Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «2025 жылдың соңына дейін барлық елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету» тапсырмасы аясында Түркістан облысына қарасты аудан, қалаларда ауыз сумен қамту шаралары жүргізілуде. Осы тұста Келес ауданында нақты істер жүзеге асып жатыр.
Қазіргі таңда аудандағы 83 елді мекеннің 64-і орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылған. Яғни жалпы халықтың 77 пайыздан астамы таза ауыз сумен қамтылды. Ал қалған 19 елді мекенің 15 елді мекенінде құрылыс жұмыстары қызу жүріп жатыр. 4 елді мекен эканомикалық тиімсіз болып табылады. Бүгінде жалпы құны 10,4 млрд теңгені құрайтын 12 ауылда су жүйелерін тарту жұмыстары жүргізілуде.
— Бұл ауылдардың қатарында Ғ.Мұратбаев, Қаратөбе, Кеңдала, Көгерту, Ақжар, Қосөткел және тағы басқа елді мекендер бар. Құрылыстың сапасына ерекше назар аударып отырмыз, — деді Мақсат Тұрдиев.
Қазіргі уақытта Кеңдала, Ақжар, Көгерту және Оңтүстік ауылдарында құрылыс аяқталып, жүйелерді тазалау және сынақтан өткізу жұмыстары жүріп жатыр. Ал Ғ.Мұратбаев, Қаратөбе, Ескіқорған және Құйған елді мекендерінде абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.
Жалпы, аудан бойынша 278 шақырым жаңа су құбыры тартылып, 2,6 шақырым тереңдікте ұңғымалар қазылған. Бұл – мыңдаған тұрғынның таза ауыз суға қол жеткізуіне жол ашқан үлкен нәтиже.
Дегенмен, кейбір ауылдарда жер асты суларының төмендеуі мен ұңғымаларда құмның көбеюі сияқты қиындықтар бар. Осыны ескере отырып, 2025–2027 жылдарға арналған арнайы іс-шаралар жоспары қабылданған. Бұл жоспар аясында жаңа ұңғымалар қазу, ескі ұңғымаларды жөндеу, су жүйелерін жаңғырту және автоматтандыру, сондай-ақ тұрғындарға суды үнемдеу мен дұрыс пайдалану жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізу көзделген.
Ал, облыстағы жалпы жағдайды баяндайтын болсақ, Түркістан облысына қарасты қалалар 100% ауыз сумен қамтылса, ауылдық елді мекендердің қамтылу деңгейі 98,1%-ды құрап отыр.
2025 жылға тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету үшін жалпы 66 нысанның құрылысына бюджеттен тиісті қаржы бөлінді. Соның ішінде, осы жылы 38 нысанды аяқтап, пайдалануға беру жоспарланған. Қалған 28 нысанның құрылысы 2026 жылы аяқталады.
Бірінші кезекте индикаторға енгізілген жобаларды аяқтау көзделіп отыр. Индикаторға облыс бойынша 30,8 мың халқы бар 30 елді мекен енгізілген. Қалған шалғайда орналасқан 8 елді мекен қолданыстағы су көздерімен (ұңғымалар, құдықтар) қамтылған. Қазіргі таңда 8 елді мекенде, яғни Сарыағаш ауданындағы 2 елді мекенге, Келестегі 4 елді мекенге және Шардара ауданындағы 2 елді мекенге кешенді блок модульдерін (КБМ) орнату көзделуде.
Облыс көлемінде су құбырымен қамтылған 756 елді мекен бар. Соның ішінде, 165 елді мекен – жерүсті суларымен, 591 елді мекен жерасты су көзімен қамтылған.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы тарапынан елді мекендерге толық мониторинг жұмыстары жүргізілді. Талдау көрсеткендей, су құбыры бар 756 елді мекеннің 548 елді мекені тәулік бойы ауыз сумен қамтылған. Бұдан бөлек, 192 елді мекенге ауыз су кестемен берілсе, 16 елді мекенде су жүйесі уақытша өшіріліп отырады. Оның ішінде, 192 елді мекеннің 83 елді мекеніне ауыз су тек жаз айларында кестемен берілсе, 109 елді мекенге жыл бойы кестемен берілуде. Сондай-ақ, ауыз су кестемен берілетін 192 елді мекеннің 170 елді мекенінде су көлемінің азаюы немесе тазалау қондырғыларының қуатының жеткіліксіздігі анықталды. Қалған 22 елді мекенде су жүйелерінің тозығы жеткен. Қазіргі таңда мәселені шешу үшін тиісті жұмыстар атқарылуда. Биыл 33 елді мекенді үздіксіз ауыз сумен қамту мақсатында бюджеттен 12,7 млрд.теңге бөлінген. 2026 жылы 101 елді мекенді, 2027-2028 жылдары 58 елді мекенді толық ауыз сумен қамту көзделуде.
Ауыз су нысандарының құрылыс жұмыстарының барысы тұрақты штаб отырысында қаралып, облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тұрақты бақылауына алынған.
saraptimes.kz



