Ел арасында қиын да қауіпті сала болып саналып кеткен ішкі істер органында, нәзік жанды аруларда қызмет етіп, қоғамдық қауіпсіздікті сақтауға өз үлестерін қосуда. Олардың қатарына Түркістан облысы Полиция департаментінің сұлу полицей аруларының бірі – полиция аға лейтенанты Майра Елемесованы қосуға болады. Себебі, Сарыағаштық тұрғындар екі жоғалған баланы тауып, ата-аналарына аман-есен қайтарғаны үшін оны «қырағы полицей» деп атап кеткен.
Шынында бүгінгі кейіпкер полицейіміз жас та болса, елдің алғысына бөленген жан. Яғни кәсіби шеберлігінің, қырағылығының арқасында баласын жоғалтып, жаны қиналған ата-аналарға қуаныш сыйлады. Нақтырақ айтсақ, 6 күн бойы үйіне оралмаған 11 жасар баланы жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде Шымкент қаласында жүргенін анықтады. Осылайша, із-түзсіз жоғалған баланы әкесінің алыс туыстарының үйінде жүрген жерінен тауып, анасына табыстады. Жоғалған баланы тапқан Сарыағаш АПБ ЖПҚ Ювеналды полиция тобының инспекторы, полиция капитаны Серік Дарханов пен Криминалдық полиция бөлімшесінің жедел уәкілі, полиция лейтенанты Майра Елемесоваға жеткіншектің анасы шынайы алғысын білдірді.
Ал, екінші жағдайда Майра Елемесова Сарыағаш АПБ ЖПҚ ювеналдық полиция тобының учаскелік инспекторы қызметінде жүрген кезде орын алған. Сарыағаш қаласындағы орталық базарлардың бірінде жалғыз өзі адасып, жылап жүрген кішкентай қызды байқаған, полицей Майра үш жасар қыздан оның ата-анасы қайда екенін сұрайды. Баладан нақты ақпарат ала алмаған соң, адасқан қызбен бірге оларды іздеген. Шұғыл іс-шаралар нәтижесінде, жарты сағат ішінде полицей ару қыздың анасын тауып, оған өзінен адасып қалған баласын қайтарған. Бұл жайтта да Майра Елемесова ананың алғысын, шынайы ризашылығын алды.
Өз қызметтік міндетін атқаруда адал, халық арасында сақтық жұмысын жүргізіп, азаматтардың тыныштығын, заңдылық пен құқық тәртібін қорғауға зор үлес қосып келе жатқан нәзік жанды полицейдің еңбек жолында жеткен жетістіктері жетерлік. Тынымсыз тірлік қашанда өз бағасын алатыны осы болар. «Батаменен ел көгерер» десек, әрбір ананы жұбатып, бауыр еті баласымен қайта қауыштыру кез келгеннің қолынан келе бермейді. Небәрі 24 жастағы полицей үшін бұл үлкен жұмыс, жауапкершілік, сый-құрмет емес пе?!
Көркі мен ақылы келіскен, қатарынан оза шауып, қызметте алдыңғы шептен көрінген полиция аруы Майра Елемесова 1996 жылы қыркүйек айының 12-сі күні Сарыағаш каласында дүниеге келген.Үйінің тұңғышы, артынан ерген 4 бауыры бар. Әкесі – Құрбанәлі жеке кәсіпкер болса, анасы – Кенжегүл балабақша құрылтайшысы болып қызмет атқарады.
Бала күнінен полицей болуды армандаған Майра, осы мақсатымен 2015 жылы М.Есболатов атындағы Алматы академиясына оқуға түскен. Жоғары оқу орнын 2019 жылы бітіріп шығып, туған қаласында алғашқы еңбек жолын бастаған. Сарыағаш қаласы полиция бөліміндегі жедел-іздестіру саласында жоғалған адамдарды табу бойынша қызмет еткен. Ал, қазіргі таңда кәмелет жасқа толмаған жасөспірімдердің инспекторы лауазымында абыройлы қызмет атқарып келеді.
Сарыағаштың сұлу полицейі белсенді өмір сүреді. Спорттан да, өнерден де құр алақан емес. Тіпті шығармашылықпен де айналысып, орындалуы қиын әндерді шырқайды. Талай өнер сайыстарына қатысып, жанды дауыста үлкен сахналарда ән айтып, жүлделі орындарға ие болған. Өз ісіне тиянақты маман, сырт бейнесіне де қатты мән береді. Ел игілігі үшін қызмет етуге ант берген жас полицей, патриоттық әндер салады.
Ендеше, өнерге жақын, өз қызметін адал атқарып, халықтың көңілінен шыға білген жас полицейге алдағы уақытта тек осы қарқында қызмет етіп, биіктен көрін демекпіз. Өмірдегі барлық арман-тілектерің орындалсын!