Түркістан облысында инвестиция тарту, өндіріс орындарын ашу бағытында жүйелі жұмыс жалғасуда. Бүгін Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров шетелдік инвесторларды кезекті рет қабылдап, әріптестік орнату бойынша келіссөз жүргізді. Өңір басшысы облыста инвестрларға қолайлы жағдай жасалғанын атап өтті.
– Бүгінде Түркістан облысы – еліміздегі серпінді дамып келе жатқан өңірлердің бірі. Географиялық тұрғыдан тиімді орналасуы облыстың стратегиялық маңызын арттыра түседі. Біздің өңір арқылы өтетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі әлемдік нарықтарға тікелей шығуға мүмкіндік береді. Қазақстан мақта талшығын экспорттаушы ел ретінде танылса, дайын өнімдер – жіп, мата және киім-кешек бойынша импортқа тәуелді. Сондықтан жіп, мата және киім-кешек өндірісін ашуға және дамытуға зор әлеует бар. Инвесторларға қолайлы жағдай жасау – біздің басты міндетіміздің бірі. Осы мақсатта «TURAN» арнайы экономикалық аймағы құрылған. Арнайы экономикалық аймақта салықтық және кедендік жеңілдіктер қарастырылған. Сонымен қатар дайын инфрақұрылымы бар индустриалды аймақтар мен шағын өнеркәсіптік парктер арқылы инвесторларға қолдау көрсетілуде. Біз Сіздермен бірлескен жобаларды іске асыруға және барлық қажетті қолдауды көрсетуге дайынбыз, – деді Нұралхан Көшеров.
Кездесуде қос тарап әріптестікті нығайтып, жаңа жобаларды жүзеге асыру мәселесін талқылады. Келіссөздер сәтті өткен жағдайда жаңа жобаларды жүзеге асыруға келісті.
Айта кетейік, Түркістан облысының инвестициялық климатын жақсарту, өңірге отандық және шетелдік капиталды тарту мақсатында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Биыл облысқа негізгі капиталға салынған инвестициялар көрсеткішін 1 трлн. 427,1 млрд. теңгеге жеткізу міндеті жүктелген. 9 айдың қорытындысымен облыстың капиталына тартылған инвестициялар көлемі 1 трлн. 12,2 млрд. теңгені құрады немесе өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 115,9 %-ға жоғары. Бұдан бөлек 2025 жылға 475 млн. АҚШ доллары көлемінде тікелей шетелдік инвестициялар тарту индикаторы бекітілген. II тоқсанның қорытындысымен тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 543,5 млн. АҚШ долларын құрап, жылдық жоспар артығымен орындалды.
Облыста инвестиция тарту ісі тек облыс орталығында ғана емес аудан-қалаларда да қарқынды. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес аудан, қалаларда кәсіпкерлікті дамыту арқылы жаңа жұмыс орындарын ашуға, халықтың әлеуметтік ахуалын жақсартуға және өңірдегі жұмыссыздық деңгейін төмендетуге бағытталған нақты істер жүзеге асырылып жатыр.
Сондай жобалардың бірі Жетісай ауданына қарасты Асықата кентінің аумағында жүзеге асырылуда. Жалпы ауданы 1 га құрайтын шағын өндірістік паркінде құны 210 млн. теңгені құрайтын түйіршіктелген құрама жем өндіру, темір бұйымдарын дәнекерлеу, құрғақ құрылыс қоспаларын өндіру, құрғақ, сұйық ұнтақ, кір сабын мен сусабын өндіру, әжетхана қағазы мен майлықтар өндіру сынды 5 өндіріс орны іске қосылып, 100-ге жуық жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылады.
Аудан әкімі Серік Мамытов пен аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов құрылысы қарқынды жүргізіліп жатқан нысанда болып, жұмыс барысымен танысты. Инвесторлармен кездесіп, құрылыс жұмыстарын жоспарға сай межеленген уақытта сапалы аяқтау керектігін айтты.
–Белгіленген жоспарға сай өндірістік паркте 5 инвестициялық жоба жүзеге асырылады. Ауданда жаңадан салынып жатқан индустриялды аймақ пен шағын өндірістік паркті тиімді пайдалану, жаңа өндірістік орындарды ашу экономикалық дамуымызды еселеуде өте маңызды. Ауданда жаңа өндіріс орындары мен кәсіпорындарын ашуға ниет білдірген инвесторларға өз тарапымыздан инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға заң аясында барлық қолдауларды көрсетеміз. Бұл ретте аудан орталығына жақын орналасқан Асықата кенті мен Ынтымақ, Жаңа ауыл, Қазыбек би ауылдық округтерінің әлеуеті өте жоғары, – деді аудан басшысы.
Соңғы 5 жылда 90,2 млрд. теңгенің инвестициясы тартылған ауданда іске қосылатын индустриялды аймақ пен шағын өндірістік парк мақталы өлкенің индустриялық әлеуетін арттырып, жаңа кәсіпкерлердің пайда болуына мүмкіндік жасайды. Осылайша ауданға тартылатын инвестиция көлемін 2030 жылы 419,6 млрд. теңгеге жеткізу жоспарланып отыр. saraptimes.kz



