Түркістан облысында биыл 180 нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр. Оның ішінде, 52 жаңа нысан болса, 128-і – өтпелі нысандар. Нақтырақ айтқанда, 2 әкімшілік ғимаратының, 17 білім нысанының, «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 16 нысанның, 4 денсаулық сақтау нысанының, 19 мәдениет нысанының, 26 спорт нысанының құрылысы қолға алынған. Одан бөлек, ауыл шаруашылығы саласында – 4, абаттандыру саласында – 1, инженерлік инфрақұрылым саласында – 54, «Тұран» АЭА инженерлік инфрақұрылым жүйелері саласында – 4, әлеуметтік салада – 1, тұрғын үй құрылысы саласында 32 нысанның құрылысы жүруде. Жыл қорытындысымен 104 нысанды пайдалануға беру жоспарланса, қалған 76 нысанның құрылысы 2026 жылы аяқталмақ. Бүгінгі таңда 68 нысанның құрылыс жұмыстары аяқталған. Қалған 36 нысанды жыл соңына дейін пайдалануға беру көзделуде.
Өңірде тұрғындарды баспанамен қамту бағытында ауқымды шаралар қабылдануда. Осы мақсатта жалпы ауданы 132,5 мың шаршы метрді құрайтын кредиттік 2138 пәтерлі 30 тұрғын үйдің құрылысына бюджеттен тиісті қаржы бөлініп, толық пайдалануға берілді. Сонымен қатар 176 пәтерлі 4 арендалық тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Атап айтқанда, Төлеби ауданында 3 тұрғын үй, Жетісайда 1 тұрғын үй жыл соңына дейін ел игілігіне беріледі. Одан бөлек, облыс аумағында 578 арендалық пәтер сатып алу жоспарланып, бүгінгі таңда 180 пәтер сатып алынды. Қалған 398 пәтер жоспарға сәйкес жыл соңына дейін сатып алынбақ. Сондай-ақ 2015 пәтерлі кредиттік тұрғын үй сатып алу көзделген. Қазіргі уақытта 1 720 пәтер сатып алуға келісімшарттар түзіліп, Кентау қаласы мен Сайрам аданында 108 пәтер сатып алынды. Ал, Түркістан, Кентау, Арыс қалалары мен Ордабасы, Жетісай аудандарында тұрғын үйлер салынуда.
Облыста инженерлік-инфрақұрылыммен қамту мақсатында биыл 29 нысанды пайдалануға беру жоспарланып, бүгінгі таңда 11 нысан пайдалауға қабылданды. Қалған 18 нысан жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.

Өңірдегі стратегиялық маңызы жоғары жобалардың бірі – «Дарбаза – Өзбекстанмен мемлекеттік шекара теміржол желісінің құрылысы» жобасы. Ірі инфрақұрылымдық жоба республиканың көлік-транзиттік әлеуетін одан әрі дамытуға бағытталған.
Жалпы ұзындығы 153,2 шақырымды құрайтын теміржол желісінің 24,86 шақырымы Сарыағаш ауданының аумағынан өтеді. Қазіргі таңда аталған аумақта құрылыс-монтаж жұмыстары жоспарға сай жүргізілуде. Атап айтқанда, әбұл бөлікте 26 жасанды құрылыс нысаны қарастырылған. Оның ішінде, 15 су өткізгіш құбыры және 11 көпір салынуда. Құрылыс жұмыстары 68 пайызға орындалған. Сарыағаш ауданы аумағындағы жер төсемдерін салу жұмыстары 82 пайызға жетті. Сонымен қатар жаңа теміржол желісі бойында электр бағаналары орнатылған. Су, газ, байланыс және электр желілерін қайта құру жұмыстары да толық аяқталған. Бұл жоба еліміздің көлік-логистикалық әлеуетін арттыруда, өңірлерді байланыстыру және халықаралық сауданы жандандыруда айрықша рөл атқармақ.
Облыс басшысы әрбір жобаны іске асыруда жұмыс сапасына, абаттандыру жұмыстарына ерекше назар аударуды тапсырды.
– Түркістан – тек облыс орталығы емес, рухани астана. Сондықтан қала мен аудандарда салынатын әрбір ғимараттың сәулеті қатаң бақылауға алынған. Нысандар ұлттық нақышта әрі заман талабына сай бой көтеруі тиіс, – деді Нұралхан Көшеров.
Кеңесте Түркістан қаласында Тәуке хан даңғылы мен Байбұрт көшесін байланыстыру жобасы, Рәміздер алаңы жобасы, Әкімшілік-іскерлік орталығында орналасатын мейрамхана және қонақ үйдің сәулеті таныстырылды. Одан бөлек, Түлкібас ауданындағы Т.Рысқұлов елді мекеніндегі орталық көше бойын абаттандыру және ғимараттардың қасбеттерін ретке келтіру бойынша ұсыныстар айтылып, Иірсу елді мекенінде аллея және қарау алаңын салу жобасы қаралды. Сонымен қатар Созақ ауданы, Шолаққорған елді мекенінің орталық көше бойын абаттандыру және ғимараттардың қасбеттерін ретке келтіру жоспарлануда. Одан бөлек, Созақ ауданында орналасқан «Баба Түкті Шашты Азиз» кесенесінің аумағын абаттандыру жобасы талқыланды.
Кеңес барысында жаңа нысандардың сәулеті бойынша ұсыныс-пікірлер айтылып, жобаларды жетілдіру бойынша нақты тапсырмалар берілді.
Нысандардың құрылысы барысы Түркістан облысы әкімі Нұралхан Көшеровтің жіті бақылауына алынған.
saraptimes.kz



