Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауыл шаруашылығы саласындағы жалпы өнімінің көлемін 2 есеге ұлғайту жөніндегі тапсырмасы аясында Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылығы министрлігімен бекітілген жол картасы бойынша 2025 жылға негізгі 10 индикаторлық көрсеткіштер жоспары бекітілген. Аталған жоспардың орындалу Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен мәжілісте талқыланды. Өңір басшысы жоспарды кешеуілдеткен аудан, қала әкімдерінің есебін тыңдап, тиісті тапсырмалар берді. Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Файзулла Байдуллаевтың айтуныша, осы салада 6 айда жалпы өнім көлемі 253,9 млрд. теңгені құрап, нақты көлем индексі 104,7 %-ды құрады. Негізгі капиталға инвестиция тарту 44,2 % орындалып, 103,8 млрд. теңгеге инвестиция тартылды. 6 айда 82,3 млрд. теңге инвестиция тарту жоспары 1,3 есе артық орындалды. Су үнемдеу технологиялары жаңадан 59 гектарға орналастырылып, жоспар 1,4 есе артық орындалды. Егіс алқаптарына ғылыми негізде 189,8 мың тонна тыңайтқыштар енгізу жоспары 109 % орындалды немесе 206,2 мың тонна тыңайтқыштар сатып алынды. Машина трактор паркін 6,5 % жаңалауды қамтамасыз ету бойынша 877 ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды. Жалпы 2025 жылға 1649 дана ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу жоспарланған.
Техникаларды жаңалау үлесі 9,4 %-ға жетеді. Шардара ауданында «Батырхан ата» ЖК-нің «2200 тонналық көкөніс сақтау қоймасы» жобасы жүзеге асырылды. Түлкібас ауданында «Кентау» ЖШС-нің «2000 тонналық көкөніс сақтау қоймасы», Сайрам ауданында «Shagyr Fruit» ЖШС-нің «2200 тонналық көкөніс сақтау қоймасы» жобалары жыл соңына дейін тапсырылады деп жоспарланған.
Жалпы АӨК даму көрсеткіштерінің орындалуы бойынша басқарма тарапынан ай сайынғы рейтинг бағалау жұмыстары жүргізілуде. 6 айдың қортындысымен алғашқы үштікке Түлкібас, Созақ, Отырар аудандары орналасқан. Көш соңындағы аудан, қала әкімдеріне тиісті ескерту беріліп, жұмысты ширату тапсырылды.
Айта кетейік, АӨК-тің инвестициялық жобалары бойынша 2025-2027 жылдарға арналған Жол картасына сәйкес, жалпы құны 227,5 млрд. теңгені құрайтын 60 жобаны іске асыру көзделген (2252 жаңа жұмыс орны құрылады). Биылғы жартыжылдыққа 53,6 млрд. теңгеге 17 жоба іске асырылып, 726 жаңа жұмыс орны ашылды. Жыл соңына дейін қалған 12 жоба (69,6 млрд. теңге) жүзеге асырылмақ.
Жобалар тек облыс орталығында ғана жүзеге аспайды. Өңірді тұтас дамыту мақсатында өңірдің әр түкпірінде іске қосылады. Мәселен, биыл Сарыағаш ауданы Дарбаза ауылдық округіндегі индустриалды аймақта қуаттылығы тәулігіне 45 тонна күнбағыс майын өндіретін жаңа зауыттың құрылысы жүріп жатыр. Атап айтқанда зауыт ғимаратының кірпішін қалау жұмыстары мен инфрақұрылым тарту шаралары жүргізілуде. Зауыт үш цикл бойынша жұмыс істейді деп күтілуде. Мұнда күнбағыс майын өндірумен қатар, құнарлы мал азығын да шығару жоспарланған. Нысанды биылғы жылдың соңына дейін іске қосу көзделген. Жоба «Альбаракад 077» ЖШС инвестициясымен жүзеге асырылуда. Жалпы құны – 800 миллион теңге.
Айта кетсек, бұл жоба аудан экономикасын дамытуға серпін беріп, жаңа жұмыс орындарының қатары артпақ.
Ал, Шардара индустриалды аймағындағы құрылысы жүріп жатқан «Казкрахмал» ЖШС жүгеріні терең өңдеу кәсіпорны жақында іске қосылады. Мұнда жылына 150 мың тонна жүгері дақылы терең өңделеді деп жоспарланған. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров Шардара ауданына іссапары барысында зауытты аралап, құрылыс жұмыстарымен танысты.
Осыған дейін зауыттың алғашқы кезеңі бойынша дәнді дақылдарды сақтау және кептіру қоймасы өз жұмысын бастаған болатын. Биыл крахмал сірнесін өңдеу зауыты іске қосылып, мұнда 500-ден аса жаңа жұмыс орны ашылмақ. Жер аумағы – 35 гектар. Инвестиция көлемі 35 млрд. теңге. Зауытта крахмал, глютен, жүгері сечкасы, жүгері сірнесі, мальтоза және карамель сірнесі өндіріледі. Сонымен қатар экспорт жүйесі дамыған. Өнімдер ішкі нарықтан бастап, шетелдің Ресей, Қытай, Бельгия, Англия елдеріне жөнелтіледі.
Осы жолғы сапары кезінде облыс басшысына дайын өнімдер көрмесі таныстырылды. Зауыт жетекшісі атқарылған жұмыстар мен құрылыс барысын баяндады. Аралау жұмыстары астық сақтау, әкімшілік, дайын өнімдерді сақтау, асхана, жатақхана ғимаратының құрылыс алаңында жалғасты. Облыс әкімі кәсіпорынның жұмысымен толық танысып, өндіріс саласын одан әрі дамытуды және құрылыс жұмыстарын жеделдетуді тапсырды. Saraptimes.kz



