Түркістан облысының Түлкібас ауданында жалпы ұзындығы 108,7 шақырым болатын 13 каналға реконструкция жасалды. Оның ішінде 76,3 шақырымы бетондалды, 32,4 шақырымына механикалық тазарту жүргізілді. Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов жасалған жұмыстардың нәтижесімен танысты. Бүгінде каналда әрлеу және тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Реконструкция жұмыстарының нәтижесінде 8 632 гектар егіс алқабы қайта игеріліп, аудандағы жалпы суармалы алқап көлемі 16 832 гектарға жетеді.
Өңірге сапары аясында министр Жоғарғы Ақсу су торабының жұмысымен танысты. Нысан Сайрам ауданының диқандарын суармалы сумен қамтамасыз етеді. Бүгінде су торабынан секундына 7 текше метр су жіберіліп жатыр.
Нұржан Нұржігітов Сайрам ауданының диқандарымен және «Тұран су» мекемесінің қызметкерлерімен кездесті. Ведомство басшысы елімізде су шаруашылығын дамыту бағытында жасалып жатқан жұмыстар жөнінде айтып берді.
«Түркістан облысының диқандарын суармалы сумен тұрақты қамтамасыз ету үшін Бәйдібек ата су қоймасы салынып жатыр. Нысан қолданысқа берілгеннен кейін Сайрам ауданында суармалы сумен қамту мәселесі толық шешіледі. Дегенмен шаруалар су үнемдейтін жүйелерге көшуі керек. Бұл — заман талабы. Елімізде су үнемдеу жүйелерін сатып алу шығыны 80%-ға дейін өтеледі. Ұңғыма қазу үшін де 80% субсидия қарастырылған. Мемлекет тарапынан қолдау бар, енді соны пайдалану керек» — деді, Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Одан кейін министр «Сайрам-су» су бөгетіне барды. Нысан Сайрам-су өзенінің ағынын реттеп, оң және сол жағалау магистральдық каналдары арқылы 8 760 гектар жерді суармалы сумен қамтамасыз етеді. Сондай-ақ «Тоғыз» су қоймасына қосымша су жібереді.
Министр Түркістан облысының «Қазсушар» филиалына жаңа арнайы техникалардың кілттерін табыстау рәсіміне қатысты. Жалпы алғанда, филиал 69 техника алды, оның ішінде экскаватор-тиегіштер, шынжыр табанды экскаваторлар, тіркемелер, су тасығыштар, самосвалдар, автокран, тартқыш, аспалы жабдық, дизельді генератор және т.б. бар. Филиалға жалпы саны 133 техника бөлінді, енді қалғаны жыл соңына дейін жеткізіледі.
Айтып өту керек министірдің Түркістан облысына жасаған сапары кезінде Облыс орталығында Нұржан Нұржігітовтің қатысуымен ағын суға қатысты мәселелер талқыланған мәжіліс өтті. Онда облыс аумағындағы вегетациялық маусымның өту барысы қаралып, су үнемдеу технологияларын енгізу жолдары айтылды. Мәжілісті Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров жүргізіп отырды.
Министр су саласына қатысты өзгерістер мен бастамалар туралы баяндады.
– 10 маусымнан бастап жаңа Су кодексі күшіне енді. Біраз өзгерістер бар. Оның ең ауқымдысы әрі маңыздысы су үнемдеуге басымдық берілуінде. Себебі, елімізде жылдан-жылға ағын су көлемі азайып келеді. Сондықтан ауыл шаруашылығында су үнемдеу технологияларын енгізуге басымдық беріліп, осы бағытта жұмыс істейтін шаруаларға қолдау күшейтіледі, – деген Нұржан Нұржігітов су үнемдеу технологиясын дамыту – заман талабы екенін жеткізді.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров ағын су саласындағы маңызды мәселелерге тоқталды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы еліміздің тұрақты экономикалық дамуын қамтамасыз ету үшін су ресурстарының жетіспеушілігі мен оларды ұтымды пайдаланудың тиімді шараларын қабылдауға ерекше назар аударып келеді. Өңірде су нысандары инфрақұрылымын дамыту – өзекті мәселе. Республикадағы суармалы жердің төрттен бір бөлігі, яғни, 552 мың гектары Түркістан облысының үлесінде. Облыста биыл 27 мың гектарға су үнемдеу технологияларын енгізу міндеті жүктелген. Бірақ өңірдің мүмкіндігіне сәйкес, су үнемдеу технологиялары биыл 59 мың гектарға енгізіледі. Бүгінгі күнге жоспар 46 мың гектарға орындалды. Қалғанны вегетация маусымы аяқталған соң енгізіледі. Өзіңіздің қолдауыңызбен «Ислам даму банкінің» қаржысын тарту арқылы биыл облыс аумағында бірқатар су нысандарына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда, – деген Нұралхан Көшеров министрге қолдауы үшін ризашылығын білдіре келе су үнемдеу технологияларын субсидиялау мәселесіне қатысты ұсыныстарын жеткізді.
Жиында су шаруашылығына жауапты министрлік пен мекемелердің жауапты тұлғаларының баяндамалары тыңдалды. Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбековтың вегетациялық кезеңнің өту барысы туралы есебі назарға алынды.
Биыл облыста ауыл шаруашылығы дақылдары 890 мың гектарға, яғни, өткен жылмен салыстырғанда 17 мың гектарға артық егілді. Оның ішінде, суармалы алқап 552 мың гектарды құрайды. Егістікке қажетті ағын су көлемі шаруалардың сұранысына сәйкес босатылып, вегетациялық маусым қалыпты деңгейде өтуде.
Облыстық бюджет мүмкіндігі шегінде, аудан, қалаларда бірінші кезекте қалпына келтіруге жататын су нысандарына жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Су қоймалардан ағын су босатылуда. Былтыр облыстық бюджет есебінен 43 шақырымды құрайтын 11 су нысанына (10 канал — 2025 жылға өтпелі) күрделі жөндеу және 1 350 шақырым қашыртқыларға қатысты 6 жобаға механикалық тазалау жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 2,9 мың гектар жер сумен қамтамасыз етіліп, 26,9 мың гектар жердің мелиоративтік жағдайы жақсарды. Биыл 5,4 млрд. теңге қаржы қаралып 59 шақырымды құрайтын 13 су нысанына күрделі жөндеу, 21,8 шақырымды құрайтын қашыртқыларға (1 жоба) механикалық тазалау жұмыстары басталды. Республикалық меншіктегі нысандарда жалпы құны 122,8 млрд. теңгені құрайтын 4 жоба жүзеге асырылуда.
Су нысандарын қалпына келтіру бойынша кешенді шаралар атқарылып, «Тұран су» кәсіпорны қажетті техникалармен қамтамасыз етілді. 2023 — 2024 жылдары 3,6 млрд. теңгеге 60 арнайы техника сатып алынды. Осы техникалар есебінен 2025 жылдың алты айында 533,4 шақырым каналдарға механикалық тазалау жұмыстары жүргізілді. Saraptimes.kz



