Мемлекет еліміздегі шағын және орта бизнесті дамыту мәселесіне айрықша назар аударып, қабылданған мемлекеттік бағдарламалар негізінде жеке кәсіппен шұғылданамын, кәсібімді кеңейтемін деушілерге барлық мүмкіндіктерді беріп отыр.
Сондай мемлекеттік қолдауды тиімді пайдаланып, кәсібін кеңейтіп отырған жас кәсіпкерлердің бірі – жетісайлық Ұлықбек Бахтияров. Алғашында жәй ғана ксерокөшірмеден басталған бизнес бүгінде аудан аумағынан асып, облыс деңгейіне жеткен.
Қазірде 35 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырған агенттіктің өткеніне көз жүгіртер болсақ осыдан тұп-тура 10 жыл бұрын оқуды жаңадан бітіріп келген Нұрлыбек Бахтияров жұмысқа орналаса алмай біраз жүрді. Ақыр соңында қол қусырып отыра бергенді жөн санамай 2010 жылдың 1 тамызында «Нұрлы әлем» жарнама агенттігін ашты. «Мемлекет маған не береді деп емес, мен мемлекетке не бере аламын?» деген тұжырыммен басталған кәсібін бір жылдан соң өзі сол кездегі іріленген Мақтарал ауданының «Жастар орталығы» КММ директор болып тағайындалған соң інісі Ұлықбекке аманаттап тапсырады. Алғашында жарнаманың барлық түрлері мен дауысты хабарлама жасау, жұмысшы немесе жұмыс іздегендерге, үй сату немесе сатып алу жөнінде көмек беру, жоғалған немесе тауып алған бағалы заттарды иесіне қайтару сынды қызмет түрлерімен айналысқан агенттік сапалы қызмет көрсетуінің нәтижесінде қанатын кеңге жайып, осы дәрежеге жетті.
Кәсіпкерліктің нарықтың дамуы мен өндірістің өркендеуіне, яғни, бүкіл қоғамға пайдасын тигізетінін жақсы түсінген Ұлықбек Пердебекұлы ауданды безендіру, жарнамалық баннерлер мен билбордтар шығарумен қатар құрылыс жұмыстарын да қолға алған. Адал тірлік жасап, өзінің, отбасының бюджетін молайтып, мемлекеттің қазынасына қосымша табыс түсіріп отырған жас кәсіпкердің шын пейілмен еткен еңбектерінің есесі түбінде қайтары анық. Өйткені, Ұлықбектің шаруасының шапағатын көруіне әкесі Пердебектен бастап бүкіл отбасы мен қоршаған ортасы қолдау көрсетіп келеді.
Тарих үшін қас-қағым сәт болғанымен әрбір күні тынымсыз еңбек пен ізденістерге толы 10 жылдың ішінде кәсібін кеңейтіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлесін қосып келе жатқан «Нұрлы әлем» жарнама агенттігінің ұжымын айтулы мерекелерімен құттықтаймыз!