Шымкентте Отбасы күніне орай салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған «FITNESS PARK KZ» жобасы аясында отбасылық спорттық жарыс басталады.
Ондағы негізгі мақсат- жастардың дене шынықтыру мен спортқа деген қызығушылығын ояту, достық сезімін тәрбиелеу, балалар мен олардың ата-аналарының денсаулығын нығайту, салауатты өмір салтын насихаттау.
Жарысты өткізуге Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар ісі басқармасының қолдауымен «Қуатты Ел» қоғамдық бірлестігі ұйытқы болып отыр.
Жарыс шарттары бойынша отбасында құрамы 4 адамнан (әкесі, анасы және 2 баласы) тұратын – 25 жастан жоғары 10 отбасылық командалар қатыса алады. Ал қатысушы балалардың жасы 9 — 17 жас аралығында болу керек. Сондай-ақ, қатысушылардың спорттық үлгідегі киімі болуы тиіс.
Отбасылық спорттық жарыс Шымкент қаласының Орталық мәдениет және демалыс саябағында 10 қыркүйекте өтеді. Жарысқа қатысқан жеңімпаздарға :
I орын — 100 000 теңге және жеңімпаз дипломы;
II орын — 70 000 теңге және жеңімпаз дипломы;
III орын — 50 000 теңге және жеңімпаз дипломы тағайындалған.
Жалпы жарысқа қатысқан командалар жүлдесіз қалмайды. Оларға ынталандыру сыйлықтары, алғыс хаттар және гүл шоқтары тапсырылады.



