М.Әйтенов жылу құбырларының дайындығын тексерді
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов жылу құбырларының дайындығын тексерді, деп хабарлайды saraptimes.kz. Адырбеков-Жібек жолы көшесінде ұзындығы 4 шақырымды құрайтын магистралдық жылу құбырын ауыстыру жұмыстары осы жылдың маусым айында басталған. Қазіргі уақытта жалпы жұмыстың 40 пайызға жуығы аяқталған болса, толығымен 2023 жылы бітпек. Нәтижесінде жылу құбырының тозу деңгейі төмендеп, 450-ден астам көп қабатты тұрғын үй сапалы және тұрақты жылумен қамтылатын болады. Шаһар басшысы Мұрат Әйтенов жұмыстардың мезгілінде және сапалы орындалуын тапсырды. Қазіргі таңда қаладағы 1987 көпқабатты тұрғын үйдің 91% дайындалған. Ал, 484 бюджеттік мекемелерден бүгінгі күнге дайындалғаны 480 нысан (99%), дайындық жұмыстары жалғасуда. Аталмыш мекемелер отын қорымен толық қамтамасыз етілген. Қала тұрғындарының көмірге қажеттілігі 66 мың тонна, бүгінгі күнге дейін қалаға 100,8 мың тонна көмір тасымалданған, қоймаларда 35 мың тонна көмір қоры бар. Инфрақұрылым жүйелерінің дайындығы 90 пайызды құрап отыр. Қала әкімі күрделі жөндеу жұмыстары бойынша аяқталмаған жұмыстарды тездетіп бітіруді, құбырларды жаңартуда орын алған кемшіліктерді реттеуді, аудан әкімдеріне көп қабатты тұрғын үйлердің дайындығын тексеріп қосымша баяндауды, маусымға дайындық жұмыстарын қыркүйектің соңына дейін аяқтауды тапсырды. Айта кетейік, 2022 жылдың жылу беру маусымынан кейін 838 шақырым жылу жүйелерін тексеру барысында 79 ақау анықталған. Қазір оның 21-і түзетіліп, қалған 58 жағдай тамыз айының соңына дейін толық қалпына келтіріледі. Жылу жүйелерінің тозу деңгейін төмендету үшін 18,0 шақырым жүйеге ағымдағы жөндеуге мердігер мекеме анықталуда. Жөндеу жұмыстары қыркүйектің соңына дейін аяқталады. Нәтижесінде жылу жүйелерінің тозу деңгейі 37%-дан 35%-ға төмендейді. Қаладағы 15 жылу қазандытың қазір 3-і қысқы маусымға дайын (К-19, ПМК-49, К-54), қалған 12 қазандық 15 қыркүйекке дейін толық дайын болады.