналған кезімді есіме алғым да келмейді. Дәрі-дәрмектің көмегі болмады. Хирургтер «пышаққа түсу керек» деп үгіттей бастады. Бір танысымнан «Сарыағаш» туралы естіп, ойланбастан осында келдім. Минералды суды алғаш ішкеннен-ақ, төс етегінің астының ауруы бәсейгендей болды. Жас кезім ғой, сол күні кеш түсе санаторий маңындағы төбеге шығып: «Сарыағаш! Менің ауруымды алып қал! Үйіме құлан-таза айықтырып қайтар. Жәрдем ете гөр!» деп жалбарына дауыстадым. Үш жыл емделген соң «язвамды» «Сарыағаш» шынында да «алып қалды». Келмесем, қайта ауыратындай сезініп, келе бердім. Биыл, міне, 50-ші рет келіп тұрмын. Есептеп қарасам, 3-4 жыл өмірім осы «Сарыағашта» өтіпті. Маған қалыпты жағдайда өмір сүріп, еңбек ету мүмкіндігін сыйлаған «Сарыағашқа» алғысым шексіз» деп ризашылық білдіреді.
Міне, гүл-көктем де есіктен енді. Ар жағында дем алатын, ем алатын кезең жаз да келіп қалады. Дәрігер-ғалымдардың «Тұрақты, жыл сайын санаторлы-курорттық ем алу өмірді 10-15 жылға ұзартады» дегенін ұмытпағанымыз жөн.
Айтбай ТӘСІЛОВ, дәрігер-жазушы