Түркістан облысы Ордабасы ауданы Бірлік ауылында көкпардан ересектер арасында облыс чемпионаты өтті. Биылғы аламан дода Кеңес Одағының 7 дүркін жеңімпазы Тұрнияз Əбілбековтің жүлдесіне арналды. Дүбірлі додаға Түркістан облысының барлық аудандарынан командалар келіп, бақтарын сынады.
Сайысқа Ордабасы, Төлеби, Жетісай, Сарыағаш, Сайрам аудандары мен Түркістан, Қазығұрт, Арыс, Кентау қалаларынан ең мықты деген командалар қатысып, жеңіс үшін бар күш-жігерлерін ортаға салды. Биылғы көкпар додасына жиналған шабандоздардың жеңіс үшін сақадай сай келгені көрініп тұр. Себебі қайсыбір кездесуді қарасаңызда командалар бір-бірінен асып түсіп, тартысты кездесулер өткізуде. Бұл көкпар додасының негізгі мақсаты сәуір айында өтетін Ел чемпионатына Түркістан облысының негізгі құрамасын жасақтау болып табылады. Жоғары деңгейде ұйымдастырылған көкпар додасының ашылу салтанаты да өз дейгейіне сай өтті. Шараға арнайы келген Ордабасы ауданының әкімі Бағлан Батыршаев ұлттық спортымыз көкпардан өтіп жатқан облыс чемпионатына қатысушы шабандоздарды құттықтап, шын мықтының жеңіске жетуін тіледі. Тəуелсіз еліміздің жас көкпаршыларына үлгі өнеге болар даңқты шабандоз, Кеңес Одағының 7 дүркін жеңімпазы Тұрнияз Əбілбеков дүбірлі көкпар додасында тартысты өнер көрсетіп жатқан шабандоздарға өз ризашылығын білдірді.
Сонымен қатар, бұл көкпар додасы «Балалар жылына» да арналып отыр. Жоғары деңгейде ұйымдастырған жарысты Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы, облыстық ұлттық спорт түрлері мектебі ұжымы және Ордабасы ауданы әкімшілігі мен Ордабасы ауданы көкпар федерациясы мұрындық болды. Ат жалын тартып мінген жүректі де білекті жігіттердің қатары жыл санап көбейюде. Әсіресе ауыл жастарының ұлттық спортымыз көкпарға деген қызығушылықтары өте жоғары. Туған елде көкпарды дамыту күн тəртібінен түспейді. Бұл спортты əлемдік деңгейде дамытуды азаматтық парызы санайтынын Нұртас Ахметов айтты.
Аса тартысты өткен жарыстың нəтижесінде бас жүлдені Түлкібас ауданы құрамасы иеленсе, күміс жүлдегер Төлеби ауданы атанды. Ал, қола жүлде Ордабасы ауданы жігіттеріне бұйырды. Көкпарда атақты шабандоз Темірхан Айтбаевтің Бақторы аты « Үздік сəйгүлік» атанды. Ал, өз талантымен көпшілікті тəнті еткен Абылай Қарқабат «Үздік салымшы» иегері атанды. Енді облыс біріншілігінде мықты деп танылған шабандоздар сәуір айында Тараз қаласында өтетін Ел чемпионатында Түркістан облысының намысын қорғайтын болады.