Бүгін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Қайнарбұлақ шағын ауданына барып, жалпы жұмыстар барысымен танысты, деп хабарлайды saraptimes.kz. Қайнарбұлақ шағын ауданын инженерлік инфрақұрылыммен қамту жұмыстары қарқын алған, десек те бірқатары келесі жылға өтпелі. 60 750-ге жуық тұрғыны бар Қайнарбұлақта қазір 329,8 шақырымды құрайтын ауыз су құбырлары тартылуда. Әзірге 50 шақырымы біткен. Табиғи газбен қамту жұмыстары екі секторға бөліп жүргізілуде. Жаңақұрылыс тұрғын алабында ұзындығы 233,4 шақырым болатын газ жүйелері тартылуда. Саяжай алабында газ жүйелерінің ұзындығы 206,7 шақырым. Екі сектордағы құрылыс жұмыстарды келесі жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған. Сонымен қатар электр жүйесімен қамтудағы жұмыстар 2023 жылдың ІІІ-тоқсанында аяқталмақ. Жалпы электр жүйелерінің ұзындығы 68,6 шқ. құраса, осы кезге дейін жұмыстың 40%-ы орындалды. Шаһарда қазіргі таңда электрмен қамту деңгейі 97%-ды құрайды. Қаладағы 81 елді мекеннің 73-і сапалы электрмен қамтылған. Ал қалған 8 елді мекенде электр қуаты сапасыз. Өткен жылы қалада «Бозарық» 220 КВ мен«1-М-1» 110КВ электр тарату станциясы және 7 елді мекенде құрылыс аяқталып, пайдалануға берілген болатын. Ауыз су құбырлары жүйесін орнату жұмыстары 11%-ға орындалған. Нысан 2023 жылы аяқталмақ. Аталған елді мекендерді табиғи газбен қамту бойынша жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде. 2020 жылы Центральная көшесі, 2022 жылы Степная, Бөлешов, №125 мектеп көшелері жарықтандырылдыАл 2023 жылы Дружба, Фабричная, Металлург, Заводская, Құрасбеков, Шанин, Жаңақұрылыс көшелері жарықтандырылатын болады. Нысандарды тексеріп шыққан қала басшысы мердігерлер мен тиісті сала басшыларына жұмыстардың мерзімдік және сапалық міндеттемелерге мұқият болуды тапсырды. Айта кетейік, биылғы жылдан бастап Президент Жарлығына сәйкес әкімдердің халықпен кездесуі жаңа форматқа көшті. Осыған сәйкес қала әкімі тоқсан сайын тұрақты кездесулер өткізуде. Осы ретте Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов 2022 жылдың I жарты жылдығында тұрғын алаптар мен шағын аудандарды аралап, 84 кездесу өткізді.