“Түркістан облысында өндіріс орындарын көптеп ашуға басымдық беріліп отыр”-деп, хабарлайды Saraptimes.kz. Ақпарат көзінің мәлімдеуінше соңғы уақытта өңір басшысы халқы тығыз, жұмыс күші жеткілікті өңірге көптеп инвестиция тартып өндіріс орындарын ашуға басымдық берген. Соның нәтижесінде алдағы уақытта Түркістан облысында ауылшаруашылығына қажетті дрондар шығарылып метал өңдеу зауыты іске қосылмақ. Бұл екі жобада шетелдік инвесторлардың қолдауымен жүзеге аспақ. Дрон шығару ісін «AVATAR AGRICULTIRAL TECHNOLOGY DEVELOPMENT» компаниясы қолға алған. Бұл компаниямен жыл басында ауыл шаруашылығы дрондарын шығаратын зауыт ашу бойынша келісім жасалған болатын. Жобаның болжамдық құны – 5 млн. АҚШ доллары. Қуаттылығы айына – 600 дана. Бүгінде қытайлық инвестор ғимаратты өндіріске бейімдеп, арнайы құрал-жабдықтарын жеткізе бастады. Жұмыстың басым бөлігін негізінен роботтар атқарады деп күтілуде. Өңір басшысы инвестормен пікір алмасып, жобаға қолдау көрсетілетінін жеткізді. Аталған зауыт ашылған соң елімізді ауыл шаруашылығы дрондарымен қамтуды көздеп отыр. Ал, жоба Сауран ауданының аумағында жүзеге асады. Жоба бойынша қолға аоынған жұмыстармен облыс әкімінің өзі арнайы танысты. Сол сапары кезінде Нұралхан Көшеров жауаптыларға инвестиция тарту бағытындағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды.
– Біздің басым бағытымыз – өндіріс орындарын ашу. Одан басқа жол жоқ. Өндірістік парктегі әрбір ғимаратта өндіріс орындары жедел іске қосылып, жұмыс орындары ашылуы тиіс. Ал ғимаратты алып, жобаны кешіктіргендермен жұмыс жүргізіңіздер. Нысанды басқа инвесторлар мен кәсіпкерлерге ұсыну қажет. Жұмыстар жоспардан кешікпеуі керек, – деді Нұралхан Көшеров.
Сондай-ақ, осы сапары кещінде өңір басшысы ауыл шаруашылығы техникаларын, тұрмысқа қажетті пакет шығаратын, жиһаз өндіретін және өзге де кәсіпорындарды аралап көрді. Жылу қазандықтарын құрастыру жоспары да пысықталды. Кәсіпкерлер мен инвесторлар жұмысты бастауға қолайлы жағдай ұсынған облыс әкімдігіне ризашылықтарын білдірді. Алдағы уақытта өндірістік парк жаңа жобалармен толығады деп жоспарланып отыр.
Ал, металл өңдеу зауытын италиялық кәсіпкер жүзеге асыруға ниетті. Ол жайлы облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің «Resource Іnvest» компаниясының өкілдерімен кездесуі кезінде сөз болды. Кездесуде әріптестік орнату, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды.
– Түркістан облысында инвесторларға қолайлы жағдай жасалған. Жобаларды бірлесе жүзеге асыруға дайынбыз. Мақсатымыз – өндіріс орындарын көбейтіп, халықты жұмыспен қамту. Ұсыныстарыңыз зерделеніп, тиісті шешім қабылданады, – деді Нұралхан Көшеров.
«Resource Іnvest» компаниясының өкілдері Евгений Клюев пен Яшар Латыев, сонымен бірге, осы компанияда қызмет ететін италиялық кәсіпкер Вессио Раффаэле металл кластерін дамыту жөніндегі ұсыныстарын жеткізді. Жобаны Түлкібас ауданында жүзеге асыру көзделген. Металлургия зауытын ашу жобасын 2024-2032 жылдар аралығында жүзеге асыру жоспарланған. Жылына 403,2 тыс. тонна өнім шығару межеленген кәсіпорында 400 жұмыс орны ашылады деп күтіліп отыр.
Облыс әкімі жоба нақтыланған соң Жол картасын әзірлеу керек екенін айтты.
Сондай-ақ, жақында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Өзбекстаннан келген инвесторлармен кездесті. «U-UMAX Group» компаниясының өкілдері Түркістан облысымен әріптестік және іскерлік байланыс орнатуға ниетті екендерін жеткізді. Өңір басшысы Түркістан облысында қолайлы инвестициялық климат қалыптасқанын жеткізді.
– Өзбекстан – көршілес мемлекет қана емес, бауырлас ел. Орталық Азиядағы экономикасы дамып келе жатқан қос мемлекет арасында байланыс өте жоғары деңгейде. Түркістан облысында кәсіпкерлікті, өндірісті, туризмді, ауыл шаруашылығын дамытуға басымдық берілген. Ұсыныстарды қарастыруға дайынбыз, – деді Нұралхан Көшеров.
Өзбекстандық кәсіпкерлер құрылыс, жол, теміржол және өзге де салалар бойынша жобаларды қарастыратындарын жеткізді. Әріптестікті, байланысты нығайту жолдары талқыланып, келіссөздер жүргізілді.
Айта кетейік, облыс көлемінде инфрақұрылым желілерімен қамтылған 19 индустриалды аймақ, шағын өндірістік парк, 5 өндірістік субзоналары бар арнайы экономикалық аймақ бар. Бұл аймақтарда 52 кәсіпорын жұмыс істейді. Қазіргі уақытта қосымша 195,4 млрд. теңгеге 57 жобаға қажетті құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Saraptimes.kz



