Құрметті Мақтаарал ауданының тұрғындары!
Елімізде халықтың саяси сауатының артуын дендеп бара жатқан дағдарыс пен жұмыссыздықты ескере отырып, ел экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында саяси жүйеде халыққа тиімді өзгерістер болып жатыр.
Соның бірі – батыс елдерінің сайлау тәжірбиесінен алынған партиялық праймериз. Партиялық праймериз партияішілік сайлауда шынайы бәсекелестік негізінде іріктеліп шыққан жеңімпаздардың тізімі арқылы сайлауға қатысуына мүмкіндік береді, сондай-ақ, партияішілік бәсеке жұрттың көз алдында өткеннен соң, ол халықтың көкейіне сенім ұялатады.
«Nur Otan» партиясы өткізгелі отырған праймеризді партия мүшесі ретінде қолдаймын. Мұны халықтың сеніміне ие болып, көпшіліктің қолдауына қол жеткізуге берілген мүмкіндік деп білемін.
Сондықтан, осы жаңа енгізіліп отырған партиялық праймеризге қатысып, керемет мүмкіндікті пайдаланып, өзімді праймериз арқылы Мақтаарал аудандық мәслихатына кандидаттыққа ұсынуды, ауданның дамуы мен өркендеуіне өз үлесімді қосуды мақұл көрдім.
Келешекте Мақтарал аудандық мәслихатына депутат болсам – Мақтаарал ауданының гүлденуіне, шағын және орта бизнестің дамуына, аудан тұрғындарының әл-ауқатының артуына, білім беру, мектепке дейінгі тәрбие және денсаулық сақтау салаларындағы жұмыстардың жақсаруына, сондай-ақ, көпұлтты ауданымыздағы ұлтаралық татулықты нығайтуға, билік пен халық арасында келісім мен сенімнің орнығуына жастық жігеріммен аянбай атсалысамын.
Жұмыссыздық пен кедейшілікті тек қағаз жүзінде ғана емес шынайы қоғамда азайту, кедейшілікпен нәтижелі күрес жүргізетін уақыт әлдеқашан жеткен.
Жұмыссыздық пен кедейшілік егіз ұғым, біреуі жүрген жерде екіншісі міндетті түрде еріп жүреді. Ауданда тұрмысы төмен отбасы сонын азайту үшін — жаңа жұмыс орындарын ашу, тек шикізат өндірумен ғана шектелмей, шикізатты өңдеу орындарын ашуды жолға қою бүгінгі өмір талабы. Сондықтан да шағын және орта бизнеспен айналысамын деуші жандарға кәсібін ашу жолында бюрократиялық кедергілерді болдырмауымыз керек. Мемлекет тарапынан шынайы қолдау болып жатса ауданда көптеген өндіріс орындарын ашуға болады. Ол үшін өзімізде шикізат та, жұмыс күші де жеткілікті. Егер өзіміздің ауданда өсірілетін мақта, бау-бақша өнімдерін өңдеуді дұрыс жолға қоя алсақ жұмыссыздық анағұрлым азайып, есесіне салық түсімі көбейетін еді.
Мақтаарал ауданының дамыған, бақуатты ауданға айналуы үшін атқарар іс жеткілікті. Өзімнің азаматтық парызымды өтеу үшін ауданымызды дамытуға үлес қосқым келеді.
Партиялық праймеризге қатысушы ретінде алдыма мынадай мақсаттарды қойып отырмын:
Ауданымызда жаңа жұмыс орындарының ашылуына қолдау көрсету, тұрмысы төмен отбасылардың кәсіби сапалы білім алуына жағдай жасау: аз қамтылған отбасы мүшелерінің кәсіби білім алумен шектелмей, одан әрі жұмысқа орналасуына көмектесу:
Ауылдардағы интернет сапасын жақсарту:
Ауылдардағы денсаулық сақтау мекемелерінің қызмет көрсетуінің сапасын жоғарылату: заманауи медециналық құрал-жабдықтарымен қамтамасыз етілуін қолға алу: мектеп, балабақшалар салу:
Балабақшалардың қызмет көрсетуінің сапасын барынша көтеру:
Кенжелеп қалған ауыл спортын дамыту;
Салауатты өмір салтын насихаттауды күшейту;
Аудандағы мемлекеттік мекемелердің жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету;
Сыбайлас жемқорлықпен ымырассыз күресу;
Аз қамтамасыз етілген отбасыларға, көпбалалы отбасыларға, мүгедектерге көмек көрсету бағдармаларын жетілдіре түсу;
Жастардың бойында мемлекетшілдікті қалыптастырудың тиімді тәсілдерін тәрбиеге енгізу;
Жастар – әрбір мемлекеттің болашағы. Былтыр 2019 жылы «жастар» жылы болған.
«NurOtan» партиясы мен оның «Jas Otan» жастар қанаты жастарға жан-жақты қолдау көрсетуді күшейтеді.
Праймеризге қатысушы ретінде төмендегі міндеттерді орындауды азаматтық борышым деп білемін:
Жалпы аудандық жоспардағы маңызды мақсаттар:
— мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдармен қабылданған бағдарламалардың іс жүзінде толықтай орындалуына депутаттық бақылауды күшейту;
— зейнеткерлерді, мүгедектерді, көпбалалы отбасыларды, жалғызбасты аналарды, тұрмысы төмен азаматтарды әлеуметтік қорғау шараларын одан әрі жетілдіру;
— Аз қамтамасыз етілген және көпбалалы отбасылардың экономикалық тірегі бола алатын баспана мәселесін шешуде мемлекет пен жекеменшік арасындағы әріптестікті нығайтуға атсалысамын.
Тұрғындардың тұрмысын жақсартуға қатысты нақты міндеттер:
— зейнеткерлерге, тұрғындардың аз қамтылған санаты мен жастарға әлеуметтік көмек бағдарламасын жасап, оны жүзеге асыру;
— Бүгінде отбасылық-демографиялық ахуал – зор алаңдатушылық тудырып отырған мәселе.
Өкінішке орай, елдегі перзент сүйе алмай отырғандар мен перзентті болуды кейінге шегеріп отырған отбасылар саны көп. Оның бірінші себебі – денсаулық жағдайларына байланысты болса, екінші себебі – баспана мен тұрақты жұмыстың болмауы. Міне, осы мәселеге байланысты мемлекет басшысы биылғы жолдауында елдегі демографиялық ахуалды жақсартып, баспана, жұмыссыздық мәселелерін шешуді қадап тапсырды. Егер мен депутат болып жатсам жастардың баспанамен қамтылуын, тұрақты жұмысқа орналасуын, мамандығы жоқтар үшін оқу курстары мен қайта даярлау курстарының жүйелілігін, куәлік, диплом алғандардың ешбір кедергісіз жұмысқа орналасуларын қатаң бақылауға алатын боламын.
— жастардың жұмысқа орналасуына, олардың мәдени демалысын ұйымдастыруға, бос уақытын тиімді пайдалануларына септігін тигізетін әлеуметтік бағдарламалар жасап, оны жүзеге асыру.
— Сонымен қатар, мемлекет басшысы Жолдауда білім саласына да ерекше тоқталып өтті. Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасына сәйкес 2025 жылға қарай 6 жасқа дейінгі балалар мектепке дейінгі тәрбиемен 100 пайыз қамтылуы тиіс. Бұл тұрғыда мәселе мемлекеттік балабақша салумен ғана шешілмейтінін, бұл іске жеке бизнесті тартып, қолдаудың жаңа түрлерін, соның ішінде қаржыландырудың ваучерлік тәсілін ойластыру қажет екендігін айтты.
— Осы мақсатта мен де балабақша құрылтайшысы, педагог ретінде аудандағы балабақшалардағы ашықтық пен ата-аналар үшін қолжетімділікті, заманауи тәрбие талаптарына жауап бере алатындай бәсекеге қабілеттілікті, балалардың қауіпсіз қоғамда өсуіне қажетті орта қалыптастыруға бар күшімді саламын.
— Тағы бір айта кететін мәселе – жастар арасындағы қылмыс пен құқық бұзушылық, теріс діни ағымдар мен жат қылықтардан сақтандыру, суицид сынды орыны толмас өкініштерден жастарды сақтандыру мақсатында мектептер мен елді мекендердегі спорттық алаңшалардың, мәдени, пәндік, қоғамдық үйірмелердің жүйелі жұмыс істеуін басты назарға алатын боламын. Себебі, үйірмелермен, спортпен шұғылданатын оқушылардың басқа да жұмыстармен айналысуына уақыты болмайды.
Құрметті аудан тұрғындары!
Жоғарыдағы мәселелердің шешілуіне күш жұмсау – Мақтаарал ауданының төл перзенті ретіндегі менің азаматтық борышым. Мен өз халқыма адал қызмет ету үшін праймеризге қатысамын және сіздердің сенімдеріңізді ақтауда аянбай еңбек етемін!