Шардара, Жетісай және Мақтаарал аудандарында балық аулауды кәсіп еткен жандардың жұмысын заңдастыру мақсатында куәліктер тапсырылды деп хабарлайды qaraqalamnews.com ақпараттық порталы.
«Хамит» ауыл шаруашылық өндірістік кооперативінің ұйымдастыруымен Шардара ауданында бастау алған шараға аудан әкімінің орынбасары А.Тәженов, ҚР Парламенті Мәжілісінің IV және V шақырылымдағы депутаты, «Серпін» Ұлттық білім және инновация палатасының президенті, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі М.Әбенов, «Хамит» ауыл шаруашылық өндірістік кооперативінің басқарма басшысы Бақытжан Серманизов, құқық және табиғат қорғау мекемелерінің басшылары мен балықшылар қатысты. Мақсат – балық аулау ісін заңдастыру арқылы шаруашылықты дамыту.
Шара барысында жұртшылықты әлемде 1985 жылдан бері аталып өтілетін «Балықшылар күні» мерекесімен құттықтаған қоғам қайраткері Мұрат Әбенов ау салып, азығын тапқандарға сәттілік тіледі. Ал, басқарма басшысы балық шаруашылығы саласындағы жоғарғы көрсеткіштері, кәсіби шеберлігі, сала алдына қойылған міндеттерді шешуге үлес қосқан бірқатар азаматтарға Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Құрмет грамотасын табыс етті.
«Браконьерлікпен айналысудың соңы балық тұқымын құртып жіберуі әбден мүмкін. Өйткені, заңсыз ауланған балықтың есебі болмайды, біреуі аз ауласа, енді бірі одан 10 есе көп аулайды. Біздің міндетіміз – балықты аулап қана қоймай, оның көбеюіне де мүмкіндік жасау» деген қоғам қайраткері Мұрат Әбенов жұртшылықты заңсыз балық аулаудың жолын кесумен бірігіп күресуге шақырды.
Сонымен қатар, Бақытжан Серманизов көп балалы балықшы отбасыларынан шыққан 2 студенттің бір жылдық оқу ақысын төлейтіндігі туралы грант сертификаттары мен Шардара қаласындағы №16 колледжде білім алып жатқан 7 студентке тегін білім алу сертификаттарын, 64 азаматқа заңды балық аулау құқын беретін балықшы куәліктерін табыстады.
«Біз биылғы жылдан бастап Шардара қаласындағы №16 колледжді сенімді басқаруға алып, ол жерде балық шаруашылығын дамытуға қажетті «балық өсіруші», «балық өңдеуші» және «балықшы» мамандықтары бойынша оқытатын боламыз. Оқуды бітіріп, қолына дипломын алғандарды ешбір кедергісіз жұмысқа қабылдаймыз. Бүгінде зауытта 250 азамат тұрақты жұмыс істеп жатыр» дейді «Хамит» ауыл шаруашылық өндірістік кооперативінің басқарма басшысы Бақытжан Серманизов.
Тірі және жаңа мұздатылған, кептірілген және ысталған балық өнімдерімен қатар балық ұнын өндіретін кооперативтің тауарлары Еуроодақ елдеріне, Ресей, Украина, Израиль, АҚШ, Қытай елдеріне экспортталады.