Түркістан облысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауыл шаруашылығы саласында жалпы өнімінің көлемін 2 есеге ұлғайту, су үнемдеу технологияларын енгізу бойынша берген тапсырмалары аясында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар оң нәтиже беруде. Жалпы өнім көлемін ұлғайту бойынша осы жылдың 8 айының қорытындысымен нақты көлем индексі 100,1 пайызды құрады. 9 айда жалпы өнім көлемін 104,3%-ға ұлғайту жоспарлануда. Биыл өңірде ауыл шаруашылығы алқаптарына су үнемдеу технологияларын 27 мың гектарға енгізу жоспарланған еді. Бүгінде нақты 59 мың гектарға ендіріліп, жалпы көлемі 114 мың гектарға жетті. 2028 жылға дейін жыл сайын 27 мың гектар ендіру жоспарланса, облыста мүмкіндігіне қарай су үнемдеу технологияларын жыл сайын 50 мың гектарға ендіру көзделуде. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде айтылды.
Облыс басшысы Президент тапсырмасының орындалу барысы қатаң бақылауда екенін айтып, салаға жауапты басқарма басшысы мен аудан, қала әкімдеріне тапсырма жүктеді.
– Ауыл шаруашылығы – өңір экономикасының басты драйвері. Өнімділікті арттыру үшін су үнемдеу технологияларын, заманауи агроинновацияларды енгізу маңызды. Бұл әдістер егістік жерлердің тиімділігін арттырып, өнім сапасын жақсартуға және шығынды азайтуға мүмкіндік береді. Ауыл шаруашылығы саласында 2025 жылға бектілген барлық индикаторлық көрсеткіштердің толық орындалуын қамтамасыз етуді тапсырамын. Жұмыс барысын қатаң бақылауға алу қажет, – деген Нұралхан Оралбайұлы жоспарды орындамаған басшылардың жауапкершілігі қаралатынан ескертті.
Аппарат отырысында агроөнеркәсіптік кешенінің индикаторлық көрсеткіштерінің орындалуы туралы Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысы Файзулла Байдуллаев баяндады. Оның айтуынша, жыл соңына дейін 1649 ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу жоспарланып, бүгінде 1 379 дана ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды. Нәтижесінде, жаңалау үлесі 7,9%-ды құрап, жалпы ауыл шаруашылығы техникасының саны 17 487 бірлікке жетті.
Мемлекет тарапынан инвест жобаларды жүзеге асыруға қолдау көрсетіліп келеді. Облыс көлемінде жеміс-көкөніс сақтау үшін 3 қойма салынып, пайдалануға берілді. Атап айтқанда, Түлкібас ауданында «Кентау» ЖШС-нің сыйымдылығы 2 200 тонна, Сайрам ауданында «Shagur agro group» ЖШС-нің сыйымдылығы 2000 тонна, Шардарада «Батырхан ата» ШҚ-ның сыйымдылығы 2200 тонна жеміс-көкөніс сақтау қоймалары іске қосылды. Келесі жылы Сарығаш ауданында 10 мың тонналық, Қазығұрт ауданында 3 мың тонналық жеміс-көкөніс сақтау қоймалары іске қосылады.
Одан бөлек, биыл «БНК Агро КЗ» ЖШС-нің «Тауарлы сүт фермасын 800 басқа кеңейту» жобасы іске қосылды. Ал келесі жылы Төлеби ауданында «Азия милк» ШФҚ-ның 600 басқа арналған тауарлы сүт фермасы, Түлкібаста «Майлыкент Ферм» ЖШС-нің 600 басқа арналған тауарлы сүт фермасы пайдалануға берілмек. Сонымен қатар «Сарыағаш құс» ЖШС іске қосылды. Түлкібас ауданында құс етін өндіретін «Қарқын трейд» ЖШС-ның жобасы іске асырылуда. Жобаны іске асыруға АӨК жобаларын несиелендіру бағдарламасымен 5 млрд. теңге бөлінбек.
Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына инвестиция тарту бойынша Түркістан облысы елімізде алдынғы қатарда. Бүгінде агроөнеркәсіптік кешеніне 121 млрд. теңге инвестиция тартылды. Инвестиция көлемін 9 айдың қорытындысымен 152,8 млрд. теңгеге жеткізу жоспарлануда.
Мәжілісте агроөнеркәсіптік кешен бойынша индикаторлық көрсеткіштердің орындалуы туралы ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалау агенттігіне қарасты Ұлттық статистика бюросының Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Гүлнәр Күнтуғанова есеп берді. Оның мәлімдеуінше, республикадағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы шығарылымдағы үлесі бойынша Түркістан облысы 1 орында немесе үлесі – 13,7%. Түркістан облысы бойынша ауыл, орман және балық шаруашылығы өнімдерінің жалпы шығарылымы 487,7 млрд. теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 0,1%-ға артқан.
Ет өндіру көрсеткіші 122,9 мың тоннаны құрады. Мал етін өндірудің едәуір үлесі Сайрам және Қазығұрт аудандарының шаруашылықтарына тиесілі. Ал сиыр сүтінің өнідірісі өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 15,7% артса, тауық жұмыртқасының өндірісі 5,7%-ға өскен. Облыстың ауыл шаруашылығын дамуына бағытталған инвестиция көлемі 97620,6 млн. теңгеге жетіп, өсім 140,3%-ды құрады. Тамақ өнімдерін өндірудегі негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 53,6% артып, 23343,4 млн. теңгені құраған.
Түркістан облысы Қазақстанның ауыл шаруашылығы бойынша ең ірі және маңызды өңірлерінің бірі болып табылады. Мұнда ауыл шаруашылығының көптеген салалары дамып келеді: егіншілік, мал шаруашылығы, бау-бақша, өндіріс және азық-түлік өнеркәсібі. Түркістан облысының табиғи ресурстары мен климаттық жағдайлары ауыл шаруашылығын дамытуға қолайлы жағдай туғызады. Ал оның болашағы – тек облыс үшін ғана емес, бүкіл еліміздің азық-түлік қауіпсіздігі мен экономикалық тұрақтылығы үшін де маңызды.
Ауыл шаруашылығының негізгі салалары
1.Егіншілік
Түркістан облысында егіншілік саласы жақсы дамыған. Мұнда қарқынды өсіп келе жатқан дақылдар арасында жоңышқа, бидай, мақта, күріш және көкөністер бар. Ауыл шаруашылығында суармалы егіншіліктің маңызы зор, өйткені облыс шөлейт аймақта орналасқан. Осыған орай, су ресурстарын тиімді пайдалану, су үнемдейтін технологияларды енгізу өте маңызды.
2.Мал шаруашылығы
Мал шаруашылығы Түркістан облысының ауыл шаруашылығында үлкен орын алады. Мұнда қой, ешкі, сиыр, жылқы өсіріледі. Мал шаруашылығының дамуы облыстың ет, сүт, және жүн өнімдерін өндіруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, ет пен сүт өндірісі облыстың ішкі нарығын қамтамасыз етіп қана қоймай, экспортқа шығаруға да ықпал етеді.
3.Бағбаншылық және жүзімдіктер
Түркістан облысы еліміздегі жеміс-жидек және көкөніс өсіру үшін ең қолайлы аймақтардың бірі болып табылады. Облыс алқаптарында жүзім, өрік, алма, шабдалы, алмұрт секілді жемістер өсіріледі. Түркістан өңірі өз өнімдерін ішкі нарықта ғана емес, халықаралық нарықта да сатуға мүмкіндік беретін әлеуетке ие.
4.Азық-түлік өнеркәсібі
Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу өндірісінің дамуы аймақ экономикасының маңызды бөлігіне айналды. Түркістан облысында азық-түлік өнімдерін өндіретін бірнеше ірі кәсіпорындар жұмыс істейді, бұл жергілікті өнімдер мен ауыл шаруашылығының пайдасын арттырады. Өңдеу саласының дамуы ауыл шаруашылығы өнімдерінің қосымша құнын арттырады және өнімдердің сақталуына мүмкіндік береді



