“Алдағы уақытта Түркістан облысы мен Ауғанстан арасындағы тауар айналымы жақсарып, өндіріс һәм өнеркәсіптік байланыстар беки түсуі ықтимал”- деп, хабарлайды saraptimes.kz. Ақпарат көзінің хабарлауынша осы аптада Түркістанда облыс әкімі Нұралхан Көшеров Ауғанстан Ислам Әмірлігінің Өнеркәсіп және сауда министрі Нуриддин Азизимен кездескен. Кездесудің мақсаты – екі ел арасындағы достық қарым-қатынасты нығайту, экономикалық және мәдени байланыстарды дамыту, сондай-ақ, сауда мен инвестиция салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту.
Кездесу барысында тараптар Түркістан облысының инвестициялық әлеуетін, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, жеңіл өнеркәсіп, логистика және туризм салаларындағы мүмкіндіктерін талқылады.
– Қазақстан мен Ауғанстанды тарихи тамырластық пен өзара құрмет байланыстырады. Түркістан – тек еліміздің емес, күллі түркі әлемінің рухани орталығы. Біз түрлі елдермен достық қатынасты одан әрі нығайтып, өзара тиімді экономикалық байланыстарды дамытуға мүдделіміз. Ауыл шаруашылығы және өзге де салаларда нақты жобаларды бірлесе жүзеге асыруға толық мүмкіндік бар, – деді Нұралхан Көшеров.
Өз кезегінде Нуриддин Азизи Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы дәстүрлі достық қатынастардың маңыздылығын айта келе, Түркістан өңірінің стратегиялық мүмкіндіктеріне қызығушылық танытты.
Кездесу соңында тараптар өзара тиімді әріптестікті жалғастыру, бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мүмкіндігін қарастыру және мәдени-гуманитарлық байланыстарды тереңдету жөнінде уағдаласты.
Ауғанстан – Қазақстанның ірі сауда серіктестерінің бірі. Екі ел арасындағы сауда айналымы жыл сайын артып келеді. Осы жылдың 8 айында сауда айналымы 278 млн. АҚШ долларын құраса, оның ішінде 6,2% Түркістан облысының еншісінде.
Қазақстаннан Ауғанстанға экспорттың негізгі тауарлары: бидай немесе бидай-қара бидай ұны — 317,1 млн. АҚШ долл. (60,1% үлеспен), бидай — 42,4 млн. АҚШ долл. (8%), легирленбеген болаттан суықтай илектелген жалпақ прокат — 24,4 млн. АҚШ долл. (4,6%), легирленбеген болаттан ыстықтай илектелген жалпақ прокат — 21 млн. АҚШ долл. (4%), күнбағыс майы — 19,4 млн. АҚШ долл. (3,7%), кептірілген бұршақ дақылдары — 18 млн. АҚШ долл. (3,4%), табиғи газ — 17,7 млн. АҚШ долл. (3,4%), минералды аралас тыңайтқыштар — 15,3 млн. АҚШ долл. (2,9%), зығыр тұқымдары — 15,3 млн. АҚШ долл. (2,9%), легирленбеген болаттан жалпақ жалатылған прокат — 10,3 млн. АҚШ долл. (2%).
Түркістан облысында инвесторлар үшін қолайлы бизнес климат қалыптасқан. 1400 гектардан тұратын Арнайы экономикалық аймақтар және 2400 гектарды құрайтын 20 индустриалды аймақ бар. Бұл аймақтар қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар салықтық және кедендік жеңілдіктер қарастырылған. Бүгінгі таңда Ауғанстанның «Талифа» компаниясы осы жеңілдіктерді пайдаланып, Түркістан облысында кептірілген жемістер, көкөністер мен майлы дақылдарды өңдеу зауыты жобасын іске асыруда.
Жалпы, Түркістан облысына инвестиция тарту, экономиканы тұрақтандыру және жаңа жұмыс орындарын ашу мақсатында шетелдік инвесторлармен әріптестік байланыстар орнатып, тәжірибе алмасу жұмыстары ұдайы жүргізіліп келеді. Осы мақсатта Түркістан облысы әкімінің орынбасары Талғат Қозбеков пен Ауғанстан елінен келген инвесторлар Түркістан қаласындағы мәдени-тарихи нысандарды аралады. «Ұлы Дала Елі» орталығы, Ясауи музейі және «Керуен сарай» кешенінің жұмысымен танысты.
Аралау жұмыстары Сауран ауданындағы «Шағын өнеркәсіптік паркінде» жалғасты. Мұнда инвесторлар өңірдің өндірістік әлеуетімен, паркте орналасқан кәсіпорындардың жұмыс барысымен танысты. Атап айтқанда, олар «UBS» халықаралық тоңазытқыш шығаратын зауыты мен жиһаз өндіретін «Aqniet Holding» кешенін аралады.
Кездесу барысында Талғат Қозбеков өңірде жүзеге асып жатқан ірі инвестициялық жобалар туралы баяндап, облыстың өндірістік және экономикалық әлеуетін таныстырды.
Ауғанстандық инвесторлар Түркістан облысының инвестициялық мүмкіндіктерін жоғары бағалап, алдағы уақытта бірлескен жобаларды іске асыруға қызығушылық танытты.
Кездесу нәтижесінде қос тарап сауда және инвестиция салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту бағыттарын жан-жақты талқылады.
saraptimes.kz



