Шымкент қаласы Нұртас елді мекенінде инфрақұрылыммен қамту жұмыстары қарқынды жүргізілуде, деп хабарлайды saraptimes.kz. Нұртас елді мекені — қаламыздағы электр қуаты сапасыз 8 елді мекеннің қатарында. Аталған мәселені шешу мақсатында елді мекенді электр қуатымен қамту жұмыстары 2021 жылы басталған болатын. Бүгінгі күнге дейін құрылыс жұмыстарының 45 пайыздан астамы аяқталды. Құрылыс барысында 600-ден астам электр бағанасы орнатылып, 3 шақырымға жуық электр желілері тартылды. Жоспар бойынша, құрылыс жұмысы жыл соңына дейін аяқталып, іске қосылатын болады. Содан кейін, «ОңтүстікЖарықТранзит» ЖШС тарапынан абоненттеу жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар, Нұртас елді мекенінде ішкі орамдық газ құбыры тартылуда. Бүгінге дейін жұмыстардың 85 пайыздан астамы аяқталып, 15,7 шақырым газ құбыры орнатылды. Газ құбырын тарту жұмыстары толығымен жыл соңына дейін аяқталып, пайдалануға берілетін болады. Ағымдағы жылы Нұртастағы Тасанбаев және Хан тәңірі көшелері жарықтандырылады. Айта кетейік, Үшінші мегаполисте қазіргі таңда, электрмен қамту деңгейі 97%-ды құрайды. Қаладағы 81 елді мекеннің 73-і сапалы электрмен қамтылған. Ал қалған 8 елді мекенде электр қуаты сапасыз. Өткен жылы қалада «Бозарық» 220 КВ мен«1-М-1» 110КВ электр тарату станциясы және 7 елді мекенде құрылыс аяқталып, пайдалануға берілді. Нәтижесінде Ақжар, Жалын, Достық, Ынтымақ-2, Айкөл, Игілік және Тәуелсіздікке 20 жыл елді мекендері сапалы электр қуатымен қамтылды. Биылғы жоспар бойынша «Ақжар»110КВ қосалқы іске қосылып, Достық-2, Батыс, Тұран, Жаңаталап, Сәуле (276 орам) және Нұртас шағын ауданының тұрғындары мемлекеттік жүйедегі электр жарығына қол жеткізеді. Ал, 2023 жылы Қайнарбұлақ пен Солтүстік саяжай, Асар-2 (2-кезек) желі құрылысы аяқталып, пайдалануға берледі. Қала халқының өсіміне қарай сапалы электр қуатымен қамту үшін 2023-2025 жылдары 6 қосалқы станцияның құрылысы жоспарланып отыр.
,