“Бүгінде сәнге айналған джинсы маталар келешекте Түркістанда өндіріледі” -деп, хабарлайды Saraptimes.kz. Ақпарат көзінің мәліметінше әлемде жоғары сұранысқа ие мата осы өңірде өсірілген мақтадан тоқылады. Ол үшін облыс орталығындағы «TURAN» арнайы экономикалық аймағынан үлкен зауыт салынады. Жобаны жылдамырақ іскен қосу үшін облыс әкімі Нұралхан Көшеров шетелдік ірі компанияның бас директорымен кездесіп, мата өндіру, киім тігу саласында инвестициялық жобаны жүзеге асыру жайын жан-жақты талқылады.
Аймақ басшысы өңірде мақта-тоқыма кластерін дамытуға аса басымдық берілгенін айтып, бірлесе жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді.
– Түркістан облысында мақта-тоқыма кластерін құруды қолға алдық. Қазіргі таңда мақта өңдеудің толық циклін қамтитын ірі жобалар жүзеге асырылуда. Сіздер ұсынған жобаларды да зерделеп шықтық. Өңір экономикасына тиімді жобаларды қолдауға әрқашан дайынбыз. Құжаттандыру жұмыстарын сүйемелдейміз. Шарттарымыз да бар. Талаптарды белгілеп, жіті зерделеп, меморандум жасаймыз, – деді Нұралхан Оралбайұлы.
Жалпы, Түркістан облысында мақта және тоқыма кластерін дамыту жолға қойылған. Ал, жаңа жоба жүзеге асатын болса өңірдің бұл бағыттағы тынысы тағы да кеңитін болады. Себебі жоба аясында жіп иіру желілерін, сондай-ақ, джинсы маталарын шығаратын, киім тігетін өндіріс желілерін іске қосу жоспарланған. Ол үшін Түркістан қаласындағы «TURAN» АЭА аумағынан 20 гектар жер қарастырылуда. Тоқыма өндірістік базасы үш кезең бойынша жүзеге асырылмақ. Атап айтқанда, бірінші кезеңде роторлық иіру өндірісінің, екінші кезеңде сақиналы иіру өндірісінің, үшінші кезеңде джинсы мата өндірісінің құрылысын жүзеге асыру көзделген. Бұл өз кезегінде бірнеше мәселенің оң шешілуіне ықпал етпек.
Біріншіден, зауыт салынса жыл сайын туыдайтын мақтаның бағасына қатысты мәселе шеіледі. Өйткені, өндірістік база толықтай отандық өнімді қолданатын болады.
Екіншіден, жұмыссыздық жойылады. Қолда бар мәліметке мән берсек үш кезеңнен тұратын өндіріс орны толықтай пайдалануға берілсе жүздеген жанның екі қолына бір күрек табылады. Оған мақта алқаптарында еңбек ететін жұмысшыларды қоса есептесек бір кәсіпорынның іске қосылуымен мыңдаған жұмыссыздың мәселесі шешіледі.
Одан кейін бюджетке түсетін түсім көлемі артып, импортка деген тәуелділік төмендейді.
Компания басшысы барлық өңірлер арасынан таңдауы Түркістанға түскенін айтып, жіп иіру және мата шығару бағытындағы жетістіктерімен бөлісті. Жоғары сұранысқа байланысты киім-кешек тігетін зауыт салуды да жоспарлап отырғанын айтты. Құрылыс жұмыстарын биыл бастауға дайын әрі келесі жылы 1 кезең бойынша жұмыстарды аяқтауға ниетті екенін жеткізді.
100 пайыз жергілікті шикізатты (мақта) пайдалана отырып, өнімді Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) шеңберінде экспортқа бағыттау, соның ішінде Орталық Азия, Ресей және Еуропа нарығына шығару көзделуде.
Жалпы өңірге инвестиция тартып, өндіріс орындарын ашу жұмыстары тек облыс әкімдігі тарапынан ғана жүзеге асумен ғана шектеліп жатқан жоқ. Бұл бағыттағы істер облыс әкімінің тапсырмасымен барлық аудан-қалада қарқынды. Соның дәлелі жақында ғана Түркістан облысы, Сауран ауданы, Оранғай ауылдық округінің әкімі Берік Қуандық, «Жасыл Сауран» мекемесінің директоры Нұржан Бадамбаев және жеке кәсіпкерлер Түркия Республикасының Кония қаласына жұмыс сапарымен барды.
Іссапардың негізгі мақсаты – шетелдік инвестиция тарту, кәсіпкерлік байланыстар орнату және аудан көлемінде өндірістік әлеуетті арттыру. Сапар барысында делегация мүшелері Кония қаласындағы бірқатар индустриялық аймақтарды аралап, жергілікті өндіріс ошақтарының жұмысымен танысты. Сонымен қатар ірі кәсіпорындармен іскерлік кездесулер өткізіліп, нақты әріптестік мүмкіндіктері талқыланды.
Атап айтқанда, гидравликалық қысым, механикалық діріл және PLC басқару жүйесіне негізделген автоматтандырылған машиналар шығаратын «Kanat Makina San. Tic. Ltd. Şti», мәрмәр тас өңдеу жабдықтарын өндіретін «Efeşen», сондай-ақ сүт өнімдері және бал өндіруге арналған машиналар мен жабдықтар шығаратын «Türköz» компанияларымен ынтымақтастықты нығайту мақсатында келіссөздер жүргізілді.
Кездесулер нәтижесінде екіжақты экономикалық байланысты дамытуға ниет білдірілді. Бұл сапар Сауран ауданы үшін жаңа өндірістік технологияларды меңгеру мен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру бағытында маңызды қадам болмақ.
Saraptimes.kz



