Шымкент қаласында жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған «Fitness park kz» жобасы іске қосылды, деп хабарлайды saraptimes.kz. Адамдардың дені сау болуы салауатты өмір сүруді қалыптастырумен тікелей байланысты. Бұл ретте спорттың да алатын орны ерекше. Осыған байланысты Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының қолдауымен жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған біраз жобалар іске асып келеді. Атап айтар болсақ, жақында «Fitness park kz» жобасы іске қосылды. Аталған жоба аясында спорттың барлық түрі қамтылған. Бір жақсысы оған тегін қатысып, түрлі жаттығулармен айналысуға болады. Аталмыш жоба қазан айының соңына дейін жалғасады. Спорттық жобаны өткізуге — Металлург, Орталық, Жеңіс және дедросаябағы таңдалынып алынды. Жаттығуды білікті нұсқаушылар мен жаттықтырушылар жүргізеді. Жастарға қолайлы болу үшін барлық жағдай қарастырылған. Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялауына байланысты, мектеп оқушыларының бос уақытын тиімді пайдалану және салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында Шымкент қаласының төрт ауданында орналасқан спорт алаңшаларында әр аптаның жексенбі күндері «Аула чемпионаттары» ұйымдастырылуда. Аталған спорттық іс-шараға 5-17 жас аралығындағы балалар спорттың 6 түрінен сынға түсуде. Атап айтар болсақ, балалар асық ату, ләңгі тебу, баскетбол, футбол, қыздар арасында скакалкамен секіру, гимнастикалық шеңбер айналдырудан жарысады. «Аула чемпионатында» жеңімпаз болған балаларға диплом, медаль және кубоктар табысталады. Бүгінгі күнге дейін Абай, Әл-Фараби, Еңбекші, Қаратау аудандарында 24 спорт алаңшада «Аула чемпионаттары» өткізілді. Осы өткізілген спорттық іс-шараларға 1500 ден астам балалар қатысып, 120 ға жуық спорт саласының мамандары жұмылдырылды. «Аула чемпионатын» жыл соңына дейін 124 спорт алаңшаларда өткізу жоспарлануда.