Түркістан облысында алдағы уақытта импортты азайтып, экспорт көшемін арттыратын жобаларға басымдық беріледі. Бұл туралы облыс әкімі төрағалық еткен жиыннан кейін Saraptimes.kz хабарлады. Ақпарт көзінің айтуынша облыс орталығында Үкіметтің инвестициялық жобалардың тізімін жасақтау жөніндегі тапсырмасы бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды саралайтын арнайы жиын өткен. Онда өңірдің экспорттық әлеуеті мен импортқа тәуелділігі таразыға түскен.
Жиында байқалғаны соңғы уақытта облыс әкімі Нұралхан Көшеровтың қадағалауымен елге кіріп жатқан импорт тауарларына талдау жүргізіліп, импортты азайтып, экспортты ұлғайту жұмыстары жандана түскен. Кезекті жиын өңір басшысы өндіріс орындарын ашып, ауыл шаруашылығында терең өңдеуге басымдық беріп, отандық нарықты қамту керектігін тағыда жауаптылардың есіне салды.
– Жеңіл өнеркәсіп, ауыл шаруашылығында Түркістан облысының әлеуеті өте жоғары. Барлық саланы терең зерделеп, мүмкіндігімізге сай келетін бағыттар бойынша жобалар мен жоспарлар әзірлеңіздер. Дамытатын салаларды қаржыландыру бойынша нақты ұсыныстар қажет. Импортты азайтып, отандық нарықты қамтып қана қоймай, кейбір салалар бойынша экспортты ұлғайтуға да мүмкіндік бар. Жұмысты жандандыру керек, – деген Нұралхан Көшеров жауапты басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдеріне тиісті тапсырмалар берді.
Түркістан облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Нұржігіт Мырзахметовтың айтуынша, импортты алмастыратын 6 сала, 31 өнім бойынша талдау жүргізілген. Аталған салаларда импортты алмастыратын 65 инвестициялық жоба бар. Оның ішінде, 28 инвестициялық жоба 2025 жылы, 26 инвестициялық жоба 2026 жылы және 11 инвестициялық жоба 2027 жылы іске асады деп жоспарланған. Инвестициялық жобалардың жалпы құны – 707 млрд. теңге. Жоба саны мен қаржы көлемі ұлғаяды.
Жобалардың бірқатар ірілеріне тоқталсақ, Түркістан облысының өндіріс орындары алдағы уақытта алюминий профильдерімен елімізді толық қамтымақ. Сонымен бірге жиһазбен де отандық нарықты қамтып, экспортты ұлғайтуға мүмкіндік бар. «Жасыл Суық Қазақстан» компаниясы толық қуатына енгенде өнеркәсіптік тоңазытқыштар құрылғылары импорты көлемін 48 пайызға төмендетсе, алдағы уақытта іске қосылатын зауыт арқылы елімізді сыртқы бейнебақылау камераларымен толық қамту көзделіп отыр. Кептірілген көкөніс шығару, жеміс-жидекті терең өңдеу, ауыл шаруашылығы техникаларын шығару, жылу құбырларын шығару және өзге де салалар бойынша импортты төмендету бойынша жобалар жүзеге асады.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Файзулла Байдуллаевтың айтуынша, өңірдің импортқа тәуекелділігін төмендету бағытында агроөнеркәсіптік кешенінде инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан негізгі 10 бағыт айқындалған. Сүтті терең өңдеу, ет экспортын арттыру бойынша жаңа кәсіпорындар ашылып, жобалар жүзеге асырылуда. Сонымен бірге алдағы уақытта құс шаруашылығын дамыту, көкөніс сақтау қоймаларының сыйымдылығын арттыру, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу бағытындағы жұмыстар күшейтілмек.
Айтып өту керек, қазір Түркістан облысы көп өніммен өзін-өщі қамти алатын жағдайға жеткен. Атап айтқан сүт өнімдері дерлік өз аумағында өндіріледі. Бұл бағытта Түлкібас, Сайрам аудандарындағы іс көпке үлгі.
Мәселен, өткен жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасының қолдауымен Түлкібас ауданына қарасты Майтөбе ауылында ашылған «Майтөбе сүт» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі осы кезге дейін тәулігіне 1 тонна сүтті өндеп, түрлі өнім шығарып келген-ді.
Бүгінде халықтың көңілінен шыққан, сапалы әрі дәмді өнімдері сұранысқа ие цех енді өнім көлемін 3 есеге арттырып, тәулігіне 3 тонна сүт өңдемек.
Бүгін аталған нысанға аудан әкімі Асқар Естібаев, аудандық мәслихаттың төрағасы Серғали Сәрсенбаев және жауапты мамандар арнайы барып, кәсіпкердің жаңа жобасымен танысты.
«Майтөбе сүт» өндірістік кооперативінде айран, қаймақ, сары май, сүзбе, чечель, ірімшік, құрт өнімдері өндіріліп, дүкен сөрелеріне сатылымға шығуда.
Бүгінгі таңда кәсіпорында екі ауысыммен 18 адам жұмыс істеуде. Алдағы уақытта кәсіпорын жұмысын ұлғайту көзделіп отыр.
Аталмыш өндірістік кооперативін қайта жабдықтау жұмыстарына 80 млн. теңге жұмсалған.
Saraptimes.kz




