Түркістан облысында туризм мен тұрғын үй инфрақұрылымын дамытуға бағытталған жаңа бірегей инвестициялық жоба іске асырыла бастады. Өйткені облыс әкімдігі мен Қытай Халық Республикасының ірі өндірістік компанияларының бірі – «Shandong Kamoya Smart Culture and Tourism Technology Co., Ltd.» арасында өзара тиімді серіктестік нығайды.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бастаған өңір делегациясы ҚХР-дағы Линьи қаласына сапар жасап, «Shandong Kamoya» зауытының жұмысымен, өндірістік қуатымен және инновациялық шешімдерімен танысты. Қазіргі уақытта бұл зауыт «KHAN TAU» брендімен капсулалы үйлер шығаруда. “Енді осы технологиялар Түркістанда өндірілетін болады”-деп, хабарлайды Saraptimes.kz сайты.
Ақпарат көзінің хабарлауынша капсулалы үйлер құрастыру жобасы өткен жылы басталған. Нақтырағы былтыр желтоқсанда Түркістан облысы делегациясының Қытайға жасаған ресми сапары аясында жүргізілген келіссөздер нәтижесінде тараптар бірлескен өндірісті ұйымдастыруға уағдаласқан болатын. 2025 жылдың қаңтарында қытайлық серіктестер Түркістан облысына арнайы келіп, өңірдің инвестициялық әлеуетімен танысты. Қазіргі таңда «BNK GROUP LTD» ЖШС мен «Shandong Kamoya Smart Culture and Tourism Technology Co., Ltd.» арасында капсулалы үйлерді Түркістанда жинау және өндіру бойынша келісім жасалып, алғашқы үйлер дайындалды. Олар жақын арада өңірдегі «KHAN TAU» демалыс аймағына жөнелтіледі. Одан кейін өзге демалыс орындарынан қызығушылық болып жатса оларға да жеткізіп беріледі. Айтып өту керек, жаңадан іске қосылған кәсіпорынның әлеуеті жоғары. Олар сұраныс болса өндіріс көлемін айтарлықтай ұлғайтуға әзір. Алдын ала жоспарға сәйкес келешекте капсулалы үйлерге тапсырыс артады деп күтілуде. Өйткені, капсулалы үй – бұл жаңа буындағы модульдік құрылыс үлгісі. «Shandong Kamoya» компаниясының «Camoya ғарыш капсуласы» жоғары санаттағы кемпингтерге, қонақүйлерге және глэмпингке арналған заманауи шешім ретінде әзірленген. Ол кемпер, мини-қонақүй және модульдік үйдің функцияларын біріктіреді. Мұндай үйлерге жер телімін рәсімдеудің қажеті жоқ, құрылыс экологиялық таза және энергия үнемдейтін принциптерге негізделген. Капсула ішкі жабдықтарына келсек, панорамалық терезелер, жатын және тұрғын аймақтар, толыққанды ас үй мен санитарлық тораппен қамтылған. Сонымен бірге «ақылды үй» жүйесі, кондиционер, мультимедиа жабдықтары және тағы басқа жаюдықтармен жабдықталған. Мұндай ғимараттарды туристік кешендер мен глэмпингтер, модульдік кеңселер мен мобильді үйлер, көрме павильондары, дала зертханалары, қонақүйлерге пайдалануға болады. 50 жылға дейін қызмет етуге жарамды. Салыстырмалы түрде қарағанда жаңа үйдің бұрынғы ғимараттардан тиімділігі мен ерекшелігі өте көп. Енді соған көпшіліктің көзін жеткізу керек. Бүгінде зауыт осы бағыттағы жұмыстарды қолға алған. Ол алдағы уақытта жаңашылдықтың тиімді тұстарын насихаттайтын түрлі семинарлар ұйымдастырылып, кездесулер өтеді. Соның нәтижесінде салынуы оңай, ыстықпен суыққа төзімді әрі сыртқы келбеті де көз тартатын үйлерге сұраныс артады деп күтілуде.
“ Түркістан облысында туризм мен тұрғын үй инфрақұрылымын жаңғырту бағытында мұндай технологиялардың маңызы зор. Біз сіздермен нақты жобаларды бірлесе жүзеге асыруға дайынбыз. Осы арқылы өңірдің өндірістік, туристік, инфрақұрылымдық әлеуетін көтеруге күш саламыз”– деді, облыс әкімі Нұралхан Көшеров.
Кездесу соңында делегация өкілдері компания басшылығына жылы қабылдауы мен тәжірибе алмасуға мүмкіндік жасағаны үшін алғыс айтты. Еске салсақ, Қытай мемлекетіне жасаған сапары кезінде Нұралхан Көшеров бастаған делегация бірнеше кездесулер өткізген болатын.
Айтып өту керек, Шаньдун – Қытайдың солтүстік- шығысындағы түбек. Сары теңізге 350 км сұғына еніп жатыр. Жағалауы жарлы, жақпар тасты; шығанақ қойнаулармен қатты тілімделген. Жағалау өңірінде көптеген аралдар бар. Солтүстік-батыс жағалауы аласа, түйетайлы. жер бедері негізінен төбелі, аласа таулы (Шаньдун тауы, 923 м). Жоталар аралығы мен жағалау өңірінде шағын жазықтар кездеседі. Алтын, графит, тас көмір кен орындары бар. Халық жиі қоныстанған. Бидай, жер жаңғағы, жеміс түрлері өсіріледі. Таулы аудандарда мал шаруашылығы дамыған. Теңізден балық ауланып, тұз өндіріледі. Циндао, Яньтай порттары бар. Шаньдун туристер үшін тартымды болуымен қатар тарихы бай және экономикалық әлеуеті зор аймақ. 2023 жылғы көрсеткіш бойынша өңірдің жалпы өңірлік өнімі (ЖӨӨ) 9 триллион юаньнан асып ($1,3 триллион), ел бойынша алғашқы үштікке енді. Бұл өңірдің ғылым, экспорт, өндіріс, көлік инфрақұрылымы салаларындағы қарқынды дамығанын көрсетеді.
Saraptimes.kz



