Биыл Түркістан облысында ауыл шаруашылығы субъектілерін қолдауға 48,5 млрд. теңге қаржы бөлінді. Оның ішінде облыстық бюджеттен 43,3 млрд. теңге, үкіметтік резервтен 5,2 млрд. теңге қаржы бөлінді. 9 айдың қортындысымен 42 млрд. теңге шаруаларға бөлініп, аграрлық саланы мемлекеттік қолдау ауыл шаруашылығы өндірісінің тұрақты дамуын қамтамасыз етіп отыр. Осы бағыттағы жұмыстар облыс әкімі аппаратының апталық мәжілісінде талқыланды.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров шаруаларды қолдау бағытындағы жұмыстар жалғасатынын, бұл субсидиялар мен жеңілдіктер өңірдің өзіндік кірістерін арттыруға және азық-түлік қауіпсіздігіне үлес қосуы тиіс екенін жеткізді. Жауапты басқарма басшысы мен аудан, қала әкімдеріне тиісті тапсырмалар жүктелді.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Файзулла Байдуллаевтың айтуынша, «Басым дақылдардың өндірісін субсидиялау» бағдарламасы арқылы 4,4 млрд. теңге қаржы қаралды. Бағдарлама арқылы жылыжай шаруашылықтарын қолдау нәтижесінде жылыжай өнімдерінің бағасы тұрақтанып, егіс көлемі мен алынған өнім көлемі артуда. 2023-2025 жылдары жылыжай өнімдерінің бағасы маусымаралық кезеңде (наурыз-сәуір айлары) төмендеген. Сондай ақ 2023 жылы 78 мың тонна өнім алынса, бүгінде жылыжайлардан 101,5 мың тонна өнім жиналып отыр немесе 1,3 есе артты.
Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемін 2 есеге ұлғайту жөніндегі тапсырмасын орындау жөніндегі ҚР АШМ әзірлеген 2024 — 2028 жылдарға арналған жол картасына сәйкес, облысқа 2025 жылы 189,8 мың тонна минералды тыңайтқыш ендіру тапсырылды. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді минералды тыңайтқыштармен қамтамасыз ету үшін бюджеттен 12,2 млрд. теңге бөлінді. Бүгінгі күнге жоспар толық орындалып, егіс алқаптарына 206 мың тонна минералды тыңайтқыштар енгізіліп, өткен жылмен салыстырғанда 1,4 есе артқан.
Республика бойынша ірі қара малдың 13 % (1 143,6 мың бас), ұсақ малдың 22 % (4 947,6 мың бас), жылқының 11 % (495,8 мың бас) және түйенің 14 % (43,2 мың бас) Түркістан облысының үлесінде. 8 айда 123 мың тонна ет, 367 мың тонна сүт, 177 млн. дана жұмыртқа өндірілді. Мал шаруашылығында 25 бағытта қолдау көрсетіледі. 2024 жылдан бастап, бағдарлама арқылы асыл тұқымды аналық мал бастарын сатып алуға басымдық берілуде Нәтижесінде жылдан-жылға асыл тұқымды мал саны артуда. 2023 жылмен салыстырғанда асыл тұқымды ІҚМ саны 117 %, ұсақ мал 3,9 есе, жылқы 101,2 пайызға артты. Қайта өңдеуші кәсіпорындардың шығындарын субсидиялау бағдарламасы бойынша 2023 жылы 1,3 млрд. теңге, 2024 жылы 1,85 млрд. теңге, 2025 жылы 1 млрд. теңге бөлінді. Бағдарлама облыстың тамақ өнімдерінің көлемін арттыруға оңды әсерін тигізуде.
Жалпы статистикаға сүйенсек, биыл ауыл шаруашылығы дақылдары өткен жылмен салыстырғанда 34 мың гектарға ұлғайып, 907 мың гектарға егілді. Атап айтқанда, дәнді дақылдар 341 мың гектарға, майлы дақылдар 73,0 мың гектарға, көкөніс пен картоп 55,9 мың гектарға, бақша дақылдары 61,6 мың гектарға, мал азықтық дақылдар 229,9 мың гектарға егілді. Мақта дақылы 38 мың гектарға артып, 145 мың гектарға орналастырылды. Егіс көлемінің артуы жаңа су үнемдеу технологиялары есебінен қамтамасыз етілді.
Бұл жұмыстар облыс басшысының үнемі бақылауында. Бұл туралы Нұралхан Көшеров жауапты тұлғаларға Мемлекет басшысының тапсырмаларын уақытылы орындауды тапсырып, бірқатар міндет жүктегенді.
– Бекітілген жоспар орындалу керек. Ол үшін мемлекет тарапынан қажетті қолдау көрсетілуде. Субсидия алған шаруаларға тұрақты мониторинг жұмыстарын жүргізіңіздер. 2025 жылғы бекітілген индикаторлардың толық орындалуын қамтамасыз етуді тапсырамын, – деді Нұралхан Көшеров.
Агроөнеркәсіп кешенін дамыту туралы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Файзулла Байдуллаев баяндады. Оның мәлімдеуінше, дала жұмыстарына жанар-жағар май босату, кредиттік ресурстар, минералды тыңайтқыштар, тұқым бөлу шаралары мерзімінде жүргізілді. Жиын-терім жұмыстарына 38 мың тонна жанар-жағармай бөлініп, қазіргі уақытта босату жұмыстары жүргізілуде. Тауар өндірушілер 1106 дана жаңа техника сатып алды. Техникалар паркін жаңалау 6 пайызды құрады. Бүгінгі таңда облысқа тыңайтқыш өндірушілер мен сатушылар тарапынан 206 мың тонна минералды тыңайтқыштар жеткізілді. Оның ішінде, 101 мың тонна тыңайтқышқа субсидия төленді.
Биыл су үнемдеу технологияларын 27 мың гектарға енгізу жоспарланып, қазіргі таңда 59 мың гектар алқапқа орналастырылды.
Түркістан облысының климаты жылыжай шаруашылығын жүргізу үшін ең қолайлы өңірлердің бірі. Облыста жылыжайлардың көлемі 1715 гектарға жетті. Жылыжайлардың бірінші айналымынан 102,0 мың тонна көкөніс жиналды. Өткен жылы жылыжай шаруашылығын қолдауға 3,8 млрд. теңге бөлінсе, осы жылға 4,4 млрд. теңге қаржы қарастырылды.
Облыста қарқынды бау шаруашылығы дамып келеді. Биыл облыста 181 гектарға қарқынды бау салынып, көлемі 3,3 мың гектарды құрады. 2027 жылға дейін бұл көрсеткішті 8,2 мың гектарға дейін жеткізу жоспарлануда.
Мал шаруашылығының тұрақты дамуы өңірде ет экспортының әлеуетін арттыруға қарқынды серпін беруде. Республикада экспортқа шығарылатын ірі қара мал етінің 80%, қой етінің 75% облыстың еншісінде. Осы жылдың 7 айында экспортқа 20,8 мың тонна ірі қара мал еті, 13,4 мың тонна қой еті бағытталды.
Ет кластерін дамыту бағытында құны 51,3 млрд. теңгені құрайтын ірі 7 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Нәтижесінде жылына қосымша 35 мың тонна ет өндіріліп, ет экспортының көлемі 2 есеге ұлғаятын болады. Сондай-ақ нарықты отандық азық-түлкітерімен қамтамасыз ету бағытында биыл құны 134 млрд. теңгеге 29 жоба жүзеге асыру жоспарлаған. Нәтижесінде, 1 456 жұмыс орны ашылады. Бүгінде құны 56,7 млрд. теңгеге 17 жоба іске асырылып, 626 жаңа жұмыс орны ашылды. Жыл соңына дейін 77,3 млрд. теңгеге 12 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ.



