Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров «Қазақтелеком» АҚ-ның басқарма төрағасы Бағдат Мусинді қабылдады. Кездесуде облыстағы ауылдарға интернет жүйелерін тарту, байланыс сапасын жақсарту және өзге де пилоттық жобалар талқыланды. Өңір басшысы Түркістанға арнайы келіп, инвестициялық жобаларды жүзеге асырғалы жатқан «Қазақтелеком» АҚ-ның басшысына алғысын айтып, қолдау көрсетілетінін жеткізді.
– Киелі Түркістан қаласына қош келдіңіздер. Мемлекет басшысы «Қазіргі цифрлық өркениет пен білім экономикасы кезінде адамның негізгі қажеттіліктерінің бірі – интернетке қол жетімділігі» деп айтқан болатын. Өңірімізде бұл бағытта бірқатар жұмыстар атқарылуда. Облыс аумағында 801 ауылдық елді мекен бар. Оның ішінде 740 елді мекен мобильді интернет желісімен қамтылған. Облыс аумағында 801 ауылдық елді мекеннің 429 ауылдық елді мекені оптика желісімен қамтылған. Қалған 372 ауылдық елді мекенде оптика жүргізілмеген. Осы елді мекендерді оптика желісімен қамту үшін қаржы қарастырып отырғаныңызға алғысымды білдіремін. Бұл – біздің өңірімізге салынып жатқан үлкен инвестиция. Нәтижесінде тұрғындарымыз сапалы интернетке қол жеткізу мүмкіндігіне ие болады. Ауылдық елді мекендерді сапалы байланыспен қамту үшін, біз, өз тарапымыздан, байланыс операторларын қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге ықпал жасаймыз, – деді Нұралхан Көшеров.
Бағдат Мусин Түркістан облысы айрықша назарда тұрғанын айтты. Халық саны мен елді мекендерінің көптігіне байланысты интернетпен қамту жұмысы күшейтілетінін жеткізді. Атап айтқанда 372 ауылдық елді мекеннің телекоммуникация жүйесі мен интернет сапасын жақсартуға «Қазақтелеком» АҚ 14, 7 млрд. теңге инвестиция салатынын айтты. Облыс әкімдігі тарапынан осы жобаларды сапалы әрі жылдам орындауға қолдау көрсетуді сұрап, ол ұсыныс шешімін тапты.
Кездесу соңында Нұралхан Көшеров пен Бағдат Мусин жоғарыда аталған бастаманы жүзеге асыру бойынша меморандумға қол қойды.
Айтып өту керек, Түркістан облысының шалғай ауылдарында орналасқан мектептері елімізде алғашқылардың қатарында Илон Масктың Starlink спутниктік интернетіне қосуды бастаған болатын. Соның нәтижесінде қазіргі таңда өңірдегі 911 мемлекеттік мектептің барлығы интернет желісімен қамтылған. Оның ішінде 581 мектепке талшықты-оптикалық байланыс желісі арқылы жылдамдығы 20-80 Мбит/с аралығындағы интернет желісі орнатылған. 33 мектеп жуырда оптикамен қамтылады. Бұдан бөлек, 330 мектеп шалғай және таулы аумақтарда орналасуына байланысты, техникалық мүмкіндігіне қарай жылдамдығы 512 Кб/с — 20 Мбит/с құрайтын төмен жылдамдықты интернет желісімен қамтылған. Осы білім ұяларының 200-ден астамы Илон Масктың Starlink спутниктік интернетіне қосылды. Бұл еліміздегі ең үлкен көрсеткіш. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылғы 5 қазанда өткен Республикалық педагогтер съезінде барлық орта білім беру мекемелерін сапалы әрі жоғары жылдамдықты интернет желісімен қамтуды тапсырған болатын. Президент тапсырмасының уақтылы орындалуы Түркістан облысы әкімдігінің үнемі бақылауында..
Мәселен, Қазығұрт ауданы, Еңбек елді мекеніндегі «Еңбек» жалпы орта білім беру мектебі бұған дейін интернеттің игілігін көруде көп қиналатын. Облыс әкімдігінің нәтижелі жұмысының арқасында білім ошағы биыл жоғары жылдамдықтағы ғаламтор желісіне қосылды. Ол үшін мектепке «Республикалық ғарыштық байланыс орталығы» АҚ арқылы SpaceX компаниясының Starlink спутниктік интернет желісі елімізде алғашқылардың бірі болып орнатылды.
Елімізде алғашқылардың бірі болып Түркістан облысының білім ұяларында Starlink спутниктік интернет желісі орнатыла бастады. Түркістан облысы әкімдігі, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі және ҚР Оқу-ағарту министрлігімен бірлесе отырып, облыс аумағындағы радиокөпір технологиясы арқылы және төмен жылдамдықты интернет желісімен қамтылған шекара маңында және шалғай, таулы аймақтарда орналасқан 330 орта білім беру ұйымын «Республикалық ғарыштық байланыс орталығы» АҚ арқылы SpaceX компаниясының Starlink спутниктік интернет желісімен қамту жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда облыс аумағында 203 мектепте Starlink спутниктік интернет желісінің құрылғылары орнатылған. Қалған мектептерде интернет желісінің құрылғыларын орнатуды биыл аяқтау жоспарлануда- дейді өңір билігі.
Ал Төлеби ауданы, Киелітас ауылдық округі, Сұлтанрабат елді мекеніндегі «Жыланбұзған» жалпы орта білім беру мектебіде биыл жылдамдығы жоғары интернет желісімен қамтылды. Аталған мектеп бұған дейін радиокөпір технологиясымен 20 Мбит/с дейінгі интернет желісімен қамтылған еді. Бүгінде мұнда «Республикалық ғарыштық байланыс орталығы» АҚ арқылы SpaceX компаниясының Starlink спутниктік интернеті орнатылды. Енді мектеп ұжымы мен оқушылар интернет желісін кедергісіз қолдануға мүмкіндік алды. Ауыл тұрғындары мен мектеп оқушылары ел Президенті мен облыс басшылығына алғыстарын білдірді.
Бұл бастама Түркістан облысының әрбір оқушысы үшін тең мүмкіндіктер жасау арқылы, білім беру процесін цифрландыру және цифрлық теңсіздікті жою бағытындағы маңызды қадам болмақ. Жұмыстар жалғасын табады.
Saraptimes.kz




