“Шымкент Сити” аймағынан халықаралық стандартқа сай конгресс-холдың құрылысы қарқынды жүргізілуде, деп хабарлайды saraptimes.kz. Былтыр қазығы қағылған ғимарат құрылысы заман талабына сай жүргізілуде. Жер көлемі 5,240 га, құрылыс ауданы – 16 166,65 м2. Жұмыс барысын арнайы барып көрген қала әкімі М.Әйтенов құрылыс басқармасы мен жауапты мердігер мекеме өкілдеріне басты назарды сапаға беру керектігін ескертті. Конгресс-холл болашақта жергілікті және Республикалық маңызы бар қоғамдық іс- шараларды, конференцияларды, фестивальдерді, концерттік қойылымдарды өткізуге арналған көпфункционалды орталық болмақ. Ғимарат 3 қабаттан, 5 блоктан тұрады. 2066 орынға лайықталған көрермен залы, 190 орындық конференц залы, 80 орындық салтанат залы, 40 орындық пресс кабинет, асхана және көлікке жер асты тұрағы қарастылырған. Айта кетейік, Шымкент қаласы республика бойынша тұрғын үй құрылысы өте қарқынды жүріп жатқан аймақтардың қатарына кіреді. 2020 жылы 649,1 шаршы метрге баспана салынған болса, өткен жылы бұл көрсеткіш 1 миллион шаршы метрге дейін жетті. Соның ішінде 140 мың шаршы метрі әлеуметтік үй. Шымкент қаласында жыл соңына дейін 173,3 мың шаршы метр құрайтын жалпы саны 2084 пәтердің құрылысы жүргізілу жоспарланған. Шымкентте техникалық тексеру нәтижелері бойынша тозығы жеткен 107 тұрғын үй анықталған. Аталған тұрғын үйлерді реновация бағдарламасына енгізу қарастырылуда. Қазіргі таңда реновациялық бағдарламаны инвесторлар арқылы азаматтық заңнамаға сәйкес жүзеге асыру жайы қолға алынуда. Тұрғын үй қорын реновациялау бағдарламасын қаржыландыру жергілікті бюджет және инвестициялар арқылы, оның ішінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетіктері арқылы жүзеге асыру көзделіп отыр. Еске салсақ, өткен жылы барлық қаржы көздерінің есебінен қалада 1 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.