Жақын жылдарда Түркістанда ауыл шаруашылығы мен университеті, ал Мақтааралда жаңа өндірістік аймақ ашылуы мүмкін- деп, хабарлайды Saraptimes.kz. Ақпарат көзінің мәлімдеуінше ірі жобалардың барлығы қытайлық инвесторлардың қолдауыменжүзеге асады. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров шетелдік инвесторлар мен ауыл шаруашылығы саласын зерттеуші ғалымдармен, профессорлармен кездесуінен соң айтылды. Кездесуде Түркістан өңірінде ауыл шаруашылығы саласын ғылыми негізде дамыту, су үнемдеу технологиялары мен топырақ құрамын зерттеу мамандарын даярлайтын ғылыми орталық құру, оны дамыта келе университет ашу мәселесі талқыланды. Өңір басшысы бұл бағыттағы бастамаларға толық қолдау болатынын жеткізді.
– Түркістан облысына қош келдіңіздер. Бүгінде өңірімізде ауқымды инвестициялық жобалар іске асырылуда. Облысты жан-жақты дамыту жұмыстары жүруде. Биыл Түркістанда Оңтүстік Кореяның «Woosong» университетінің филиалын ашу жоспарланып отыр. ІТ мамандары даярланады. Дегенмен Түркістан өңірі ауыл шаруашылығы бойынша елімізде бірінші орында тұр. Сондықтан осы саланы терең зерттейтін әрі ауыл шаруашылығы, су, жер өңдеу, өсімдіктердің сапалы тұқымдарын әзірлейтін мамандар даярлайтын ғылыми орталық, лаборотория, университет ашуға мүдделіміз. Осы бағыттағы ұсыныстарды қабылдаймыз және қолдау көрсетеміз. Ол зерттеу орталығы тек Түркістан облысына ғана емес, өзге өңірлерге де мамандар даярлауға үлес қосады. Ұсыныстарға ашықпыз, – деді Нұралхан Көшеров.
ҚХР-дың Пекин ауыл шаруашылығы университетінің вице-президенті әрі профессоры Ду Тайшэн Түркістан облысының ауыл шаруашылығындағы әлеуеті өте жоғары екеніне тоқталды. Осындағы мақта шаруашылығына қатысты инвестициялық жобалар жүзеге асып жатқан аймақты зерделеп, су үнемдеу технологиясын енгізу жолдарын жандандыру, суды тиімді пайдалану, топырақ құнарын зерттеуге қолдау көрсетуге дайын екендерін жеткізді. Осы бағытта жұмыстар басталуда. Мамандар әзірлеуге, зерттеуге көмек көрсетіледі.
Ал арнайы ғылыми орталық пен университет ашу мәселесі мемлекетаралық деңгейде шешілетін мәселе екеніне тоқталған ол, бұл ұсыныстар зерделенетінін атап өтті.
Ал, Мақтаарал ауданындағы өндірістік аймақ туралы облыс әкімінің қытайлық инвесторларымен болған кездесуінде мәлім болды. Сол кездесу кезінде шетелдік инвестор «Атамекен» кеден бекеті маңында жүзеге асырылуы жоспарланған «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығында жобаларды жүзеге асыруға ниетті екенін білдірді
– Біз өндірісті өркендетуге жаңа зауыттар мен жұмыс орындарын ашуға басымдық беріп отырмыз. Инвесторларға инфрақұрылым бойынша қолдау көрсетуге дайынбыз. Әрбір жобаны сүйемелдеп, бірге жұмыс істейміз, – деді Нұралхан Көшеров.
Кездесу барысында әріптестік жөніндегі меморандум түзу бойынша келісім жасалды. Инвестор Мақтаарал ауданы, «Атамекен» кеден бекеті маңында жүзеге асырылуы жоспарланған «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығында электр жабдықтарын, пластмасса өнімдерін, жылу құбырларын және өзге де заттар шығаратын кәсіпорындар ашуды көздеп отыр. Сонымен бірге инвестиция тартып, бизнес орталық, жүк сақтау қоймаларын салу жоспарын да жеткізді. Бұл мәселелер зерделеніп, тиісті жұмыстар жүргізіледі.
Жаңа бастаманы жүзеге асыру бойынша Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров пен қытайлық инвестор Чжоу Дань келіссөздер жүргізген болатын. Сол келіссөз нәтижесінде Түркістан облысы әкімінің орынбасары Талғат Қозбеков пен қытайлық инвестор арнайы меморандумға қол қойды.
Меморандум аясында «Түркістан» арнайы экономикалық аймағының индустриалды паркін салу жобасы жүзеге аспақ. Жоба ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды, өндірісті, сатуды және қызмет көрсетуді біріктіретін заманауи интеллектуалды индустриялық кластер құруға бағытталған. Жобаны Орталық Азияда энергетикалық жабдықтар, энергия үнемдейтін жарықтандыру құрылғылары, құбырлар мен клапандар, тұрмыстық тауарлар және тағы басқа өнімдер өндіретін жетекші өндірістік база мен технологиялық инновация орталығына айналдыру көзделуде. Жоба 3 кезеңмен жүзеге аспақ. Инвесторлар өндіріс қуаттылығын кезең-кезеңмен іске қосу, нарықты кеңейту, отандық брендті дамыту жоспарда бар екенін жеткізді.
Сонымен қатар аймақта металлургия саласындағы терең өңдеу, тоқыма бұйымдарын өндіру және электрондық коммерцияға бағытталған логистикалық қойма, өндірістік зауыттар, кедендік қоймалар, кеңсе және тұрмыстық инфрақұрылым нысандарын салу жоспарлануда. Жоба арқылы Орталық Азия аумағында жоғары технологиялы өндіріс пен халықаралық сауда орталығын қалыптастырып, Түркістан облысының өнеркәсіптік дамуына және экономикалық өсіміне ықпал ету көзделуде.
Saraptimes.kz




