Түркістан облысында заманауи кешенді жылыжай жобасын жүзеге асыру көзделіп отыр. Жоба аясында аграрлық өндіріс, білім, туризм және ғылым тоғысқан көпфункциялы база құрылады. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров пен ҚХР-ң мемлекеттік компаниясының Қазақстандағы филиалының бас директоры Янь Цзе мырзаның кездесуі аясында ауыл шаруашылығындағы стратегиялық ынтымақтастық, инновациялық жылыжай өндірісін дамыту және өңірлік инвестициялық серіктестік мәселелері талқыланды.
Инновациялық жылыжай моделі – агроэкономиканың жаңа кезеңі. Жоба негізінде Түркістан облысында жылыжай кешені, агротехникалық өндіріс және ғылыми-тәжірибелік алаң құрылмақ. Нақтырақ айтқанда, индустриялық аймақта болат құрылымдарын өндіретін зауыт, бірнеше автоматтандырылған жылыжай кешені, сапалы көкөніс өсіру алаңы және агротуризм бағыты қатар дамиды.
Бұған қоса, жергілікті білім ордаларымен бірлескен ғылыми-тәжірибелік орталық ашу жоспарланған. Мұнда студенттер мен ғалымдар жылыжай жағдайында зерттеулер жүргізіп, өнім сапасын арттыруға арналған жаңа әдістерді сынақтан өткізеді. Ғылыми нәтижелер негізінде жеке қосалқы шаруашылықтарға бейімделген технологиялар дайындалып, жергілікті тұрғындарға қосымша табыс көзі ретінде ұсынылады. Ал агротуризм бағыты аясында келушілерге өз қолымен көкөніс теріп, ұлттық тағамдар әзірленетін ашық алаңда уақыт өткізу мүмкіндігі ұсынылады. Бұл бағыт Түркістанның туристік әлеуетін агроөнеркәсіппен ұштастыратын жаңа формат ретінде бағалануда.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров кездесуде өңірдің инвестициялық артықшылықтарын ерекше атап өтті. Түркістанда дайын инфрақұрылымы бар индустриялық аймақтар мен «Turkistan» арнайы экономикалық аймағы жұмыс істейді.
– Осыған дейін Хэйлунцзян провинциясының вице-губернаторы Чжан Цисян мырза бастаған делегацияның Түркістан облысына сапары барысында өзіңізбен кездескен болатынбыз. Бүгінгі кездесуіміз нақты жоспарлар бойынша пікір алмасу үшін тиімді алаң деп білемін. Түркістан облысының ауыл шаруашылығы саласы, оның ішінде жылыжайда көкөніс өсіру бағыттары елімізде жетекші орын алады. Ауар-райы қолайлы, еңбекқор халқымызбен мақнатамыз. Біз өндіріс көлемін ұлғайтумен қатар, өнімнің сапасын жетілдіруге және технологиялық даму деңгейін арттыруға баса мән беріп отырмыз. Осы мақсатта заманауи агротехнологияларды енгізу, тамшылатып суару жүйелерін кеңінен қолдану, жылыжайларды автоматтандыру, сондай-ақ логистика мен экспорттық әлеуетті дамыту жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Біздің облыста бірлескен жобаларды әзірлеу үшін үлкен әлеует бар, оларды іске асыруға қазақстандық және қытайлық компаниялар тартылуы мүмкін. Өз тарапымыздан толық қолдау көрсетуге дайынбыз және ынтымақтастығымыз ұзақ мерзімге жалғасады деп үміттенеміз, — деді Нұралхан Көшеров.
Түркістан облысында жүзеге асырылатын кешенді жылыжай жобасы – тек ауыл шаруашылығы емес, ғылым, білім, туризм және кәсіпкерлік бағыттарын біріктіретін ауқымды бастама. Бұл өңірдің экономикалық әртараптануына, жаңа жұмыс орындарының құрылуына, ал отандық агросектордың технологиялық жаңғыруына серпін бермек. Түркістан облысы өз тарапынан барлық қажетті қолдауды көрсетуге дайын.
Қазіргі таңда Түркістан облысы республика бойынша жылыжай өндірісінің көшбасшысы саналады. Еліміздегі жылыжайлардың басым бөлігі осы өңірде шоғырланған. Статистикаға сүйенсек өңірде 800 гектарға жуық жылыжай бар. Оның ішінде 87 гектары – өндірістік, ал 1482 гектары фермерлік жылыжайлар. 2015 жылмен салыстырғанда осы салаға тартылған инвестиция көлемі 7 есеге ұлғайды, былтыр 74,7 млрд. теңгеге жетті. Жылыжайлардың басым бөлігі көкөніс өсіруге бағытталған. Былтыр сол жабық алаңдарда 83 931 тонна көкөніс өндірілді. Осындай көрсеткіштің арқасында Түркістан – республика халқын жеміс-көкөніс өнімдерімен, оның ішінде жылыжай кешеніндегі қызанақ, қиярмен қамтамасыз ететін негізгі өңірге айналды. Өңірдегі жылыжайлар тек көкөніс өндіріп қана қоймай азаматтарды жұмыспен қамту бағытындада елелулі орынға ие. Онда 12 мыңнан астам адам еңбек етеді.
Өңірдегі жылыжай көлемін арттыру бағытындағы жұмыстар әлі де өз жалғасын табуда. Мәселен, қазір Түркістан облысы Келес ауданының аумағында «ЭКО-культура» компаниясының қолдауымен ірі жылыжай кешенінің құрылысы жүргізіліп жатыр. Жобаны іске қосу, өңірде ішкі нарықты отандық өнімдермен қамтамасыз ету көлемін арттыруға, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және халықтың әл-ауқатын көтеруге өз септігін тигізеді деп күтілуде. Сонымен қатар бұл әріптестік агросаланы дамытуға серпін береді. Жергілікті халықты тұрақты жұмыспен, жоғары жалақымен қамтуға өз септігін тигізеді деген жоспар бар. Толық 2027 жылы жүзеге асырылатын жобаның бірінші кезектегі жұмыс орындарының саны – 1000. Жылыжай мегакешенінің жобасы серіктес «ЭКО-культура» агроөнеркәсіптік холдингінің қазақстандық «Green Land Alatau» компаниясының көмегі арқылы жүзеге асырылмақ. Заманауи жылыжай кешендері жылыту жүйесі мен салқындатуды, жарық режимін, тамшылатып суаруды, атмосферадағы көмірқышқыл газының мөлшерін басқаратын заманауи автоматтандырылған климаттық бақылау жүйесімен жабдықталады деп жоспарланған
Saraptimes.kz



