Түркістан облысы өңдеу өнеркәсібін дамытуға ерекше көңіл бөліп, шетелдік инвесторларды тарту арқылы өңір экономикасын әртараптандыруды көздейді. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров бастамасымен жүзеге асырылып жатқан жобалар импортқа тәуелділікті төмендетіп, отандық өндірісті нығайтуды мақсат етеді. Осы мақсатта өңір басшысы бірқатар инвесторлармен кездесіп, Түркістан өңірінде кәсіп ашудың тиімді тұстарын түсіндірді.
Тұрмыстық және кеңсе тауарларын өндірушілер Түркістанды жаңа кәсіп ашу орны ретінде таңдауда. Жоба аясында жоспарланған өндіріс орны жылына 60 мың тоннадан астам тауар өндіруге қауқарлы болады және жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуды қамтамасыз етеді.
Бұл саланың нарықтағы импорт үлесі 80%-дан асады, сондықтан өңдеу өнеркәсібіне инвестиция салу арқылы өнімнің отандық үлесін арттыру мүмкіндігі зор. Қағаз өндірісі саласында толық циклді өндіріс қалыптастыру шикізатты өндіруден бастап дайын өнімге дейінгі барлық кезеңді қамтиды.
Инвесторлар құрылыс материалдары шығару, ауыл шаруашылығына қажетті құрал-саймандар, өнеркәсіп жабдықтары өндіру салаларына да қызығушылық білдіріп отыр. Мұндай өндірістік әртүрлілік өңірдегі өнеркәсіптік кластерді кеңейтеді, жұмыс орындарын ұлғайтады және өндірістік сапаны арттырады.
Кездесу барысында облыс әкімі Нұралхан Көшеров инвесторлармен ашық әрі сенімді байланыс орнатудың маңызын атап өтті.
– Түркістан облысы – инвестиция үшін қолайлы аймақ. Өндірісті осында орналастыру арқылы сіздерге Орта Азия елдері мен Еуразиялық экономикалық одаққа мүше бес елдің нарығы қолжетімді болады. Сонымен қатар Түркістан облысы арқылы өтетін «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» халықаралық көлік дәлізі өңірдің әлемдік нарыққа шығуына зор мүмкіндік береді. Бұл бағытта сауда мен логистиканы дамыту әлеуеті өте жоғары. Біздің тараптан толық қолдау болады. Бұл – сіздің инвестицияңыздың тиімділігін арттыратын мүмкіндік. Біз әр инвестормен жеке жұмыс істеуге дайынбыз. Кез келген мәселе бойынша менің жеке телефоныма тікелей хабарласыңыздар. Біз үнемі байланыстамыз, – деді облыс әкімі Нұралхан Көшеров.
Әкімдік инвесторларға салықтық жеңілдіктерді, экспорт және логистика бағытындағы көмек көрсетуді, өндірістік ғимараттарды қамтамасыз етуді ұсынады. «TURAN» арнайы экономикалық аймағы сияқты индустриалдық парктерде өндіріс үшін дайын инфрақұрылым бар және тиісті қолдау пакеттері жасалуда.
Жобалар іске асса жаңа жұмыс орындары ашылады, импортқа тәуелділік төмендейді, өңірдің өнеркәсіп әлеуеті артады, білікті кадрлар даярлау деңгейі өседі әрі өндірістің халықаралық нарыққа шығу мүмкіндігі кеңейеді.
Айтып өту керек, облыс әкімінің тапсырмасымен биыл облыс экономикасының дамуына тың серпін беретін 145 инвестициялық жобаның пулы қалыптастырылды. Оның ішінде өндірісті және ауыл шаруашылығын терең қайта өңдеуді дамытуға басымдық берілуде. Алдағы уақытта аймақта жаңа зауыттар ашып, жұмыс орындарын көбейту жоспарланған.
Түркістан облысында негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі 1 334,9 млрд. теңгеге жетіп, 1,4 есе артығымен орындалды. Жалпы облыс орталығында инвестиция тарту бағытында инвестштаб мәжілістері жиі өтеді. Өңір тұрғындарының назарына облыста атқарылып жатқан жобалар туралы мәлімет ұсынамыз. Түркістан қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуында оң өсім байқалады. Өткен жылы облыс орталығының жалпы өңірлік өнім көлемі 421,7 млрд теңгені құраған. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтың төрағалығымен өткен жиында айтылды. Аймақ басшысы жауапты тұлғаларға Түркістанды дамыту бағытындағы жұмыстарды жандандыруды, жаңа жобаларды қолға алуды тапсырды. Түркістан қаласында өндіріс орындарының саны артып келеді. Бүгінде қаладағы 180 гектар аумақта Арнайы экономикалық аймақ орналасқан. Одан бөлек, 190 гектар жерде Индустриалды аймақ іске қосылған. Бұл аймақта 10,5 млрд теңгені құрайтын 21 жоба іске асырылды. Нәтижесінде, мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылды. Алдағы уақытта 19 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Олардың қатарында бетон бұйымдарын жасау, есіктер шығару, битум өндіру, жұмсақ жиһаздарды жасау, әк өндіру сияқты жобалар бар. Биыл өңдеу өнеркәсібі саласында жалпы құны 18,5 млрд. теңгеге 12 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған.
Инвестштаб отырысында инвесторлар мен кәсіпкерлердің өтініштері, инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысы талқыланды. Олардың бірқатарына тоқталсақ, Сайрамда бу-газ қондырғысы, мал сою бекеті мен мал бордақылау алаңы, Созақта газ өндіру жобалары жүзеге асады. Ордабасы ауданында заманауи кірпіш зауыты мен алюминий бұйымдарын өндіру зауытының құрылысы қарқынды. Сауран ауданында инженерлік жабдықтар, өнеркәсіптік су бекіту арматурасын шығаратын зауыттар салынады. Келес ауданында еліміздегі ең үлкен жылыжайдың құрылысы жалғасуда. Сарыағаш ауданында құс фермасы кеңейтілсе, өзге аудандарда да инвестициялық жобалар пысықталып жатыр.
saraptimes.kz.




