Түркістан — бизнес үшін тартымды өңірдеп танылды. Себебі, соңғы уақытта облыста кәсіп ашып іс-бастағысы келетіндер көбейген. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров пен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Басқарма төрағасы Фархат Сарсекеевтің кездесуі кезінде белгілі болды. Айтып өту керек, аталған кездесу кезінде өңірдегі шағын және орта бизнесті қолдау бағытындағы өзара ынтымақтастықты нығайту мәселесі сөз болды. Кездесу барысында тараптар кәсіпкерлікті дамытудың өзекті мәселелері және бизнесті қолдау бағдарламаларын жүзеге асыру жайын талқылады. Өңірде бизнесті қаржыландыруды ыңғайлы етіп, ортақ процестерді оңтайландыру жолдары сараланды. Негізгі мақсат – кәсіпкерлер мүддесі мен шағын және орта бизнесті қолдау бағдарламаларын тиімді жүзеге асыру.
Кездесу барысында облыс басшысы түркі дүниесінің рухани астанасы саналатын Түркістанның тек мәдени орталық қана емес, сонымен қатар инвестиция мен кәсіпкерлікке қолайлы аймақ болуы қажеттігін атап өтті.
– Біздің міндетіміз – Түркістан облысын кәсіпкерлік үшін тартымды, қолайлы әрі сенімді аймаққа айналдыру. Мемлекет басшысы ұдайы айтып жүргендей, экономикалық өсімнің негізі – шағын және орта бизнес. Бұл бағытта «Даму» қоры еліміздегі негізгі құралдардың бірі болып отыр. Сондықтан біз әріптестік байланыстарды күшейтуге, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүдделіміз, – деді Н.Көшеров.
Бүгінде Түркістан облысында 216 мыңнан астам шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Бұл көрсеткіш бойынша өңір республика көлемінде алғашқы үштіктің қатарында. Тек 2024 жылдың өзінде облыстағы кәсіпкерлерге 699 жоба аясында 60,3 млрд теңге жеңілдетілген несие берілді. Сонымен қатар 701 жоба 60,6 млрд теңге көлемінде кепілдендірілді. Бұл көрсеткіштер кәсіпкерлерге нақты қолдау көрсетіліп жатқанын білдіреді.
2025 жылдың 7 айында 181 жоба 22,8 млрд теңге көлемінде қаржыландырылды. Жергілікті бюджеттен субсидиялау бағдарламасына 2,8 млрд теңге, ал республикалық бюджеттен 13,86 млрд теңге бөлінді. Қазіргі таңда облыс кәсіпкерлеріне жаңа жобаларды субсидиялау үшін қосымша қаржы аудару мәселесі де қарастырылып жатыр.
Кездесуде биыл іске қосылған «Өрлеу» бағдарламасының тиімділігі туралы да кеңінен сөз болды. Бағдарлама арқылы өңдеу өнеркәсібі, туризм, көлік, білім, денсаулық сақтау салаларындағы кәсіпкерлер жеңілдетілген несиеге қол жеткізе алады. Жыл соңына дейін бағдарламаға 750 млрд теңге бөлінеді, оның ішінде 300 млрд – мемлекеттік қаржы, 450 млрд – екінші деңгейлі банктер есебінен. Айтып өту керек, облыста «Өрлеу» бағдарламасы аясында жыл басынан бері жалпы сомасы 11,7 млрд теңгені құрайтын 29 жоба қолдау көрсетілді. Соның бірі «QazEcoPack» кәсіпорны. Кәсіпорын — өндірісте, тұрмыста және кеңсеге керек жабысқақ лента және жүк орайтын стрейч-плёнка шығарады. Зауыт жылына шамамен 1 200 тонна өнім шығарады. Өнімдер жоғары сапасымен, беріктігі және қолданудағы әмбебаптығымен ерекшеленеді. Кәсіпорын экологиялық таза шикізатты және заманауи технологияларды пайдалана отырып, халықаралық стандарттарға сай өнім ұсынады.
Ал, Түлкібас ауданында орналасқан «Beibars Bottlers» ЖШС-ң жаңа өндіріс орны газдалған және газдалмаған сусындар, табиғи шырындар мен минерал су өндіреді. Негізгі өнімі — әлемге танымал «RC Cola» бренді. Зауыт жылына 120 мың тонна сусын шығарады. Өндіріс процесінде заманауи еуропалық жабдық пен сапасы мұқият бақылауда болатын табиғи су пайдаланылады. Компания «Өрлеу» бағдарламасы бойынша 12,6%-бен жеңілдетілген несие алып, өндірісті одан әрі дамытуда. Бұл қадам кәсіпорынның тұрақты өсуіне және нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге жол ашып отыр.
Аталған жоба арқылы қолдауға ие болған «МК ALTYN NAN» ЖШС-нің қуаты тәулігіне 500 тонна ұн өндіруге мүмкіндік береді. Кешен құрамындағы екі диірмен мен 105 мың тонналық элеватор астықты қабылдап, өңдеп және жыл бойы сақтай алады. Өндіріс процесінде дәстүрлі технологиялар мен заманауи жабдықтар үйлесім тапқан. Ұн тек іріктелген жоғары сапалы бидайдан өндіріледі. Бүгінде «ALTYN NAN» жоғары, бірінші және екінші сорттағы ұн шығарып, отандық нарықта сенімді брендке айналып келеді. Компания алдағы уақытта өнім түрлерін кеңейтіп, экспортқа шығу бағытында жүйелі жұмыс жүргізуде.
Кәсіпкерлік жобаларды қаржыландыру, шағын және орта бизнесті дамыту, инвесторлармен бірлескен бастамаларды қолдау бағытында тығыз әрі жүйелі жұмыстар жалғасады.
saraptimes.kz



