Қазақстанда қаржылық пирамидалардың құрбанына айналған азаматтардың саны жыл өткен сайын артып келеді. Жеңіл табысқа деген құмарлық, тез баю иллюзиясы мен сенгіштік – адамдарды әлі де алдап соғуға мүмкіндік беріп отыр. Көп жағдайда мұндай алаяқтық ұйымдар өздерін “инвестициялық компания”, “бизнес-клуб” немесе “онлайн-мектеп” деп таныстырады. Бірақ шын мәнінде, олардың мақсаты – қарапайым азаматтардың ақшасын иемдену. Жуырда Шымкент қаласында дәл осындай қаржы пирамидасының қызметі тоқтатылды. “Қазмұнайгаз Инвест” деп аталған ұйым халықты “жоғары табысты инвестициялық жоба” деп сендіріп, ақшасын жинаған. Тергеу дерегінше, 200-ге жуық адам алданған, ал келтірілген жалпы шығын көлемі 1 миллиард теңгеден асқан.
Ескі әдіс – жаңа атау.
Қаржы пирамидаларының әрекет ету тәсілі өзгермеген:
ақша сал, достарыңды шақыр, ал табысың еселеніп отырады. Бірақ нәтиже бәріне таныс – уәде етілген пайда жоқ, есепшот бос, ал “жобаның” кеңсесі әлдеқашан жабылған. Осындай жағдайды бастан кешкендердің бірі – Наталья Захарова, халықаралық Qnet компаниясының бұрынғы қатысушысы.
«Мені бұл компанияға өте жақсы таныстарым шақырды. Төрт күннен кейін олардың алаяқ екенін түсіндім. Ақшамды қайтармақ болдым, бірақ ешкім қайтармады. Кейін басқа алданғандармен бірігіп Stop_piramida_kz ұйымына жүгіндік. Олар кеңес беріп, Экономикалық тергеу департаментіне бағыттады. Қазір ақшамызды қайтару процесі жүріп жатыр», — дейді ол. Захарова секілді жүздеген қазақстандық әлі де өз қаржысын қайтара алмай жүр. Көпшілігі достарына сеніп, еш құжатсыз ақша аударған, ал кейбірі өз таныстарын да ертіп барған.
Кімдер алаяқтарға жиі алданады?
Шымкент қаласы прокурорының аға көмекшісі Сырым Жомартовтың айтуынша, қаржы пирамидаларының басты нысанасы – 25 пен 40 жас аралығындағы әйелдер.
«Қаржылық пирамидалардың ең көп құрбандары — декреттік демалыстағы немесе тұрақты табысы жоқ әйелдер. Олар үйде отырып ақша табудың оңай жолы бар деп сеніп, өздері мен отбасы қаржысын қатерге тігеді», — дейді прокурордың көмекшісі.
Бірақ соңғы жылдары жағдай өзгерген: бүгінде құрбандардың қатарында студенттер, жұмыссыз жастар, тіпті жоғары білімді кәсіпкерлер де бар.
Алаяқтардың айласы — эмоция мен иллюзия
Stop_piramidy_kz қозғалысының жетекшісі Дамир Куленов қаржы пирамидаларының заманға сай жетіліп, психологиялық әсер ету құралдарын тиімді қолданатынын айтады.
«Кез келген адам, кез келген сәтте осы алаяқтардың құрбаны болуы мүмкін. Сондықтан ең бастысы – сыни ойлауды қосу. Не ұсынса да, бәріне күмәнмен қарап, тексеру қажет. Алаяқтар қымбат көліктер мен сәнді өмірді көрсетіп, “міне, осылай байыдым” деп сендіреді. Бұл — адамның психологиясына әсер етудің ең тиімді тәсілі», — дейді Куленов.
Оның айтуынша, қазір алаяқтар әлеуметтік желілерде белсенді жұмыс істейді. Тікелей эфирлер, жалған “пікірлер”, “сәттілік тарихтары”, тіпті танымал адамдардың атын пайдалану – бәрі сенім ұялатудың әдісі.
«Адамдар ақпараттың шынайылығына көз жеткізбей, эмоциямен шешім қабылдайды. Сол сәтті пайдаланып, алаяқтар ақшаны жинап үлгереді. Кейін компания жабылады, ал адамдар ізін де таба алмайды», — дейді ол.
Халық пікірі: «Бәрі өзімізден»
Шымкент тұрғыны Аяулым Леспаева қаржылық алаяқтықтың ең басты себебі — азаматтардың өз салғырттығында деп есептейді.
«Шынымды айтсам, бізде көп адам алаяқтарға өздері барып соғылады. Неге десеңіз, бәрі оңай, тез пайда табуға әуес. “10 минутта ақша табасың”, “сыйлық ұтып алдың” десе — еш ойланбастан сілтемеге өтеді.
Көпшілігіміздің қаржылық сауатымыз төмен. Банктің несиесі, онлайн төлемді дұрыс түсінбейміз, карта нөмірін сұраса — ойланбай бере саламыз. Тағы бір үлкен мәселе — интернеттегі сақтықтың жоқтығы. Кім фейк, кім шын парақша екенін ажырата алмаймыз. Қысқасы, бәрі өзімізден. Егер мұқият болып, бәрін тексеріп жүрсек, ешкім бізді алдай алмайды деп ойлаймын», — дейді қала тұрғыны.
Аяулымның бұл пікірі қоғамдағы ең өзекті проблеманы көрсетеді:
қаржылық сауаттылық пен цифрлық қауіпсіздіктің төмендігі — алаяқтардың ең үлкен қаруы.
Ресми статистика: алаяқтарға қарсы күрес
2025 жылдың басынан бері Қаржы мониторингі агенттігі төмендегідей нәтижелерге қол жеткізді:
• 7 000-нан астам сайт бұғатталды;
• 43 чат пен Telegram-арна жабылды;
• 36 қаржы пирамидасының қызметі тоқтатылды;
• 12,5 млрд теңге көлеміндегі залалдың тек аз бөлігі ғана өтелді.
Сарапшылардың айтуынша, қаржы пирамидалары көбіне әлеуметтік желілер арқылы тарайды. Олар тартымды жарнама жасап, “инвестиция”, “пассивті табыс”, “қысқа мерзімде байлық” деген уәделермен жұртты сендіреді.
Қорытынды
Қаржылық пирамидалар қоғамның барлық деңгейіне әсер етуде.
Олар тек ақшаны емес, адамдардың сенімін, уақытын және болашаққа деген үмітін ұрлайды.
Қаржы мамандарының айтуынша, ең тиімді қорғаныс – қаржылық сауаттылық пен ақпаратты тексеру дағдысы.
«Егер табыс тым жақсы болып көрінсе – демек, ол шындыққа жанаспайды. Ешкім оңай жолмен байымайды. Бүгінгі жалған уәделер — ертеңгі өкініш», — дейді сарапшылар.
Редакция ескертпесі:
Қаржы пирамидасының құрбаны болсаңыз немесе күмәнді ұйым туралы білсеңіз,
Stop_piramidy_kz қозғалысына немесе Қаржы мониторингі агенттігіне хабарласыңыз.
Мұндай жағдайларды дер кезінде хабарлау — өзіңізді ғана емес, өзгелерді де қорғаудың ең тиімді жолы.
Материалды әзірлеген: Диана Біржанова
Фото: ашық дереккөздерден
Айдар: Қоғам | Экономикалық қауіпсіздік | Алаяқтықтың алдын алу
#қаржыпирамидасы #алаяқтық #Шымкент #StopPiramidyKz #қаржылықсауаттылық #экономикалыққауіпсіздік



